Теңгенің қарызы және қорғаушысыз алаңБилік күзде баға өсімі 9,3-ке түсті деп сүйіншіледі, бірақ базардағы баға неге жиырмаға қымбат? Өйткені бұл жеңіс емес, теңгенің уақытша берген қарызы.

Былтыр баға өсімі 12,3 еді, биыл 9,3 болды, қағазда жақсарған сыңайлы, бірақ елдің қалтасы қалыңдады ма?
Жоқ, қалыңдаған жоқ. Өйткені 9,3 деген – зат арзандады деген сөз емес, бұл – заттың қымбаттауы баяулады деген сөз ғана. 2022 жылы жиырмаға қымбаттады, 2023 жылы он беске қымбаттады, осының бәрі қабат-қабат жиналды, сондықтан кеше 100 теңгелік нан бүгін 170 теңге болып тұр, жұрт базарда жиырмаға қымбат деп сезінеді, жұрттың сезімі дұрыс. Ал есепте «кіріс баға өсімінен 0,7-ге асты» дейді, бұл да – ауруханадағы орташа ыстық, байдың кірісі отызға өсіп, он кедейдің кірісі орнында қалса, орта есепте 0,7 шығады, сөйтіп қағазда өстік, өмірде кедей кедейлене түсті, сондықтан жұрт сенбейді, билік «түсті» деген сайын жұрт «өтірік» дейді, осыдан қоғамда ашу жиналады.
Ал баға өсімі шынында неге түсті?
Үкімет ұстағаннан емес, теңге бекігеннен түсті, себебі былтыр күзде бір доллар 550 теңгеге таяды, биыл күзде 440 теңге болды, яғни теңге ширекке бекіді. Ал біздің жейтініміздің, киетініміздің тең жартысы – сырттан келетін тауар, теңге бекісе сырттан келген тауар өзі арзандайды, міне бүкіл «жеңістің» сыры осында. Бағаны Үкімет емес, теңге ұстап тұр, ертең теңге қайта 550-ге кетсе, бүгінгі 9,3 ертең 18-ге айналады, сондықтан бұл – жеңіс емес, уақытша тыныштық. Осы жерде сұрақ туады, егер бағаны теңге ұстап тұрса,
Үкіметтің еңбегі қандай?
Бағасы – бестен екі. Неге екі? Өйткені қымбатшылық Үкімет пен Ұлттық банк арасындағы допқа айналды, базар – алаң, қымбатшылық – доп, ал қорғаушы өз жұмысын істемей жүр. Ұлттық банк – қақпашы, оның бір ғана құралы бар – базалық өсім, ол өсімді 16,25-ке көтерді, допты қайтарды, баға өсімі түсті, қақпашы өз жұмысын жасады, бірақ қақпашы бүкіл ойынды жалғыз ұта алмайды. Ал Үкімет – қорғаушы, оның жұмысы – доп алаңға келмей тұрып жолын кесу.
Қорғаушы не істеу керек еді?
Біріншіден, алыпсатар мен делдалды құрту керек еді, картоп шаруада 100 теңге, Астанада 300 теңге, 200 теңге делдалда кетіп жатыр, Үкімет ұстады ма? Жоқ.
Екіншіден, қос есепті жабу керек еді, мұнай 80 долларға сатылып, қағазда 40 доллар деп көрсетіліп, 40 доллары сыртта қалып жатыр, соны жапты ма? Жоқ.
Үшіншіден, сырттан келетін тауарды азайтып, өзімізде өндіріс ашу керек еді, зауыт салды ма?
Жоқ
Қорғаушы ештеңе істемеген соң бүкіл салмақ қақпашыға түсті, қақпашы өсімді 16,25 қылды, біздің кәсіпкер 25-пен қарыз алып, зауыт сала алмайды, кәсіп тұншығып тұр. Үкімет айтады «қымбатшылықты Ұлттық банк ұстауы керек», Ұлттық банк айтады «қалғаны Үкіметтің шаруасы», ортада доп – қымбатшылық – алаңда домалап жүр, ал алаң – базар, яғни халық сол доптың астында қалып жатыр.
Біз мұндай қорғаушысыз ойынды бұрын көрдік пе?
Иә, көрдік, оның аты – Түркия, Түркия – біздің айнамыз. Түркия не істеді? 2021 жылы Ердоған өсімді 19-дан 9-ға дейін күшпен түсірді, ақша арзандады, доллар қашты, лира құлады, 2022 жылы қымбатшылық 85,51-ге ұшты. Сосын сайлаудан кейін кері қайтты, өсімді 9-дан 50-ге дейін көтерді, қазір Түркияда өсім 30-дан жоғары, қымбатшылық әлі 40-қа жуық, 85-тен түсті, бірақ 10-ға түсе алмай отыр.
Біз қай жердеміз?
Біз – Түркияның 2021 жылғы тұсында тұрмыз. Бізде де қазына тапшы, бізде де сырттан келетін тауар көп, бізде де өсім жоғары, айырмашылық – Түркия өз қатесін түсініп, 50-мен жазасын өтеп жатыр, ал біз әлі жазаның алдында тұрмыз. Біз қазір теңгені 440-та ұстап, 9,3 деп мәз болып отырмыз, бұл – Түркияның лираны 9 лирада ұстап «бәрі жақсы» деген 2021 жылғы сәтіне ұқсайды.
Ертең мұнай 60-қа түссе не істейміз?
Екі жол бар.
Бірінші жол – түрік жолы, өсімді 16,25-тен 9-ға түсіреміз, «халыққа арзан қарыз береміз» дейміз, сонда теңге 700-ге кетеді, қымбатшылық 50-ге шығады.
Екінші жол – дұрыс жол, өсімді түсірмес бұрын алдымен қос есепті жабамыз, құбырды бақылауға аламыз, мұнайдың 40 доллары сыртта емес, қазынада қалатынын қамтамасыз етеміз, сонда ғана өсімді түсіруге болады. Сондықтан түрік қымбатшылығы – біз үшін алыс емес, ол – біздің ертеңіміз, Түркия бізге айна ғана емес, ескерту. Бүгінде Ата Заңда «Жер және жер қойнауыхалыққа тиесілі» деп жазылғанымен, пайдасы елге қайтпайынша халыққа тиесілісі – тек осы қымбатшылық қана болып қала береді. Нағыз жеңіс қашан болады? Қашан адамның қалтасындағы ақша көбейіп, базардағы баға арзандағанда ғана болады, ал әзірге алаңда қорғаушы жоқ, доп домалап жүр, халық – сол алаңда доптың астында қалған көрермен.