Сауда министрлігі риелторлық қызметті реттеуді ұсынса, Қаржы мониторингі агенттігі риелторларды жоғары тәуекелді санатқа жатқызу туралы бұйрық жобасын жариялады. Екі құжаттың бір мезгілде шығуы кездейсоқ емес: мемлекет жылжымайтын мүлік нарығындағы сұр аймақты біржола жоюға кірісті.Қазақстанда риелторлық қызметке қатысты екі маңызды құжат бір мезгілде талқыланып жатыр. Оның бірі – кәсіпті реттеуге, екіншісі – қаржылық бақылауды күшейтуге бағытталған. Екеуі бірге алғанда жылжымайтын мүлік нарығындағы көпжылдық жүйесіздікке нүкте қоюды көздейді.

Кәсіп ретінде мойындау
Сауда министрлігі депутаттармен және кәсіби қауымдастық өкілдерімен бірлесіп, риелторлық қызметті реттеуді жетілдіру мәселесін пысықтап жатыр.Ұсынылып отырған шаралар кәсіпке еркін кіруден бас тартып, біліктілікті растауға көшуді көздейді. Бірыңғай стандарт пен үлгілік шарт енгізілмек. Онда агенттің кімнің мүддесін қорғайтыны және оның қызметін кімнің төлейтіні нақты көрсетіледі.
«Үлгілік шартқа ерекше назар аударылады. Онда қызметтің құрамы мен құны, сыйақының мөлшері мен төлеу тәртібі, тараптардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ төлем бойынша міндеттеме қашан туындайтыны міндетті түрде бекітіледі», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар клиенттердің шағымдарын қарайтын өзін-өзі реттейтін ұйымдарды құру және шарттардағы әділетсіз талаптарға тыйым салу жоспарланып отыр.
Сарапшылар не дейді
Реформаны кәсіби қауымдастық та, депутаттар да қолдап отыр, бірақ әрқайсысы өз тұсынан мәселе көтереді.Ұлттық риелторлар палатасы PANA-ның вице-президенті Әсет Айтбаев қазіргі жағдайды ашық сынға алады:«Қазір әркім риелтор бола алады. Жай ғана таңертең оянып, өзін риелтормын деп атап, екі-үш хабарландыру орналастырып, жылжымайтын мүлікті сата бастауы мүмкін. Бұл, бәлкім, заңсыз қызметке теңестірілетін болады».Ал Құрылтай депутаты Олжас Күспеков ең үлкен мәселе – қос комиссия мен түсініксіз шарттар деп есептейді: «Ең алдымен, бұл – қазіргі Тавда риелторлар сатып алушы мен сатушы арасында жасайтын шарттар. Бұл – екі жақтан алынатын қос комиссия. Олар әрқашан комиссия алуға тырысады, бірақ бұл комиссияға не кіретіні түсіндірілмейді».
Бұл өзгерістер нені білдіреді?
Бүгінгі риелторлар нарығы – толық көлеңке емес, бірақ толық жарық та емес. Ол – сұр аймақ. Шартсыз жұмыс, қолма-қол есеп айырысу, салықтан жалтару, клиент алдында жауапкершіліктің болмауы – осының бәрі нарықты жүйесіз күйде ұстап келді.Енді жағдай өзгереді. Бір жағынан риелтор – біліктілігі расталған, қызметі үлгілік шартпен айқындалған, шағымы қаралатын маман болады. Екінші жағынан ол – клиентті тексеруге, күдікті мәміле туралы хабарлауға, құжаттарды сақтауға міндетті тұлғаға айналады.Яғни кәсіп заңдастырылады, бірақ онымен қоса жауапкершілік те артады. Бір құжат кәсіпті тәртіпке келтірсе, екіншісі оның қаржылық ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондықтан бұл мәселені бөлек-бөлек емес, бір бүтін үдеріс ретінде қарау қажет.