Баға ЕАЭО-мен теңессе, Қазақстанда бензин 247 емес, 414 теңге, дизель 346 емес, 459 теңге болады. Бұл – жорамал емес, Еуразиялық комиссияның қыркүйектегі нақты бағасы. Қазір біздегі бензин – Одақтағы ең арзан. Бірақ бұл арзандық көпке бармайды.

Өйткені қазан айында өндірушілер бензин бағасын тағы 4,4%-ға, дизельді 3,7%-ға, пеш отынын 16,2%-ға көтерді. Яғни теңесу қазірдің өзінде басталған.Қазан айында Ұлттық статистика бюросы жариялаған сандар – жай өсім емес, сол теңесуге қарай жасалған келесі қадам. Өндірушілерде бір тонна мұнай 104,5 мың теңгеге жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,6%-ға көп. Өңірлерде де жағдай бірдей: Маңғыстауда мұнай 12,8%-ға қымбаттап, 120,9 мың теңге болды, Атырауда 9%-ға өсіп, 99 мың теңгеге жетті.
Ал мұнай қымбаттаған соң, оның артынан бәрі бірінен соң бірі қымбаттайды. Бір тонна бензин 201,1 мың теңгеге (+4,4%), дизель 255,5 мың теңгеге (+3,7%) көтерілді. Одан кейін пропан-бутан 75,5 мың теңгеге (+7%), пеш отыны 221,8 мың теңгеге (+16,2%), жол битумы 237,4 мың теңгеге (+5%), мазут 104,9 мың теңгеге (+1,6%) жетті. Демек, қымбаттаған – бір нәрсе емес, қымбаттаған – бәрі.
Неге теңеседі?
Себебі Қазақстан – ЕАЭО-дағы ең арзан бензин елі, ал арзан бензин шекарада тұрмайды. Ол Ресейге, Қырғызстанға ағып кете береді. Еуразиялық комиссияның дерегі осыны анық көрсетеді: Қазақстанда – 247 теңге, Беларусьте – 396 теңге, Ресейде – 414 теңге, Қырғызстанда – 508 теңге, Арменияда – 729 теңге. Қазақстан мен Ресейдің арасындағы айырманың өзі – 167 теңге.
Осындай айырма тұрғанда жанармайды сыртқа тасуды тоқтату мүмкін емес. Сондықтан мемлекет 2024 жылғы ақпаннан бастап бағаны ұстап тұрудан бас тартты да, оны нарықтың өзіне жіберді. Ал нарық қазір бір ғана бағытты көрсетіп тұр – жоғарыға.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бұл үдерісті сабырмен түсіндіруге тырысады. Оның айтуынша, қазір АИ-92 253-271 теңге, дизель 356-367 теңге аралығында сатылып жатыр, ал қор жеткілікті: бензиннен де, дизельден де 400 мың тоннадан астам қор бар.
«Егер үлкен секіріс болса, мемлекет барлық қажетті шараны қабылдайды», — дейді министр.
Бірақ қор – уақытша қорған ғана. Ал бағаны көтеретін ұзақ себептерді министр айтпайды.
Мұнай-газ нарығының сарапшысы Асқар Исмаилов мәселенің түбіне үңіледі. Оның пікірінше, баға мұнай қымбаттағаннан емес, жүйенің өзі солай құрылғаннан көтеріліп жатыр.
«Бір литр бензиннің тек 18%-ы ғана – мұнайдың бағасы. Қалғаны – салық пен акциз. Кез келген көтерілу бюджетке кетеді, мұнайшының қалтасына емес», — дейді ол.
осылай жалғаса берсе, 2030 жылға қарай зауыттардың жүктемесі 25%-ға дейін құлауы мүмкін. мұнай-газ саласының сарапшысы Ануар Кожабековтын айтуынша, жиналған қор мен бәсеке бағаның бірден тұтынушыға өтуін тежейді. Сондықтан өсім біртіндеп және өңірлерде әртүрлі болады.
Теңессе не болады?
Егер толық теңесу болса, 50 литрлік бак 12 350 теңгенің орнына 20 700 теңге болады. Айырма – 8 350 теңге. Ал бак қымбаттаған соң, оның артынан такси, жеткізу, нан, азық-түлік – бәрі қымбаттайды. Сондықтан Ұлттық банк бензин қымбаттауын келесі жылғы ең үлкен инфляциялық қауіп деп отыр. Бұл жерде бюджет ұтады, ал төлейтін – халық.
Сондықтан үкімет бағаны бірден көтермей, біртіндеп көтеріп келеді. Қазандағы +4,4% – осының дәлелі.Қорытынды: 247 теңге – бұл өткен шақ. Ендігі сұрақ – 414 теңгеге қашан жетеміз: бір жылда ма, үш жылда ма? Үкімет «біртіндеп», нарық «тезірек» өткенін қалап тұр.