Бұл махаббат емес, есеп. Халық теңгені сүйгеннен емес, теңге пайда әкелгеннен таңдап отыр. Бір айда банкке 1,4 трлн теңге құйылды. Енді елдегі 52,9 трлн теңгенің 82%-ы теңгемен жатыр. Теңгеге 14,7% береді, долларға – 0,9%. Айырма – 16 есе.

Ұлттық банктің соңғы есебінен табыс кімге қарап күліп тұрғанын дәлелдеді. Халық бір айда депозитін 800 млрд теңгеге көбейтіп, 29,4 трлн теңгеге жеткізді. Компаниялар – плюс 600 млрд теңге. Бір жылда өсім – 8,2 трлн теңге. Бұл – жай ғана өсім емес. Бұл – он жыл бұрын елестету мүмкін болмаған бұрылыс. 2015 жылы елдегі депозиттің 80%-ы долларда жатты.
Адамдар теңгеден қашатын. Банкке емес, жастық астына, сейфке, долларға сенетін. Қазір бәрі керісінше.Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мұны тек пайызбен түсіндірмейді: Оның айтуынша, депозиттер – бұл тек табыстылықтың ғана емес, банк жүйесіне деген сенімнің де көрінісі. Ал бізде бұл сенім жеткілікті жоғары деңгейде.
Сенім цифмен өлшенеді
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының жетекші сарапшысы Алмат Орақбай долларланудың қалай құлағанын еске салады:
«2015 жылы долларлық депозиттер жалпы депозиттердің 80%-ын құраған болатын. Ал қазір бұл деңгей 20%-ды ғана құрайды. Бұл – Ұлттық банктің дедолларизация саясатының айғақ жетістіктерінің бірі. Халықтың теңгеге деген сенімділігі артып жатыр», — дейді ол.
Бірақ бұл сенім қайдан пайда болды?
Орақбайдың айтқан сенімі – нәтиже. Ал оның себебін қаржы сарапшысы Асхат Смағұлов ашып айтады. Оның пікірінше, адамдар теңгені жақсы көргеннен емес, теңге көп ақша әкелгеннен таңдаған: «Тренд адамдар девальвациядан қорықпай қалғаннан емес, банктер теңгеге жоғары пайыз бергеннен пайда болды. Бүгінгі жоғары мөлшерлеме ертең де сақталады деген кепілдік жоқ».
Яғни бірінші сарапшы «сенім қайтып келді» десе, екіншісі «ол сенімнің астында есеп жатыр» деп толықтырып тұр. Екеуі бір-бірін жоққа шығармайды, керісінше, бір картинаны толық көрсетеді: халық сенді, өйткені теңге пайда әкелді.
ЕШКІМ БАЙҚАМАҒАН КЕЙС: СЕНІМ – КӨПШІЛІКТІҢ ЕМЕС, АЗШЫЛЫҚТЫҢ СЕНІМІ
Ал енді ешкім назар аудармаған, еш жерде жазылмаған тұсқа келеміз.Бәрі «халық теңгеге сенді» деп жатыр.
Бірақ кімнің ақшасы сенді? Осы сұраққа жауап – депозиттің ішкі құрылымында жатыр. Қазан айындағы есепте бір үнсіз факт бар: қалдығы 20 млн теңгеден асатын шоттарға барлық бөлшек депозиттің 45%-ы тиесілі. Яғни халықтың депозитінің жартысына жуығы – қалтасы қалың аз ғана адамдардың ақшасы.
Теңгеге сенген – бүкіл халық емес, ең алдымен ақшасы көп, есепті жақсы білетін топ.
- Олар 14,7% пайызды көріп, доллардағы 0,9%-дан бірден бас тартты. Олар үшін бұл – патриотизм емес, таза математика. Ал қарапайым саламшының депозиті көбіне мерзімсіз, талап етілгенге дейінгі шотта жатыр. Яғни ол ақшасын банкке салды, бірақ ұзаққа байлап тастауға әлі қорқады. Қолы жеткен жерде ұстағысы келеді. Бұл – толық сенім емес, жартылай сенім.
Тағы бір байқалмаған деталь
Қыркүйекте теңгелік депозит 1,64%-ға өскенде, валюталық депозит бір айда 6,75%-ға құлаған. Бұл – бір айдағы ең үлкен құлдыраулардың бірі. Адамдар доллардан жаппай шыққан жоқ, доллардан ең үлкен ақша иелері шықты. Олар долларын сатып, теңгеге ауыстырып, 15%-дық депозитке салды.
Яғни қазіргі «теңге жеңді» деген тарихтың артында көпшілік емес, азшылықтың есепті шешімі тұр. Бұл жаман емес. Керісінше, дәл осы азшылық нарықты жүргізеді. Бірақ оны айтпасақ, картина жалған болып шығады. Егер ертең пайыз 14,7%-дан 10%-ға түссе, осы 45%-ды ұстап отырған адамдар бірінші болып кері қарай кетеді. Ал олар кетсе, «сенім қайтып келді» деген статистика да бір айда құлауы мүмкін.
Сондықтан Ұлттық банктің алдында тұрған міндет – пайызды жоғары ұстау емес, осы жартылай сенімді толық сенімге айналдыру. Ол үшін инфляция тұрақты төмендеп, теңге бағамы болжанбай секірмеуі керек.
ҚОРЫТЫНДЫ:
Теңге жеңді. Бірақ бұл жеңіс пайыз тұрғанда ғана тұрады. Ал бұл жеңістің артында бүкіл халық емес, есепті білетін азшылық тұр. Оларды ұстап қалу – келесі жылдың басты сынағы болады.