Тимур Турловтың Turlov Private Holding компаниясы «Зерновой консорциум Казахстана»-ның 51 пайызын 300 млн долларға сатып алу туралы ниет туралы келісімге қол қойды.

Бұл — жай ғана жер сатып алу емес. Бұл — 909,9 мың гектар жер банкі, 350 мың гектар егіс, 22 шаруашылық және 6 элеватордан тұратын толық тізбекті сатып алу.Ескі қағида «агроға кірме» дейтін. Турлов сол қағиданы бұзып отыр. Бірақ ол жерге емес, тізбекке, технологияға және болашақ IPO-ға тігіп отыр.
Мәміле қалай жасалды?
Келісім 2026 жылдың 5 қарашасында жасалды. Сатушы — Бақтияр Оспанов. Екінші иесі болып 49 пайыз үлеспен «Бәйтерек» холдингінің Qazaqstan Investment Corporation-ның Kokzhiyek Fund LP қоры қалады. Төлем — ақшалай емес, Freedom Holding акциясымен. Оспанов 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін кемінде 270 млн доллар, қалған 30 млн долларды 2027 жылдың 31 наурызына дейін алуы тиіс. Егер акция арзандап кетсе, айырмасын Турлов ақшалай өтейді. Яғни тәуекелді сатушы емес, сатып алушы көтеріп отыр. Әзірге бұл — міндетті емес ниет туралы келісім. Due diligence аяқталып, Бәсекені қорғау агенттігі рұқсат берсе, түпкілікті шарт 2027 жылдың бірінші жартысында жасалуы мүмкін.
Неге бұрын ешкім кірмеді?
Себебі агро ескі олигархтарға «баяу ақша» болып көрінді.Мұнай, банк, құрылыста ақша 2-3 жылда қайтады. Агроға 7-10 жыл керек. Бір құрғақшылық — бір жылдық пайданы жоқ қылады. Сала субсидияға тәуелді, логистика қымбат, кадр аз.Сондықтан агроға бұрын кіргендер — не агроның ішінен шыққандар, не мемлекет болды.
Алмаз Әлсеновтің Harvest Group-ы — 300 мың гектарды суармалы жерге айналдыруға 500 млн доллар саламын деп, жүйелі түрде кірген жалғыз мысал. Бақтияр Оспановтың өзі консорциумды нөлден құрды. Иван Георгиади сүт кластерімен терең өңдеуге кетті. Ал «Бәйтерек» — бұл бизнес емес, мемлекеттік қолдау. Сырттан келген ірі қаржылық ойыншы агроға басын тігіп кірген емес.
Турлов — бірінші. Турлов неге басқаша ойлайды?
Үш себеп бар.
1. Ол жер емес, тізбек сатып алды.
Өсір — сақта — сат. Элеваторсыз егіс — жарты бизнес. Элеватормен — толық бизнес.
2. Ол финтехпен қосады.
Турловтың өзі: «Аграрлық салаға заманауи технология, цифрландыру, финтех-шешімдерді енгізуге қабілетті инвестор керек». Яғни фермерге несие, сақтандыру, сату — бәрін бір экожүйеде беру.
3. Ол шығу стратегиясын алдын ала ойлап қойды.
3-5 жылда жергілікті нарықта IPO. Бұл — «сатып алып, ұстап отырамын» емес, «өсіріп, нарыққа шығарамын» деген жоспар.Бір жыл бұрын Турлов «агробизнесті өзім басқарамын деп ойламаймын» деген еді.
Енді пікірін өзгертті
Бұл — стратегия өзгерді деген сөз. Оның жеке портфелінде бұған дейін де реал сектор бар: Қарағанды әуежайы, теміржол логистикасы, жүк авиакомпаниясы, Семейдегі цемент зауыты, алтын фабрикасы. Агро — сол тізбектің жалғасы.
Бастама жалғасын таба ма?
Иә, егер үш шарт орындалса ғана мүмкін.
- Бірінші — мәміле жабылуы керек. Due diligence және реттеуші рұқсаты.
- Екінші — өңдеуге кіру керек. Тек бидай сатумен 300 млн доллар қайтарылмайды. Жасымық, күнбағыс, май, терең өңдеу керек.
- Үшінші — Freedom акциясы құламауы керек. Өйткені есеп айырысу сол акциямен.
Турлов қағиданы толық бұза алмайды. Бірақ қағиданы өзгертеді. Бұрын «агроға кірме» десе, енді «агроға тек технология, қаржы және логистикамен кір» деген жаңа ереже пайда болады. Ол жол салды. Енді соңынан басқалар жүре ме — оны 2027 жылдың көктемі көрсетеді.