Демалыстан кейін теңге қайта шегінді. 27 қазанда Ұлттық банктің ресми бағамы – 451,05 теңге, KASE биржасында – 453,58 теңге.

Үш ай бойы нығайған теңге неге әлсіреді?
Ал Brent мұнайы керісінше арзандап, 117 доллардан 114,81 долларға түсті.Мұнай нақты қаншаға сатылып жатыр? Біздің мұнай Brent бағасымен бірдей сатылмайды. Қазақстан мұнайы әлемге KEBCO және CPC Blend маркасымен шығады.
Соңғы мәлімет бойынша KEBCO мен Brent арасындағы айырма бар болғаны 0,02 доллар. Ал соғыс қаупіне байланысты CPC Blend тіпті Brent-тен қымбат сатылып жатыр. 22 қазанда CPC Blend 129,21 долларға жеткен, бұл Brent-тен 18 долларға қымбат. Бірақ бюджетке ол тікелей түспейді. 2026-2028 жылғы бюджетке мұнай 60 доллар, доллар 540 теңге деп салынған. Ал 2027 жылғы жаңа бюджет жобасында мұнай 70 доллар, доллар 480 теңге деп есептелген.
Есеп: бюджет ұта ма? Қазақстан күніне 1,17 млн баррель мұнай экспорттайды.Доллар 2,5 теңгеге өссе, бюджет күніне 340 млн, аптасына 2,3 млрд теңге артық алады. Ал мұнай 2,19 долларға арзандаса, бюджет күніне 1,15 млрд, аптасына 8,1 млрд теңге жоғалтады. Таза есепте, егер осы жағдай бір апта тұрса, бюджет 5,8 млрд теңге кем алады. Яғни доллар өссе де, мұнай арзандаса, бюджет ұтылады.Бұл әсер қашан байқалады?
Бүгінгі құбырдан кеткен мұнай бүгінгі бағамен сатылмайды. Бағасы Brent-ке байланғанымен, ақшасы 30-45 күннен кейін, сол айдың орташа бағасы және орташа бағамымен есептеліп түседі. Сондықтан бүгінгі 453 теңгенің пайдасы бюджетке қарашаның соңында ғана байқалады. Ол үшін доллар кем дегенде бір ай бойы 450-ден жоғары тұруы керек. Бір-екі күндік өсім бюджетті құтқармайды. Ұлттық банк не дейді?Төраға Тимур Сүлейменов бұл дағдарыс емес дейді: «Бұл жағдайға аса таңғалудың қажеті жоқ. Бізде 500 теңге бағамы мұнай 65-70 доллар болғанда тіркелген еді. Валюталық түсім артса, теңге нығаятыны анық».
Оның айтуынша, бағамға мұнай ғана емес, маусымдық сұраныс та әсер етеді. Бұл – еркін бағам саясатынан ауытқу емес, оның жұмыс істеп тұрғанының дәлелі.
САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ: БҰЛ ДАҒДАРЫС ПА, ӘЛДЕ ТҮЗЕТІЛУ МЕ?
Қазіргі бағам қозғалысына қатысты сарапшыларда ортақ пікір бар – бұл дағдарыс емес, жиналған факторлардың бір уақытта шығуы.
Теңгенің нығаюы бюджетке неге тиімсіз болды?
Экономист Алмас Чукин бюджетке салынған 540 теңге – бұл үкіметтің уәдесі емес, жай ғана есептік көрсеткіш екенін еске салады. Шын мәнінде 2026 жылдың 9 айында орташа бағам 477 теңге болды.
Ал экономист Арман Бейсембаевтың есебіне сүйенсек, осы нығаюдың кесірінен бюджет тек үш тоқсанда 700 млрд теңгеге жуық экспорттық кірістен айырылды. Себебі қарапайым: теңге нығайған сайын, доллармен келген әрбір түсімнің теңгедегі құны азаяды.
Мұнай арзандаса, теңге не болады?
Сарапшы Арман Байғанов мұнайдың қазіргі қымбаттығы уақытша факторға байланғанын айтады. Оның пікірінше, Таяу Шығыстағы қақтығыс аяқталып, келісім жасалса, мұнай біртіндеп 100 доллардан төмен түсіп, 80-90, тіпті 70 долларға дейін арзандауы мүмкін.
Аналитика: Мұндай сценарийде Қазақстан екі жағынан қысым көреді: бір жағынан экспорттық кіріс азаяды, екінші жағынан теңгеге қысым түсіп, импорт қымбаттайды.
Доллар қашан 515 теңге болады?
Halyk Finance сарапшылары қазіргі 451 теңгені ұзақ мерзімді тренд деп санамайды. Олардың базалық болжамы – 2026 жылдың соңында 490 теңге, 2027 жылдың соңында 515 теңге. Олар мұны екі фактормен түсіндіреді: біріншіден, жыл соңында бизнестің долларға маусымдық сұранысы дәстүрлі түрде өседі. Екіншіден, Ұлттық банк нарыққа ұсынатын валюта көлемін қысқартады.
Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов қыркүйектегі күшті нығаюды Ұлттық қордан доллар сатумен және квазимемсектордың сатылымымен байланыстырады. Оның айтуынша, мұны тұрақты нығаю деп айтуға ерте, ол үшін кем дегенде жарты жыл бойы тұрақты болуы керек.
Ал Руслан Султановтың түйіні: қымбат мұнайдың өзі автоматты түрде жеңіс емес. Егер логистика, фрахт және импорт қымбаттаса, мұнайдан келген қосымша пайданы сол шығындар жеп қояды.
Түйін
Қазір біз көріп отырған 451-453 теңге – нарықтың тепе-теңдікті іздеуі. Доллар өссе, бюджет қысқа мерзімде ұтады, бірақ мұнай арзандаса, бұл ұтыс жоғалады. Сондықтан Ұлттық банк үшін қазір ең маңыздысы – бағамды ұстап тұру емес, инфляция мен бюджет кірісінің арасындағы тепе-теңдікті сақтау.