Тоғыз айдың қорытындысы бойынша кірістің айтарлықтай тапшылығы байқалды. Қаржы министрлігінің есебінде бюджет кірісінің 72,2 пайызға орындалғаны айтылған. Жоспардағы 22,89 трлн теңгенің орнына 16,53 трлн жиналды.

Бюджеттің кіріс бөлігін көбейтудің амалы қайсы?
Керісінше, бюджет шығысы жоспардың 71,5 пайызын орындап қойған. Формулаға салсақ, кіріс – 16,53 трлн теңге, шығыс – 18,74 трлн теңге. Тапшылық – 2,9 трлн теңге. Мұнайға қатысты емес тапшылық – 7,26 трлн теңге. Түсінікті тілмен айтқанда, Ұлттық қордан алынатын 2,77 трлн теңге лимиттің барлығын жұмсап қойдық. Бұл тығырықтан Ұлттық қор арқылы шықпақ болған әрекетіміз нәтиже бермегенге ұқсайды. Бюджеттің алдағы екі айдағы кіріс-шығысы қаралып, сараланып жатыр.
Бюджетті тиімді басқару және оның өлшемдерін неғұрлым дұрыс болжау – Үкіметтің алдында тұрған басты міндет. Себебі тоғыз айда басталған тапшылық жыл аяғына дейін жалғасуы мүмкін.2026 жылғы бюджет тапшылығы – 4,6 трлн теңге, немесе ЖІӨ-нің 2,5 пайызы. Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселесін таратып айтып, қаржы ең қажет жобаларға жұмсалуы қажеттігін ескертті.
Мықты теңге неге бюджетке тиімсіз?
Бұл жолы тапшылықтың басты себебі – бағам. Бюджет 540 теңгелік бағаммен есептелген. Ал тоғыз айдағы орташа бағам – 478 теңге. Жылдың басым бөлігінде доллар есептік деңгейден 85-95 теңгеге төмен саудаланды. Қосылған құн салығы бойынша жоспар 89,6 пайыз ғана орындалды. Түскені – 5,92 трлн теңге. Жетпегені – 685,8 млрд теңге. Қаржы министрлігі жылдық болжамды 2-2,2 трлн теңгеге төмендетті. Механизм қарапайым. Импорт арзандаса – салық азаяды. Доллар 540 болса, 10 мың долларлық тауардан 864 мың теңге ҚҚС алынады. Доллар 478 болса – 760 мың теңге. Бір жеткізілімдегі айырма – 104 мың теңге. Ел көлемінде бұл – жүздеген миллиард.
Қаржыгер Ғалым Хусаиновтың айтуынша, мұнай, алтын және мыс бағасының өсуі ҚҚС-қа әсер етпейді, өйткені экспортқа нөлдік мөлшерлеме қолданылады. Сондықтан жоспардың орындалмауының негізгі бөлігі – дәл мықты теңгеден.«Мұндай алшақтық мәңгі созылмайды. Кейін теңге тез әлсіреуі мүмкін», дейді ол.
1,6 млрд тоқтаса не болады?
Қарашада Ұлттық Банк нарыққа екі ағынмен 1,6 млрд долларға жуық қаражат шығарады. Біріншісі – алтын операциясы аясындағы 302 млрд теңгеге баламалы валюта. Екіншісі – Үкімет өтінімдері үшін Ұлттық қордан алынған 910 млн доллар. Осы 1,6 млрд долларды 440-450 теңге аралығында ұстап тұр. Бірақ бұл – уақытша тірек. Егер бұл ағын тоқтаса, бағамның 470 теңгеге дейін көтерілуі – сарапшылар айтатын ең ықтимал сценарий.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин жағдайды былай бағалады: «Теңге бағамы тым қатты нығайып кетті. Соның салдарынан импорттық ҚҚС-тан жетпей қалдық. Экспорттаушылар да мықты теңгеден түсімді аз алды»
Сарапшылар не дейді?
Сарапшы Мағбат Спановтың айтуынша, біздегі тапшылыққа инфляция да, мықты теңге де себеп болып отыр.
«Шығыстардың ұлғаюы мемлекеттік органдардың барлық бюджеттік баптарына тән: жоғары инфляцияны бастан өткергендіктен, шығынның барлығы индекстелді. Алайда әкімшілер бұл қаражаттың қаншалықты тиімді пайдаланылғанын талдамайды. Бюджет кірісінде проблема бар. Үкімет оны Ұлттық қор арқылы толтырудан өзге шешім ұсынып отырған жоқ», — дейді ол.
«Ұлттық қордан шығыстарды ұлғайту контрциклдік фискалдық саясатқа қайшы. Бұл қаржы әлеуметтік төлемдер мен тұтынуға жұмсалады. Нәтиже бермеген бағдарламалардың орындалуын тоқтату керек», — дейді Спанов.
Қаржыгер Расул Рысмамбетовтің айтуынша, биыл еліміз үшін сынақ жылы болмақ, өйткені экономикада үлкен теңгерімсіздік сақталып отыр. Экономикалық өсімді 6 пайызға жеткізу қиын болады.«Аймақтардағы әкімдер экономиканы дамытып, салық жинаудың орнына Астанадан қаржы сұрай салғанды қолай көреді», дейді ол.
Кірісті қалай толтырамыз?
Бюджет кірісінің тапшылығы Үкіметке жыл соңына дейін кіріс жағдайын түзетуді міндеттейді. Қазынаны Ұлттық қорға қол созбай толтыру мәселесі алдағы екі-үш жылда трендтен түспейді.
Ұлттық компаниялардың, әсіресе «Самұрық-Қазына» қорындағы тендерлерді бірыңғай мемлекеттік сатып алу жүйесіне көшіру қажеттігін сарапшылар жиі айтады. ҚҚС мөлшерлемесі 12 пайыздан 16 пайызға көтерілді. Демек бюджеттің кіріс бөлігін әртараптандырып, шығысын азайтатын жобалар қолға алына бастады.
Бірақ қазіргі бюджет тапшылығы – оны жоспарлағандардың қателігі. Мемлекеттің экономиканы тым қатты өбектеп кетуі оның нарық жолымен өсуіне кедергі келтірмек. Сарапшылардың есебі бойынша, жыл соңына дейін қосымша 1,1-1,3 трлн теңге қажет болуы мүмкін. Бұл – ресми жоспар емес, сарапшы бағасы.