Үкімет әлеуметтік саладан 55 млрд теңге алынды деп отыр. Игерілмеген қаражат болуы мүмкін.

Бірақ бұл шешім қоғамда бірден сұрақ тудырды:
Әлеуметтік саладан қаражат алынғанда қоғамның реакциясы түсінікті. Бұл қағаздағы цифр емес, халықтың күнделікті өмірі. Жәрдемақы, денсаулық сақтау, білім беру. Сондықтан бұл жерден бір тиын қысқарса да, халық бірден сезінеді.
Игерілмеген қаражат па?
Егер бұл қаражат шынымен игерілмей қалса, мәселе басқа жақта. Мәселе менеджментте. Ақша бөлінген, бірақ тендер уақытында өтпеген, құжат дайын болмаған, нәтижесінде мектеп немесе аурухана салынбай қалған. Бұл жоспарлау жүйесін қайта қарауды қажет етеді.
Ал тиімсіз шығындар ше?
Бюджетте жыл сайын көзге ұрып тұратын басқа да шығындар бар.Халықаралық форумдар мен жиындарШенеуніктердің қымбат іссапарларыШетелдік және отандық кеңесшілер қызметі
Мысалы, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен бірінші вице-министр Азамат Әмрин бастаған делегацияның бір жылда ондаған іссапарының нақты құны қанша екенін ашық деректен табу мүмкін емес. Себебі министрлік бюджетінде «іссапар» бабы жалпы сомамен көрсетіледі, жеке шенеунікке бөлінбейді.
Алайда жалпы үрдіс анық. Үкімет тиімсіз шығынды өзі де мойындап отыр.Қаржы министрлігі бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарлар шығындарын өтеу Ережесіне өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр. Жоба Ашық НҚА порталында жарияланды. Мақсаты – іссапар шығындарын оңтайландыру.
Бұл Ақорданың 18 қыркүйектегі тапсырмасы және Премьер-министрдің 11 шілдедегі «Барлық бюджеттік бағдарламаларға ревизия» Жол картасы аясында жасалып жатыр. Яғни, сұрақ орынды. Егер іссапар, форум, кеңесшілер шығынын оңтайландыру енді ғана қолға алынса, онда әлеуметтік саладан бұрын сол резервті қарау керек емес пе еді?Әлеуметтік мемлекетте үнемдеу халықтың дастарханынан емес, іссапардан, форумнан, кеңесшінің жалақысынан басталуы керек.