2026 жылғы бюджет 540 теңгелік бағаммен есептелген еді. Ал нақты бағам жылдың басым бөлігінде 85-95 теңгеге төмен болды. Соның салдарынан тоғыз айда тек қосылған құн салығынан 685,8 млрд теңге кем түсті. Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген трансферт жыл бітпей жатып таусылды.

540 деген не?
Бюджет жасағанда Үкімет— есептік бағамды ексерді.
2026 жылғы бюджетте бұл сан — 540 теңге болды. Яғни Үкімет «доллар 540 болады» деп емес, «есепті 540-пен жасаймыз» деп алды. Ал шындық басқаша болды. Қаңтар-қыркүйектегі орташа бағам — 478 теңге. Жылдың басым бөлігінде доллар есептік деңгейден 85-95 теңгеге арзан саудаланды. Айырма — небәрі 62 теңге сияқты көрінеді. Бірақ бюджет үшін бұл — триллион теңгенің мәселесі.
ҚҚС неге жетпей қалды?
Қаржы министрлігінің мәліметінше, тоғыз айда республикалық бюджетке 16,53 трлн теңге түсті. Шығыс — 18,74 трлн теңге. Тапшылық — 2,9 трлн теңге.Ал мұнайға қатысты емес тапшылық одан да жоғары — 7,26 трлн теңге.
Бұл тапшылықтың басты себебі — қосылған құн салығы.Тоғыз айда ҚҚС-тан 5,92 трлн теңге түсті. Жоспар — 6,61 трлн теңге болатын. Жетпегені — 685,8 млрд теңге. Жоспардың орындалуы — 89,6 пайыз ғана. Қаңтар-тамызды бөлек алсақ, жетпегені — 490 млрд теңге. Қаржы министрлігі жылдық болжамды 2-2,2 трлн теңгеге төмендетуге мәжбүр болды. Бұл — салық жиналмады деген сөз емес. Салық жиналды. Өткен жылмен салыстырғанда ҚҚС түсімі 37,3 пайызға өсті. Бірақ жоспар одан да жоғары болған.
Импорт арзандаса — салық азаядыМеханизм өте қарапайым.Импорттаушы тауарды доллармен сатып алады. Кеденде оның құны теңгемен есептеледі. Сол теңгелік құннан 16 пайыз ҚҚС алынады. Доллар 540 болса, 10 мың долларлық тауар — 5,4 млн теңге. Одан алынатын ҚҚС — 864 мың теңге. Ал доллар 475 болса, сол тауар — 4,75 млн теңге. ҚҚС — 760 мың теңге. Бір ғана жеткізілімде айырма — 104 мың теңгенің өзі ел көлемінде бұл — жүздеген миллиард теңге.
Импорттық ҚҚС бойынша жетпеген 503,9 млрд теңгенің 75 пайызы — дәл осы бағам факторынан. Ішкі ҚҚС бойынша жетпегені — 223,3 млрд теңге. Яғни мәселе — бизнестің салық төлемеуінде емес.
Мәселе — импорттың теңгемен арзандауында. Үкімет не дейді?
Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұл мәселені ашық айтты:
«Бізде теңге бағамы тым қатты нығайып кетті. Соның салдарынан импорттық ҚҚС-тан жетпей қалдық. Экспорттаушылар да мықты теңгеден түсімді аз алды».
Жұманғариннің айтуынша, бұған қоса Теңіздегі апат пен Каспий құбыр консорциумына жасалған шабуылдар салдарынан ел 6 млн тоннаға жуық мұнай өндірмей қалған. Тұтынушылық несиелендірудің салқындауы да сұранысты азайтқан. Бірақ Жұманғарин салық реформасын сәтсіз деп санамайды. Оның сөзімен айтқанда, тоғыз айда реформадан 3 трлн теңге түскен. Жыл соңына дейін 4 трлн теңгеге жетуге мүмкіндік бар.
Экономист не дейді?
Қаржыгер Ғалым Хусаинов бұл мәселені Telegram-арнасында талдады. Оның басты тұжырымы:
«Мұнай, алтын және мыс бағасының өсуі ҚҚС-қа әсер етпейді. Себебі экспортқа нөлдік мөлшерлеме қолданылады. Сондықтан ҚҚС бойынша жоспардың орындалмауының негізгі бөлігі — дәл мықты теңгеден».
