Балаларды интернеттен қорғайтын заң дайын, бірақ оның қанша тұратыны белгісіз. Мемлекет «бюджеттен ақша кетпейді» дейді, ал платформалар «біз төлейміз» деп отырған жоқ.

Сонда бұл заңның шығынын кім көтереді?
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваның айтуынша, Құрылтай депутаттары үш заң жобасын дайындаған. Оның бірі – «Балалардың цифрлық және ақпараттық қауіпсіздігі туралы» жаңа заң.
Оны депутаттар жалғыз жазған жоқ. Алғаш рет жасанды интеллект көмектесті – IT Құрылтай платформасы. Оған 800 мыңнан астам заң жиналған. Бірақ заңның мәтіні дайын болғанымен, оның қаржылық құны әлі жарияланған жоқ. Жоба қазір Үкіметтің қорытындысын күтіп отыр.
1,3 трлн теңге қайда кетеді?
Ел ішінде «1,3 трлн» деген санды естіп, «осы заңға сонша кетеді» деген пікір бар. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, 1,3 трлн теңге – бұл тұтас «Қазақстан балалары» тұжырымдамасына 5 жылға қарастырылған ақша. Онда 158 іс-шара, 10 индикатор бар. Оған білім, денсаулық, отбасында тәрбиелеу, әлеуметтік қорғаудың бәрі кіреді.
Ал мына заң – сол тұжырымдаманың бір бөлігі ғана.Ал бұған дейінгі ұқсас заң жобаларының түсіндірме жазбасында «Заңды іске асыру бюджет шығынын талап етпейді» деп жазылған. Яғни, мемлекеттің логикасы – шығынды бюджет емес, платформалар көтеруі керек.
Шығынды кім көтереді?
Нақты смета болмаса да, шығын 3-ке бөлінеді:
Мемлекет – жүйені ұстайды. Верификация, мониторинг, бала ID-картасының базасы. Бұл жаңадан салынбайды, бар жүйелердің үстіне қосылады.
Платформалар – өз қалтасынан төлейді. Маркировка, ата-ана бақылауы, верификациядан өту. Бұл шығынды TikTok, YouTube, ойын компаниялары, маркетплейстер өздері көтеруі керек. Орындамаса – жауапқа тартылады. Ата-ана – ақша төлемейді. Ата-анаға тікелей ақшалай шығын жоқ. Тек телефонына бақылау функциясын қосу керек.
Заң қалай істейді?
Заң тек «тыйым саламыз» деп қоймайды, оның 7 нақты тетігі бар:
- Таңбалау: Әр ойын, қосымшада «мұнда хат жазу бар, мұнда ақша жұмсау бар» деп жазып тұруы керек.
- Верификация: Мемлекет тексермеген өнім балаға көрсетілмейді.
- Мониторинг: Бір рет тексеріп қоя салмайды, үнемі бақыланады.
- Бұғаттау: Қауіпті болса – алып тастауды немесе бұғаттауды талап етеді.
- Жауапкершілік: Орындамаған платформа иесі жазаланады.
- Ата-ана бақылауы: Барлық платформада міндетті болады. Бала рұқсатсыз өнімді көре, жүктей, сатып ала алмайды.
- Бала ID-картасы: Фотосы бар карта баланың кім екенін дәл анықтайды.Орыстар байқамаған тұс
Бұл заң қазақ баласына жұмыс істей ме?
IT қазақша білмейді. Заңды IT Құрылтай жазды дейді. Оған 800 мың заң жиналған. Бірақ сол 800 мыңның 90%-ы орысша. Яғни, IT заңды орысша ойлап, қазақшаға аударған. Ал балалар TikTok-та, ойында қазақша сөйлейді, қазақша жазады, қазақша алданады.
IT қазақша қауіпті контентті тани ма?
Платформаларда қазақша модерация жоқ. TikTok, YouTube, Roblox-та қазақша модератор жоқтың қасы. Орысша боқтықты жүйе бірден өшіреді, ал қазақша боқтық, қазақша буллинг, қазақша алаяқтық еркін жүріп жатыр.
Астанадағы ата-ана телефонға бақылау қоя алады. Ал ауылдағы ата-ананың телефонында орысша интерфейс, қазақша түсіндірме жоқ. Заң «ата-ана бақылауы міндетті» дейді, бірақ ол бақылау қазақша болмаса, ауылдағы әке-шеше оны қалай қосады?
ID-карта – қорғаныс па, қауіп пе?
ID-карта деген – баланың бар дерегі бір жерде. Аты-жөні, фотосы, мектебі, мекенжайы. Қазақ баласының дерегі қайда сақталады? Кім қорғайды? Бұл сұраққа заңда жауап жоқ.Қысқасы: Орыстар үшін заң – техникалық мәселе. Біз үшін – тіл мәселесі.Егер заң қазақша жұмыс істемесе, ол қазақ баласын қорғамайды. Ол тек орысша сөйлейтін балаларды қорғайды.
Біздің талап – анық болуы керек: Маркировка қазақша болсын. Верификация қазақша болсын. Ата-ана бақылауы қазақша болсын. Әйтпесе, бұл заң – қазақ баласы үшін емес, қағаз үшін жазылған заң болады.