Квазимемлекеттік сектор үркердей топ үшін ұғынықты болғанымен, былайғы халыққа бағыты бұлыңғыр, жұмысы жүйесіз ретінде танылып қалды. Мемлекет жыл сайын квазисектор мен мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарын қаржыландыруға 1,5 триллион теңгеге жуық қаржы жұмсайды. Бұл – бюджет тапшылығы 685 миллиард теңге болған кезде ерекше өзекті мәселеге айналып отыр.

Бұл тақырып елімізде бірнеше рет көтерілді.
2014 жылы мемлекеттік сектордың үлесін жалпы ішкі өнімнің 15 пайызына дейін төмендету міндеті қойылды. Он жыл ішінде жекешелендіруге жоспарланған 1 774 нысанның 984-і сатылды.2020 жылы квазисекторды реформалау қажеттігі туралы айтылды. Сол кезде квазисекторда 6 400 компания бар екені мәлім болды.2024 жылы экономиканы ырықтандыру туралы жарлыққа қол қойылды. Құжатта «Самұрық-Қазына» қорынан бастау қажеттігі көрсетілді. Себебі мемлекеттің экономикадағы ең үлкен үлесі осы қордың компаниялар тобына тиесілі.2026 жылы Үкімет 500 компанияны нарыққа шығаруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Олардың жалпы құны 2 триллион теңгеден асады. Сонымен қатар квазисекторда жаңа компания құруға мораторий жарияланды.2026 жылғы 11 қарашада «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшылары ұсталды. Осыған байланысты Президент Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізіп, 24 қарашаға дейін квазисектордағы жұмысты жақсарту жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Қанша қаражат жұмсалады
«Самұрық-Қазына» қоры жыл сайын 1,2 триллион теңге субсидия төлейді. Бұл – билет пен электр энергиясының бағасын төмен деңгейде ұстап тұруға бағытталған шара. Нәтижесінде қор компанияларының қарызы 3,9 триллион теңгеге жетті. «Бәйтерек» холдингі де жеңілдікпен несие беру бағдарламасын жүзеге асырады. Барлық бағытты қосқанда жыл сайынғы шығын 1,4-1,5 триллион теңгені құрайды.Бұл қаражат Ұлттық қор мен республикалық бюджет есебінен бөлінеді.
Реформаның ықтимал нәтижесі
Реформаның нәтижесін ел бірнеше жылда сезеді. Біріншіден қаражаты үнемделеді. Екіншіден, мемлекеттік және жеке медианың бәсекеге түсу мүмкіндігі теңестіріледі. Үшіншіден, сатып алу рәсімдерінің ашықтығы артады. Қазіргі уақытта «Самұрық-Қазына» сатып алуының 62 пайызы бір көзден жүргізіледі.
Сонымен қатар бірқатар тәуекел бар. «Самұрық-Қазына» тобында 260 мың адам жұмыс істейді. Квазисекторда барлығы 6 400 компания бар. Оларды бірден жабу 100 мыңнан астам адамның жұмыссыз қалуына әкелуі мүмкін.Сондай-ақ «Қазақстан темір жолы», KEGOC, «ҚазМұнайГаз» сияқты стратегиялық компанияларды жекешелендіру баға саясатына бақылауды әлсіретуі мүмкін. Ал ақпараттық қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмауы тиіс.
Шетел тәжірибесі
Сингапурда Temasek холдингі құрылған кезде Үкімет компанияның күнделікті жұмысына араласпайтын қағидат енгізілді. Үкімет тек дивиденд алады. Нәтижесінде холдингтің портфелі 434 миллиард сингапур долларына жетіп, жылдық кірісі 7 пайызды құрады.
Ұлыбританияда British Telecom компаниясын жекешелендіру алдында бәсекелес компания құрылды. Кейін 50,2 пайыз акция биржаға шығарылды. Мемлекет қазынаға 3,9 миллиард фунт стерлинг алды. Сонымен қатар реттеуші орган құрылды.Польшада 1990 жылы 6 000 компания нарыққа шығарылды. Жұмыссыздық 16 пайызға жетті. Алайда бес жылдан кейін Польша Еуропадағы ең жылдам дамыған экономикалардың біріне айналды.
