Қазақстанда баға өссе, халық дүкен сөресіне емес, айырбастау пунктінің тақтасына қарайды. AERC орталығының баяндамасында теңге долларға шаққанда 1% әлсіресе, бір айдан соң «баға өседі» деген үрей 0,14% көтерілетінін айтыпты.

Ал нанның өзі 10% қымбаттаса, ертең де қымбаттайды деген ой келмейді. Осы жерде біздің болжамымыз бағаға емес, валютаға телінген.Бұл валютаға телінген үрейдің өзі ұзақ емес, қысқа ғұмырлы. Теңге құбылғандағы дүрбелең бір ай ғана тұрады, келесі айда сейіліп кетеді. Бірақ қысқа болса да, дәл сол өткінші соққы халықтың санасын билеп тұр, ал жыл бойғы нақты қымбатшылық билемей тұр.
Неге солай?
Бірінші – халық ресми бағаға емес, долларға сенеді, сондықтан күту тамыр жаймайды.Қалыпты елде қалай болады? Баға өссе, халық «ертең де өседі» деп күтеді, сол күту тамыр жаяды, Ұлттық банк сөзімен, мөлшерлемемен сол күтуді басқарады. Бізде олай емес. Бізде ресми инфляция 8% десе, базарда 20% қымбатшылық тұр.
Кімге сенесің?
Әрине, көзің көрген доллар тақтасына.Біздің жадымыз солай қалыптасқан, 90-жылдардан бері баға өседі дегенді теңге құлауымен өлшеп үйренгенбіз. Сөйтіп күту – бағаға емес, валютаға телінген, тамыры жоқ, сыртқы соққыға сезімтал.
«Халықтың ресми инфляцияға сенбейтіні көрініп тұр. Тамыр жаймаған күту ақша-несие саясатын қиындатады».
Ұлттық банк «инфляция 5% болады» десе, халық сенбейді, өйткені кеше доллар өскен. Сенім жоқ жерде сөз өтпейді, сөз өтпеген соң құрал да өтпейді, осыдан екінші түйін туады.Екінші – сол тамыр жаймаған күтуді емдейтін базалық мөлшерлеменің сигналы халыққа жетпейді.Ұлттық банктің қолында бір-ақ балға бар – базалық мөлшерлеме. Ол балғамен ұрса, алдымен банкаралық нарық – TONIA – естиді, бұл жерде бәрі дұрыс, трансмиссия жақсы. Өтімділік көп болғандықтан TONIA көбіне базалықтан сәл төмен тұрады, тек 2022 жылы ғана жоғары шығып кеткен. Яғни бірінші саты жұмыс істейді.Бірақ екінші сатыда – банк халыққа, бизнеске беретін ақшада – жол екіге айырылады.
Бизнеске барар жол ашық
Бизнестің депозиті TONIA-ға жабысып тұр, несиесі де ілеседі. Ұлттық банк қымбаттатса, бизнес несиесі қымбаттайды, бизнес тоқтайды.Ал халыққа барар жол жабық, дәл осы жерде үзіледі. Халықтың салымы ілескенімен, несиесі ілеспейді. Соңғы жылдары халыққа несие 18-22% арасында қатып қалған, TONIA 8-9,5%-ға түскенде де, ең арзаны 14,9%-дан төмен түспеген.
Неге? Банк халықты тәуекелі жоғары көреді, бәсеке аз, маржаны қалың қояды. Сөйтіп Ұлттық банк «тоқта» десе, бизнес тоқтайды, халық тоқтамайды, бөліп төлеу, тұтынушылық несие сол баяғы қымбат күйінде алына береді. Сұраныс сөнбейді, ал сұраныс сөнбеген соң үкімет те сөнбейді, осыдан үшінші, ең ауыр түйін шығады.Үшінші – сигнал жеткен күнде де, бюджет қарсы бағытта есіп, бәрін жоққа шығарады.Ақша-несие саясаты мен бюджет саясаты екі тізгін сияқты, бір бағытқа тартылуы керек. Бізде екі жаққа тартылып тұр.AERC анықтаған: бюджет көбіне проциклды болған.
Яғни экономика қызып, баға шарықтап тұрғанда үкімет «үнемдейік» дегеннің орнына тағы ақша шашып, отқа май құйған. Соңғы екі жылда сыртынан контрциклды боп көрінгенімен, шын мәнінде ынталандыру бюджеттен емес, Самұрық-Қазына сияқты квазисектор арқылы, есепте көрінбейтін жолмен жүрген. Бюджеттің сыртында шашылған ақша есепке түспейді, бірақ базарға түседі.
Нәтижесі не?
Ұлттық банк тежегішті басып, ақшаны қымбаттатып жатқанда, үкімет газды басып, халыққа, құрылысқа, әлеуметтік төлемге ақша шашады. Бірі құрғатса, екіншісі суарады. Мұндайда баға көнбейді.Түйін – осы үш түйін бір-біріне жалғанып, бір шеңбер болып тұр:Халық долларға сенгендіктен Ұлттық банктің сөзі өтпейді, сөзі өтпеген соң базалық мөлшерлеменің балғасы халыққа жетпейді, балға жетпеген соң бюджет қарсы есіп, отқа май құяды.