Қазақстан әскеріндегі ең қымбат реформа техникаға қатысты емес, сенімге қатысты. Соңғы он жылда біз әскерді мобильді және технологиялық етеміз деп көп айттық. Доктрина жаздық, тұжырымдама бекіттік. Бірақ осының бәрінде бір қарапайым сұрақ ұмыт қалды.

Сарбазды кім қорғайды?
Қорғаныс министрлігінің жаңа жоспарында осы сұрақ алғаш рет ашық қойылды. Онда әскери кеңесші және әскери омбудсмен институты туралы айтылды. Бұл нағыз бұрылыс. Бұған дейін сарбаз жүйенің объектісі болса, енді ол субъект ретінде танылып отыр. Бағыт дұрыс. Тек бағыт дұрыс болса да, жолдың өзі әлі сызылған жоқ.
Өйткені мәселе институттың атында емес, оның тетігінде жатыр. Аты әдемі болғанымен, тетігі нақты болмаса, кез келген ізгі идея казарма қабырғасынан аса алмайды.
Әлем бұл жолдан өтіп қойған, сондықтан бізге ойлап табудың қажеті жоқ, салыстырып алу жеткілікті. Германияда Бундестагтың Әскери істер жөніндегі уәкілі бар. Ол Қорғаныс министріне емес, тікелей парламентке бағынады. Негізгі заңның 45b бабы бойынша ол кез келген әскери бөлімге ескертусіз кіре алады, кез келген бұйрықты сұрата алады, ал әр сарбаз оған тізбекті айналып өтіп, тікелей хат жаза алады. Ол өзі бұйрық бере алмайды, бірақ оның ұсынысы парламенттің атынан айтылғандықтан салмақты.
Ұлыбританияда логика басқаша. Ондағы Қызметтік шағымдар жөніндегі омбудсмен шағымды қабылдамау туралы шешімді бұза алады. Яғни «сенің шағымың қаралмайды» деген тосқауылды алып тастайды. Шағым толық қаралғаннан кейін ол істің қалай тергелгенін және оның әділдігін тексереді. Ал Норвегияда әлемдегі ең көне модель бар. Ол 1952 жылдан бері жұмыс істейді, Стортингке бағынады және оның басты қағидаларының бірі құпиялылық пен алқалылық.Бізге осы модельдерді түгел көшіру жарамайды.
Біздің шындық басқаша
Біздің сарбаз он сегіз жаста, көбіне ауылдан келеді және өз құқығын білмейді. Біздің командир әлі де кішігірім патша. Гарнизондар бір-бірінен мың шақырым қашықта. Бірақ бізде бір артықшылық бар. Біз тез цифрланатын қоғамбыз және ата-ана белсенді. Сондықтан бізге дайынды көшіру емес, синтез керек.
Бірінші тетік байланыс. Ауылдың баласы сайтқа сенбейді, оған жанды адам керек. Әр ірі гарнизонда погоны жоқ, азаматтық киімдегі кеңесші отыруы тиіс. Ол штабта емес, казармада отырады және оның бөлмесіне командир кіре алмайды. Сарбаз үшін бұл маңызды, себебі ол формаға емес, адамға сенеді.
Екінші тетік қорғау. Адам қорықса, ешқашан сөйлемейді. Сондықтан Норвегиядағыдай құпиялылық қағидасы болуы керек және шағым түскен күні сарбаз автоматты түрде басқа ротаға ауыстырылуы тиіс. Қудалауды бұйрықпен емес, физикалық түрде үзу керек.
Үшінші тетік өкілеттік.
Бізде тексеру көп, нәтиже аз
Омбудсменге тексеру емес, тоқтату құқығы керек. Егер оқу-жаттығу немесе бұйрық сарбаздың өміріне қауіп төндірсе, ол оны сол жерде тоқтата алуы керек. Бұл құқық жақсы офицерді де қорғайды, ол жоғарыдан келген қысымға қарсы тұра алады.
Осылай қарасақ, әңгіме армияның беделі туралы емес, оның өміршеңдігі туралы. Техниканы сатып алуға болады. Ал ананың сенімін сатып ала алмайсың. Егер 2027 жылғы пилот полигоннан емес, осы үш тетіктен басталса, реформа қағазда қалмайды.