Хусаиновтың есебі бойынша, теңге инфляция 9 пайыздан жоғары болғанына қарамастан, бір жылға жуық нығайып келеді. Соңғы 12 айда доллар 538 теңгеден 439 теңгеге дейін түсті. Қазір — 454 теңге маңайында.
Оның пікірінше, бұл алшақтық мәңгі созылмайды. Ұзақ мерзімде теңге біртіндеп әлсірейді. Бірақ қысқа мерзімде бағамды болжау қиын. Себебі маусымнан бері Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені төрт рет төмендетіп, 18 пайыздан 15,75 пайызға түсірсе де, теңге нығаюын тоқтатқан жоқ.
Экспорттаушы не ұтылды?
Мықты теңгеден тек бюджет қана емес, экспорттаушы да ұтылды. Экспорттаушы долларын сатып, теңге алады. Доллар арзан болса, оның теңгелік түсімі де азаяды.
Экономист Алмас Чукин осыны қарапайым мысалмен түсіндіреді. Егер экспорттаушы 1 млн доллар тапса, 540 бағаммен ол 540 млн теңге алады. Ал 478 бағаммен — 478 млн теңге. Айырма — 62 млн теңге. Бұл — бір ғана кәсіпорынның бір ғана операциясындағы шығыны. Ел көлемінде бұл — мұнайшы да, металлург те, астықшы да бірдей ұтылып отыр деген сөз.
Ұлттық қор не болды?
2026 жылғы бюджетте Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген трансферт — 2,77 трлн теңге деп бекітілген. Бұл қаражат жыл бітпей жатып толық түсті. Яғни жылдық лимит қазан айына жетпей таусылды. Kursiv Research есебі бойынша, мемлекет міндеттемелерін орындау үшін жыл соңына дейін қосымша 1,1-1,3 трлн теңге қажет болуы мүмкін.
Қаржы министрі Мәди Тәкиев бұл тапшылықты қарызбен жабу жоспарын жариялады
2026 жылы бюджет тапшылығы — 4,6 трлн теңге, немесе ЖІӨ-нің 2,5 пайызы. Оны жабу үшін сырттан 1,6 трлн теңге, ішкі нарықтан 3 трлн теңгеге жуық қарыз тарту жоспарланған. Биылдың өзінде Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкінен 1 млрд доллар, Қытайда панда-облигация орналастыру арқылы 1,5 млрд доллар тартылған. Министрдің айтуынша, бұл — әлемдік тәжірибе. Бірақ бұрын «Ұлттық қордан алуды доғарамыз» деген жоспардың орнына қайта қарызға оралу — мықты теңгенің жанама салдары.
Мықты теңгенің жақсы жағы бар ма?
Иә, бар. Оны жоққа шығаруға болмайды.Мықты теңге импортты арзандатты. Соның арқасында инфляция 2025 жылғы қыркүйектегі 12,9 пайыздан 2026 жылғы қыркүйекте 9,3 пайызға дейін түсті. Халық үшін бұл — жақсы. Дүкендегі баға баяу өседі. Сырттан әкелінетін тауар арзандайды.
Бірақ бюджет үшін бұл — жаман. Себебі бюджет импорттық салықпен және экспорттаушылардың теңгелік түсімімен толығады. Міне, бүкіл қайшылық осы жерде. Халыққа тиімдісі — бюджетке тиімсіз. Бюджетке тиімдісі — халыққа қымбат.
Түйін
Үш тұжырым жасауға болады.
Бірінші. Бюджет 540-пен есептелді, нақты бағам 478 болды. Айырма — ҚҚС-тың жетпеуіне әкелді.
Екінші. Тоғыз айда ҚҚС-тан 685,8 млрд теңге кем түсті. Оның 75 пайызы — бағам факторы.
Үшінші. Ұлттық қордан алынатын 2,77 трлн теңге таусылды. Жыл соңына дейін тағы 1,1-1,3 трлн теңге қажет болуы мүмкін.
Бұған дейінгі материалда біз қарашада Ұлттық Банктің нарыққа 1,6 млрд долларға жуық қаражат шығаратынын жазғанбыз. Дәл осы қаражат теңгені мықты ұстап тұр. Ал мықты теңге — бюджетті құртып жатыр. Яғни бір жағынан Ұлттық Банк теңгені ұстап тұр. Екінші жағынан сол мықты теңге бюджетті толтыруға кедергі болып тұр. Бұл — қазіргі Қазақстан экономикасының басты түйіні.