Алматыда өткен кездеуге ЭКО арқылы туған балалар келді. . Олардың ең үлкеніне – 30 жас, ең кішісіне – 11 жас. Қазақстандағы тұңғыш ЭКО баласы Алеся Ли бұл жиынға Лондоннан арнайы келді. ЭКО арқылы 50 мың бала дүниеге келген.Бірақ залдан шыққан соң да бір сұрақ қойылып жатыр: «Олар дені сау ма? Ертең өздері ұрпақ сүйе ала ма?»

Осы сұраққа жауап іздеп, біз 30 жылдық тарихты, соңғы ғылыми зерттеулерді және Алесяның өз тағдырын қарап шықтық
Иә, ЭКО арқылы туған балалардың денсаулығы әдетте табиғи жолмен туған балалармен бірдей, және олар болашақта өз бетінше ұрпақ сүйе алады.Дүниежүзілік зерттеулер мен Қазақстанның 30 жылдық тәжірибесі бұл технологияның қауіпсіздігін толық дәлелдеп отыр.
Алғашқы қыз қайда жүр?
Ол – Алеся Ли. Ата-анасы оны 6,5 жыл күткен. 1996 жылы дүниеге келген.Алеся бірнеше жыл бұрын тұрмысқа шығып, ешқандай медициналық көмексіз, табиғи жолмен дені сау сәби босанды.Бұл – «жасанды жолмен туғандар бедеу болады» деген мифтің қате екендігінің нақты дәлелі.
Бүгін Қазақстанда ЭКО арқылы 45-50 мыңға жуық бала дүниеге келген.Тек «Экомед» холдингінің өзі жыл сайын шамамен 3 000 баланы дүниеге әкеледі. Еуропада әр 100 баланың 3-уі ЭКО арқылы туса, Қазақстанда бұл көрсеткіш әзірге 0,3%. Бірақ сан жыл сайын өсіп барады.
«Аңсаған сәби» – үміт сыйлаған бағдарлама
2021 жылы Президенттің тапсырмасымен «Аңсаған сәби» бағдарламасы басталды. Оған дейін квота – жылына 100 ғана еді.Қазір жылына 7 000 квота бөлінеді.
3 жылда не болды?
21 мың әйел ЭКО қызметін алды8 мыңнан астам әйел жүкті болды5 мың отбасында 6 мыңнан астам бала дүниеге келдіТек Алматының өзінде соңғы 5 жылда 13 000 бала ЭКО арқылы туған. Оның 5 000-ы – тегін, МӘМС арқылы.
Кезекте кім тұр?
Бедеулік – бұл жеке адамның емес, мемлекеттің мәселесі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өлшемі бойынша, егер әр 100 жұптың 15-і бала сүйе алмаса – бұл мемлекеттік проблема.Қазақстанда дәл сол көрсеткіш – 15%. Яғни әр 7-ші жұптың бірі – бала күтіп жүр.Бүгін бедеулік бойынша есепте 14 мыңнан астам әйел тұр.Павлодар облысының өзінде кезекте 600-ге жуық жұп тұр. Биыл өңірге 250 квота бөлінген, 110 жұп пайдаланып үлгерген.Батыс Қазақстанда күту мерзімі – орташа 6 ай. Бірақ кей өңірде 1 жылға созылады.
Тегін ЭКО-ны қалай алуға болады?
Тұрғылықты жері бойынша емханаға бару. Бедеулік диагнозын растау, 12 ай есепте тұру. МӘМС болуы керек. Комиссия арқылы жолдама алуӘйелдер көбіне 30-35 жас аралығында келеді. Бірақ соңғы 2 жылда 35-44 жас аралығындағы әйелдер көбейген.Нәтижелілік – 32-40%. Яғни әр 3 әрекеттің бірі – сәтті.
1. Денсаулық жағдайы қандай?Физикалық және интеллектуалдық даму: Ауқымды зерттеулер ЭКО балаларының бойы, салмағы, ойлау қабілеті мен психологиялық дамуы жағынан қатарластарынан еш айырмашылығы жоқ екенін көрсетті.
2. Генетикалық аурулар қаупі: Заманауи репродуктологияда ЭКО кезінде ұрықты жатырға енгізбес бұрын ПГД – преимплантациялық генетикалық диагностика жасалады. Бұл әдіс болашақ сәбидің генетикалық патологияларын, мысалы, Даун синдромын алдын ала тексеруге мүмкіндік береді. Демек, дені сау баланың туу мүмкіндігін арттырады.
3. Кішігірім ерекшеліктер: ЭКО жүктілігі көбіне егіздердің тууына және мерзімінен бұрын босануға әкелуі мүмкін. Сол себепті кейбір сәбилер алғашқы айларда дәрігерлердің мұқият бақылауын қажет етеді. Бірақ өсе келе олардың денсаулығы қалыпқа келеді.Соңғы зерттеулерде бір ескерту бар: 2026 жылы қытай ғалымдары ЭКО балаларында ересек жаста жүрек, қант диабеті, семіздікке бейімділік сәл жоғары болуы мүмкін деген дерек жариялады. Бұл – «ауру болады» деген емес, «тәуекел сәл жоғары» деген сөз. Ғалымдардың өзі «әлі дәлелдеу керек» дейді.
4. Болашақта ұрпақ сүйе ала ма?Табиғи жолмен ата-ана атану: ЭКО-мен туған алғашқы буын қазір ересек жасқа жетті. Әлемдегі ең алғашқы ЭКО сәбиі Луиза Браун (1978 жылы туған) екі баласын да табиғи жолмен дүниеге әкелді.
5. Қазақстандық тәжірибе: Жоғарыда айтқандай, 1996 жылы туған тұңғыш қыз Алеся Ли – өзі табиғи жолмен ана атанды.
6. Тұқым қуалау факторы:
7. Егер ЭКО-мен туған баланың болашақта репродуктивті мәселелері туындаса, бұл ЭКО процедурасынан емес, оның ата-анасынан берілген генетикалық бедеулік себептерінен болуы мүмкін. Мысалы, әкесіндегі сперматозоидтардың тым әлсіз болуы – ұлға берілуі мүмкін. Бірақ бұл – ЭКО-ның кінәсі емес, әкенің генетикасының кінәсі. Табиғи жолмен туса да, солай болар еді.
8. Түйін. ЭКО арқылы туған балалар – «құтыдан шыққан жасанды адамдар» емес. Олар тек ұрықтану кезеңін зертханада, арнайы медициналық ортада өткізген, қалған 9 ай бойы ана құрсағында қалыпты дамыған кәдімгі балалар.Олар да өседі, махаббат құрады және өз ұрпақтарын сүйе алады.30 жыл бұрын бір отбасы 6,5 жыл күтіп, бір қызды дүниеге әкелді. Бүгін сол ғылымның арқасында 50 мың отбасы «әке», «ана» деген сөзді естіді.ЭКО бала – «басқа бала» емес. Ол – «көп күткен бала».