Қазақстанда соңғы жылдары «таза көмір» туралы жиі айтыла бастады. Өткен желтоқсанда премьер-министр Олжас Бектенов те осы мәселені көтерді. Оның айтуынша, көмір генерациясын ескі күйінде қалдыруға болмайды, оны заманауи шешімдерге көшіру керек.

Бұл сөздің астарында үлкен шындық жатыр. Өйткені бүгінде еліміздегі электр энергиясының 62,1 пайызы көмірден өндіріледі. Көмір – біздің энергетикамыздың сүйегі. Одан бір күнде бас тарту мүмкін емес. Оның үстіне, Қазақстанның көмір қоры 300 жылға жетеді. Бұл – үш ғасырға татитын байлық. Ата-бабадан қалған мұра әлі жер астында жатыр.Осыны ескерсек, көмірді тастап, шетелден газ бен технология сатып алу бізге тиімсіз екені анық көрінеді. Өйткені өзімізде бар дүниені тастап, өзімізде жоқ дүниені сатып алу – ұтылғанның ісі.
Еуропа неге «көмірден бас тартыңдар» дейді?
Себебі Еуропада көмір қалмаған. Олар өз қорын тауысып болған. Сондықтан олар үшін бас тарту – оңай. Ал біз үшін – керісінше. Бізде көмір бар, демек біз оны тастасақ – ұтыламыз. Осыдан-ақ бұл әңгіменің артында таза экология ғана емес, үлкен саясат пен нарық үшін күрес тұрғаны байқалады.Дегенмен, ескіше жұмыс істей беруге де болмайды. Өйткені экология министрі Ерлан Нысанбаев өткен жылы алаңдатарлық дерек айтты. Еліміздегі зиянды шығарындының 39 пайызы энергетика кәсіпорындарынан шығады екен. Бұл – біздің бүгінгі ахуалымыз. Сондықтан көмірді тастау емес, көмірді таза жағу – алдымызда тұрған басты міндет.Ал «таза көмірмен» жұмыс істейтін станция бізде әлі жоқ.
Әзірге тек жоспар бар
Көкшетау, Семей, Өскеменде жаңа ЖЭО салу көзделіп отыр. Оған қоса, Екібастұз ГРЭС-3 пен Курчатовтағы ЖЭС-тің құрылысы жоспарланған.Сонда «таза көмір» дегеннің өзі не? Бұл сауалға энергетик Жақып Хайрушев жауап берді.Оның айтуынша, «таза көмір» деген – жуып-тазалаған көмір емес. Ол – көмірді жағудың жаңа тәсілі. Бұрын біз қазанға көмірді сала салып, түтінін аспанға жібере салдық. Ал қазіргі технологияда бәрі басқаша. Бу қатты қыздырылады, қазан жаңартылады, түтін сүзгіден өткізіледі. Күкірті мен азоты ұсталады. Ең соңында көмірқышқыл газын да ұстап қалуға болады. Мамандар осы кешенді CCS және CCUS деп атайды.Бұдан не пайда бар? Пайдасы – көп. Ескі блок көмірдің 30-35 пайызын ғана жарыққа айналдырады, қалғаны желге кетеді. Ал жаңа блок 42-47 пайызын алады. Қытайлықтар қазір 50 пайызға жетіп отыр. 2026 жылы олар ПӘК-і 50 пайыздан асатын блокты іске қосқалы отыр.Дегенмен ЖЭО-ны тек жарықпен өлшеуге болмайды. Себебі ЖЭО үйге жылу да береді. Жылуды қосқанда отынның 65-85 пайызы пайдаға жарайды.Түтін жағынан пайда тіпті анық көрінеді. Жаңа сүзгі күкірттің 95 пайыздан астамын ұстап қалады. Азот оксиді 70-90 пайызға азаяды. Шаң-тозаңның 99 пайызы сүзгіде қалады.Бұған Жапониядағы Isogo станциясы айқын мысал бола алады. Оны жаңартқаннан кейін азот оксиді 92 пайызға, күкірт 83 пайызға, шаң 90 пайызға азайған.Ал көмірқышқыл газы – басқа әңгіме. Жаңа блокқа көшкеннің өзінде ол 15-30 пайызға ғана азаяды. Одан толық құтылу үшін газды арнайы ұстап, жер астына көму керек. Сонда ғана 90 пайызға азаяды.Сондықтан «таза көмір деген – түтін мүлде жоқ» деу – қате түсінік. Дұрысы – түтін азаяды, көмір аз жағылады, зиян азаяды.Ал бағасы ше? Ескі станцияны жөндеу, әрине, арзан. Өйткені ол – өтелген дүние. Жаңасын салу – қымбат. Бірақ жаңаның ішінде салыстырсақ, заманауи блок еселеп қымбат емес. Қымбаттайтыны – жақсы болат, сүзгі және тазарту жүйесі.Ең қымбаты – ескіні тықпалап жаңарту. Жаңа жүйені ескі ғимаратқа сыйғызу – қиын жұмыс. Мысалы, күкірттен тазарту жүйесін ескіге орнату жаңаға орнатудан 30 пайызға қымбатқа түседі.Ал көмірқышқыл газын ұстауды қоссақ, бұл енді жөндеу емес, бөлек зауыт салумен тең. Оны ұстау керек, сығу керек, тасу керек, көметін жер табу керек.
Ескі ЖЭО-ны түгел «таза» қылуға бола ма?
Түгел – жоқ, бір бөлігін – болады. Сүзгі қоюға, тазарту жүйесін орнатуға, жаққышты, диірменді, турбинаны жаңартуға болады. Бұл – жақсы қадам.Бірақ 1960-80 жылдардың қазанын қазіргі заманауи қазанға айналдыра алмайсың. Өйткені онда қысым басқа, ыстық басқа, темір басқа.Бір жол бар – түбегейлі қайта құру. Бұл кезде алаңы, желісі, ғимараты орнында қалады, ал қазаны мен турбинасы ауысады. Мамандар оны repowering деп атайды. Бірақ оның бағасы жаңа станцияның бағасымен бірдей.Сондықтан Хайрушев ЖЭО-ларды үш топқа бөлуді ұсынады. Жаңасырағын – жаңартайық. Ескісіне – сүзгі қойып, ғұмырын ұзартайық. Мүлде тозғанына – ақша шашпайық, оның орнына жаңасын салайық.