Жуырда Instagram желісінде қызықты видео пайда болды. Онда автор Алматыдағы үйлердің бірінің төбесінде бірнеше танымал байланыс операторының жабдықтарын көрсетіп, олардың жанында кімге тиесілі екені белгісіз жаңа жабдықтың тұрғанын жариялады. Осыдан кейін заңды сұрақ туындады: бұл Қазақстанда төртінші мобильді оператордың пайда болатынын білдіре ме? Оның тұтынушылар үшін қандай маңызы бар екенін Bizmedia.kz анықтады. Finprom-ның телекоммуникация нарығына қатысты жаңа талдауына сәйкес, 2026 жылғы қаңтар–шілде аралығында байланыс қызметтерінің көлемі 913 млрд теңгені құрады. Салыстыру үшін, 2020 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 884,5 млрд теңге болған. Ал 2025 жылдың қорытындысында нарық көлемі шамамен 1,5 трлн теңгеге жетті.

Бұл өсім қызмет құнының қымбаттауымен ғана байланысты емес. Қазақстандықтар мобильді интернетті барған сайын көп пайдаланып келеді. Берілетін деректер көлемі артып, желілерге түсетін жүктеме көбейіп жатыр. Соған байланысты операторларға жаңа базалық станциялар орнатып, жабдықтарды жаңғырту қажет.
Яғни нарық жаңа ойыншы үшін шынымен тартымды көрінеді. Мұнда ақша да, өсіп келе жатқан сұраныс та бар. Алайда бәсекеге қатысу құны да артып келеді. Операторға бәсекелестерден арзан тариф ұсыну жеткіліксіз, ол клиенттерге сапалы байланыс қызметін де қамтамасыз етуі керек.
Байланысқа миллиардтаған инвестиция керек
Бір қарағанда бәрі қарапайым: операторлар неғұрлым көп болса, қазақстандықтардың таңдауы да соғұрлым кең болады. Ал бәсекелестік күшейсе, бағалар төмендеуі мүмкін.
Алайда мобильді байланыс нарығында тек тариф арқылы бәсекелесу мүмкін емес. Мобильді оператор үшін ең алдымен инфрақұрылым маңызды. Базалық станциялар, радиожиіліктер, көлік желілері, жабдықтар және байланыс қамту аумағын тұрақты түрде кеңейту орасан зор инвестицияны талап етеді.
Мысал ретінде 5G желісінің іске қосылуын келтіруге болады. 2022 жылы жұмыс істеп тұрған операторлар радиожиіліктердің екі лоты үшін 156 млрд теңгеден астам қаржы төледі. Бұл тек жиіліктердің құны, оған желіні салу мен ұстауға кететін шығындар кірмейді.
Қолданыстағы компаниялардың шығын көлемі бұл нарықтың қаншалықты қымбат екенін көрсетеді. Finprom мәліметінше, 2023 жылдан 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін Kcell-дің күрделі шығындары 411,8 млрд теңгені, ал «КаР-Тел» компаниясының шығындары 288,6 млрд теңгені құраған.
Сондықтан жаңа толыққанды операторға өз инфрақұрылымын құру үшін қомақты қаражат салуға тура келеді.
Арзан болғаны әрдайым жақсы емес
Үш инфрақұрылымдық оператор мобильді байланыс нарығының басым бөлігін қамтып отыр. Ал бұл нарық абоненттер санының шектеулі болуымен ерекшеленеді. Сондықтан төртінші операторға да негізінен қазіргі пайдаланушылар үшін күресуге тура келеді.
Оларды тартудың ең қарапайым жолы – төмен баға ұсыну. Қазақстандықтар үшін тарифтік бәсекелестіктің күшеюі бір қарағанда тиімді көрінеді. Бірақ мұның кері жағы да бар. Абоненттердің бір компаниядан екіншісіне ауысуы операторлардың қаржылық түсімінің азаюына әкелуі мүмкін.
Finprom халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, жаңа оператордың пайда болуы компаниялардың бір абоненттен түсетін орташа табысын төмендетуі мүмкін екенін атап өтеді. Талдаушылар қарастырған жағдайларда бұл көрсеткіш орта есеппен шамамен 20%-ға азайған.
Сонымен бірге мобильді желі тұрақты инвестицияны қажет етеді: жабдықтарды жаңарту, байланыс қамту аумағын кеңейту және өсіп келе жатқан интернет трафигіне сәйкес желінің өткізу қабілетін арттыру керек.
Яғни төртінші оператор тарапынан тарифтерге тым қатты қысым жасалса, компаниялар алдында басқа мәселе туындауы мүмкін: байланыс сапасы мен қамту аумағын жақсарту үшін инфрақұрылымды дамытуға қанша қаражат қалады?
Ал басқа елдерде қалай?
Әлемдік тәжірибе «төрт оператор үш оператордан жақсы» деген қарапайым жауап бермейді. Керісінше, кейбір елдерде операторлар санын үшке дейін қысқартқан жағдайлар да бар.
Себебі түсінікті: бірнеше параллель желіні ұстау қымбатқа түседі, нарықтағы клиенттер саны шектеулі, ал компанияларға инфрақұрылымды дамытуға қаражат қажет. Сондықтан көптеген елдерде бәсекелестікті күшейтудің басқа жолы қолданылады.
Әлемде виртуалды операторлар, яғни MVNO, белсенді дамып келеді
Олар өз брендімен байланыс және мобильді интернет қызметтерін ұсынады, бірақ дайын инфрақұрылымды қолданыстағы оператордан жалға алады. Осылайша миллиардтаған қаржы жұмсап, жеке желі құрудың қажеті болмайды.
Қазақстанға төртінші оператор керек пе?
Алматыдағы үйдің төбесінен түсірілген бір видеоға қарап, жаңа мобильді оператор іске қосылады деп айтуға әлі ерте. Бұл жабдық түрлі жобалардың бір бөлігі болуы мүмкін.
Алайда сөз шынымен толыққанды төртінші желі туралы болып жатса, мәселе сырт көзге көрінгендей қарапайым емес. Теориялық тұрғыдан жаңа ойыншы бәсекелестікті күшейтіп, абоненттерге көбірек таңдау ұсына алады және қолданыстағы компанияларды клиенттер үшін белсендірек күресуге мәжбүр етеді.
Сонымен бірге жаңа операторға инфрақұрылымға қомақты қаражат салып, нарықта жұмыс істеп тұрған компаниялардың абоненттерін тартуға тура келеді.
Қорытындылай келе, абонентке тағы бір базалық станциялар жиынтығы емес, сапалы байланыс, бәсекеге қабілетті тариф, жақсы сервис және таңдау мүмкіндігі қажет. Тағы бір ұлттық желіні салу базалық станциялар мен жабдықтарға қомакты инвестииця салуды талап етеді. Оның ішінде инфрақұрылымы қазірдің өзінде құрылған және қолданысты опреаторлар тарапынан одан әрі дамып жатқан аумақтарға да шығын жұмсалады.
Сонымен қатар жаңа ойыншы ауқымы жағынан соған сай жаңа нарық қалыптастырмайды. Бәсекелестіктің едәуір бөлігі бұрынан бар абонентер үшін күреске бағытталады.