Үкімет, Ұлттық банк және ҚНРДА 2026-2028 жылдарға арналған Бірлескен бағдарламаны қабылдады. Мақсат – жыл сайын кемінде 5% өсім. Бірақ нарық қуанған жоқ. Ол күтіп тұр.Нарық сөзге емес, ақшаның қозғалысына сенеді.Сондықтан алғашқы реакция – сақтық болды.

KASE-де доллар 6 қарашада 447,14 теңгеге түсті. Теңге жеті сауда күні қатарынан нығайып келеді. Бұл сырттай жеңіс сияқты. Бірақ бұл – бағдарламаның жеңісі емес. Бұл – жоғары базалық мөлшерлеме мен carry trade-тің әсері. Шетелдік инвестор теңгелік активтерге кіру үшін алдымен теңге сатып алады. Оған қарашадағы салық аптасы қосылды. Экспортшылар бюджетке төлеу үшін валютасын сатты.Сол күні KASE индексі 0,52% төмендеп, 7815,73 тармаққа түсті. Доллар арзандаған күні индекс түсті.
Бұл – нарық «бәрі жақсы» деп қол соғып жатқан жоқ деген белгі
Сарапшылар да асыққан жоқ. Ұлттық банктің қазандағы макросауалнамасында олар 2026 жылға ЖІӨ өсімін 4,8%, инфляцияны 9,5%, базалық мөлшерлемені жыл соңына 15,9% деп бағалады. Бұл – Үкіметтің 5% деген мақсатына жақын, бірақ одан сәл төмен. Яғни нарық «көрейік» деп тұр.Банктер Ұлттық банктің жеңілдігін бірден сіңірді. Тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесіндегі қарыздар үшін борыштық жүктеме коэффициентінен босату 2029 жылғы 31 желтоқсанға дейін, автокредиттердің жекелеген түрлері үшін 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін сақталды. Бұл – бұрынғы тәртіптің жалғасы, сондықтан ауыр тиген жоқ.Ал ҚНРДА-ның қатаңдығын сіңіру қиынырақ. 11 ірі банкте борыш жүктемесі коэффициентін тексеретін DSR рәсімі басталды. 23 қазанда 7 микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылды. Жеке тұлғалардың тұтынушылық микрокредиттерін коллекторға сатуға мораторий 2027 жылғы 1 мамырға дейін ұзартылды. Коллекторлардағы проблемалық борышкер саны 850 мыңнан 350 мыңға дейін азайды.Ірі банктер бұл жүкті көтереді. Оларда резерв, жүйе, аудитор бар. Ал кіші МФО-лар көтере алмайды. Олар не нарықтан кетеді, не ірілерге қосылады. Бұл – нарықтың тазаратылып жатқаны.Түйін: Нарық бағдарламаны әлі жұтқан жоқ, шайнап жатыр. Оның шынайы бағасы инфляция мен базалық мөлшерлеме түскенде ғана көрінеді.