Бұл жолы — мұнайдан емес, жасанды интеллекттен келді.

Higgsfield AI стартапының негізін қалаушы Алекс Машрабовқа Қазақстан азаматтығы берілді. Паспортты оған Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев табыс етті. Министрдің өзі: «Қазақстанда бір миллиардер көбейді», — деп ашық айтты.
Машрабов — ресейлік текті америкалық кәсіпкер
Ол «Яндекс»-те жұмыс істеген, кейін AI Factory стартапын құрған, Snapchat-та генеративті жасанды интеллект бөлімін басқарған. 2023 жылы қазақстандық әзірлеуші Ерзат Дулатпен бірге Higgsfield AI-ды құрды. Бұл — жасанды интеллектпен видео жасайтын стартап.
Higgsfield AI Қазақстанның тұңғыш «единорогы» атанды
Соңғы раундта компания 400 млн доллар тартты, нарықтық бағасы 5,4 млрд долларға жетті. Яғни Машрабов — мұнай мен металдан емес, идеядан байыған жаңа типті миллиардер.
Әлемде мұндайларға азаматтық қалай беріледі?
Халықаралық құқықта «мынадай адамға міндетті түрде азаматтық бер» деген бір ереже жоқ.Азаматтық — әр мемлекеттің өзінің егемен құқығы. БҰҰ-ның Азаматтықсыздықты азайту туралы конвенциясы тек бір нәрсені талап етеді: адамды азаматтықсыз қалдырмау. Қалғанын әр ел өзі шешеді.
Сондықтан миллиардерлер, ғалымдар, спортшылар, IT-магнаттар үшін әлемде негізінен үш жол бар.
Бірінші — кәдімгі натурализация. Көшіп барып, тұрып алу. Талабы: 5-10 жыл заңды тұру, тілді, тарихты білу, тұрақты табыс, сотталмаған болу. АҚШ-та — грин-картадан кейін 5 жыл, Канадада — 5 жыл, Германияда — 5 жыл. Бұл жол Машрабовқа қатысы жоқ — ол Қазақстанда тұрмаған.
Екінші — инвестицияға азаматтық. Заңмен бекітілген бағдарлама. Ақша салдың — тексерістен өттің — паспорт алдың. Тұру міндетті емес. Доминика, Сент-Китс, Гренадада — 200-250 мың доллар жарна. Түркияда — 400 мың долларға жылжымайтын мүлік. Бірақ Еуроодақ мұндай жолды жауып жатыр. Мальтаның «ақшаға паспорт» бағдарламасын ЕО Соты заңсыз деп таныды. Енді ЕО-да тікелей «инвестицияға азаматтық» жоқ.
Үшінші — ерекше еңбегі үшін азаматтық. Машрабовтың жолы — осы. Бұл — ең сирек, ең жабық жол. Мұнда сома да, мерзім де заңда жазылмайды. Шешімді президент немесе министр қабылдайды. Талап — біреу ғана: «елге ерекше пайдаң бар» деп дәлелдеу.
- Австрия — Республикаға ерекше үлес қосқандарға.
- Франция — Францияға ерекше қызмет еткендерге.
- Эстония — жылына 10 адамнан артық емес, ғылым, мәдениет, спорттағы ерекше еңбегі үшін.
- Түркия — 5901-заңның 12-бабы бойынша, ғылым, технология, экономика, спортта ерекше қызмет еткендерге
Біздің «Азаматтық туралы» заңда Президенттің ерекше жағдайда, ерекше еңбегі үшін азаматтық беру құқығы бар. Тұру мерзімі, тіл емтиханы, қандастарға қойылатын кезек — бұл жолға жүрмейді. Машрабовтың азаматтығы да 30 қазандағы Президент Жарлығымен, осы негізде берілді.
Айырмашылығы мынада
Австрияда, Францияда, Мальтада бұл жол — ашық ереже + қоғамдық бақылау + міндетті түрде нақты уәде: қанша инвестиция, қанша жұмыс орны, қандай жоба. Бізде — тек Жарлық пен министрдің «+1 миллиардер» деген жазбасы. Уәдесі, сомасы, мерзімі — ашық айтылмады.
Ал халықаралық тәжірибеде ең басты қағида — азаматтық пен салық резиденттігі екі бөлек нәрсе. Паспорт алды деген — салық төлейді деген емес. Бұл — барлық елде солай. Ол бізге не ұсынып жатыр? Бірақ біз белгілі жаңалықты қайталаумен шектеліп қалған жоқпыз ба?
Ол бізге қандай ұсыныспен келіп жатыр?
Шындығын айтсақ — әзірге ештеңе.Бізге паспорт берілді деген жаңалық келді. Ал паспорттың ар жағында не бар — ол жағы айтылмады.
Егер бұл шынымен стратегиялық қадам болса, жауап берілуі тиіс бес сұрақ бар:
- Бірінші: Машрабов Қазақстанның салық резиденті бола ма? Әлде паспорт — тек құрметті белгі ме?
- Екінші: Higgsfield-тің бас кеңсесі, табысы, IPO-сы Қазақстанмен байланыса ма? Әлде Қазақстан тек «туған жері» деген атау болып қала бере ме?
- Үшінші: Ол қанша қазақстандық маманды дайындайды? Команданың 95%-ы қазақстандықтар деген сөз — қайда жұмыс істейтін 95%? Алматыда ма, Сан-Францискода ма?
- Төртінші: NVIDIA-мен жасалған 10 млрд долларлық пакетте Higgsfield-тің нақты үлесі қандай? Әлде ол бөлек жаңалық па?
- Бесінші: Бұған дейін азаматтық алған Тимур Турлов пен Арсен Томский бизнесін, салығын, командасын Қазақстанға әкелді.
- Алтыншы: Машрабов та сол жолмен жүре ме, әлде тек паспортпен шектеле ме?
Осы бес сұраққа жауап болмайынша, «Қазақ еліне +1 миллиардер» деген — жаңалық емес, жарнама
Миллиардер санының көбеюі — байлықтың көбеюі емес. Егер оның салығы, жұмыс орны, мектебі, зертханасы мұнда болмаса, бізге оның байлығынан не пайда? Бізге паспорт алған миллиардер емес, Қазақстанға ақша, жұмыс, білім әкелетін миллиардер керек. Ал ол ұсыныс — әлі айтылған жоқ.