Сарапшылар пікірі
Қаржыгер Расул Рысмамбетовтың айтуынша, «Самұрық-Қазына» қорын бірден жабу мүмкін емес. Себебі қордың мойнында еншілес компаниялардың қарызы мен облигациялары бар. Сонымен қатар коммерциялық және әлеуметтік міндеттерді ажырату қажет.
«ҚТЖ – жай компания емес, мемлекеттік функция. Көмірді жылу электр орталықтарына жеткізу – бизнес емес, міндет. Сондықтан IPO болмайды. Бір бөлігін беруге болады, бірақ толық сатуға болмайды», – деді Расул Рысмамбетов.
Экономикалық шолушы Сергей Домниннің пікірінше, қазіргі дағдарыс қарыз дағдарысы емес, репутациялық дағдарыс. Оның айтуынша, мәселе басшыда емес, жүйеде.
Басшыны ауыстырғанмен жүйе өзгермейді.
Мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байдильдиновтың айтуынша, қорды министрліктерге беру мәселені шешпейді. Министрліктер корпоративтік қаржыны басқару тәжірибесіне ие емес. Сонымен қатар қорды тарату кезінде ондаған миллиард доллар қарыз бен кепілдік мәселесі туындайды.
Саясаттанушы Данияр Ашимбаевтың пікірінше, «Самұрық-Қазына» басшысының ұсталуы – бұрын болмаған прецедент. Бұл – заңның бәріне бірдей екенін көрсетуге бағытталған қадам.
Осылайша сарапшылар үш бағытты ұсынады.
Біріншісі – тарату.
Екіншісі – кезең-кезеңмен реформалау.
Үшіншісі – басшыны емес, жүйені өзгерту. Алайда олардың барлығы қазіргі жүйенің осы күйінде қала алмайтынын атап өтеді.
Қорытынды
Экономикалық сарапшы Расул Рысмамбеттің пікірінше, квазимемлекеттік секторды біржола жабу – қате. Оны дұрыс бөлу керек.«Қауіпсіздік үшін қалдыру керек – 10 пайыз», – дейді сарапшы. Бұл – мемлекеттің қолынан шығаруға болмайтын стратегиялық активтер. «Қазақстан темір жолы», KEGOC, «ҚазМұнайГаз» – инфрақұрылым мен энергетиканың тірегі. Бір телеарна, бір радио, бір газет – мемлекеттің дауысы, ақпараттық қауіпсіздіктің кепілі. Бұларды сатуға да, жабуға да болмайды. «Бәйтерек» холдингінің еншілес компаниялары, облыстық арналар, аудандық газеттер, сервистік компаниялар – бұлардың бәрі нарықта өз күнін өзі көре алады. Мемлекет оларға демеуші емес, бәсекелес болуы керек. Жекешелендірілсе, нарықта нағыз бәсеке басталады.«Жабу керек – 20 пайыз». Бұл – жұмыс істемейтін, тек әкімшілік шығынды қамтамасыз етіп отырған компаниялар. Өнім шығармайды, қызмет көрсетпейді, тек штат ұстап, кеңсе жалдап отыр. Мұндай құрылымды ұстау – бюджетке салмақ.Рысмамбеттің есебінше, осылай бөлген жағдайда жыл сайын 1,5 триллион теңге үнемделеді. Бұл – бірнеше облыстың жылдық бюджетімен тең сома.Ең маңыздысы – мемлекеттік және дербес басылымдардың мүмкіндігі теңестіріледі. Қазір мемлекеттік БАҚ бюджеттен қаржы алып, жеке БАҚ-пен бір алаңда бәсекелесіп отыр. Бұл – теңсіздік. Ал бөлуден кейін мемлекеттік БАҚ тек 10 пайыздық «қауіпсіздік» бөлігінде қалады, қалғаны нарықтың заңымен өмір сүреді.