Ақын, қоғам қайраткері Қазыбек Иса кеше әлеуметтік парақшасында қаржы әлеміндегі ірі тұлғалардың ұстала бастағанын көрген жұрт «Заң мен Тәртіп» қағидатын енді сезіне бастады деп жазды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Елжас Отыншиев және сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп күдікке ілінген өзге де тұлғалар ұсталды.
Әлеуметтік желіде Астанадағы «Атлант» тұрғын кешенінің ауласында шашылып жатқан ақша салынған чемодандар туралы видео тарады. Желіде 6 миллион доллар пара алу туралы әңгіме желдей есіп жүр. Алайда бұл оқиға туралы анық, нақты, толық ресми мәлімет әлі жарияланған жоқ. Байлықтың үстінде отырған мемлекеттің қазынасы қайда кетіп жатыр, бюджеттің бүйірі неге толмайды десек, мәселенің тым тереңде жатқаны байқалады.
Самұрық не деді?
Ұстаудан кейін «Самұрық-Қазына» қоры құқық қорғау органдарымен ынтымақтастыққа дайын екенін мәлімдеді.
Қордың баспасөз қызметі:
«Қазіргі уақытта уәкілетті органдар тиісті тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр. Қор құқық қорғау органдарына жан-жақты жәрдем көрсетіп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында сұратылған ақпарат пен материалдарды ұсыну арқылы қажетті өзара іс-қимылды қамтамасыз етіп отыр».
Яғни, басшы ұсталса да, қор жұмысын тоқтатқан жоқ, тергеумен жұмыс істеп жатыр. Бұл маңызды. Өйткені Нұрлан Жақыпов қорды 2025 жылдан бері басқарып келді. Ал қор – мұнай-газ, энергетика, көлік-логистика сияқты елдің стратегиялық активтерін басқаратын ұйым. Ал ҚТЖ-ны 2026 жылдың шілдесінен бері басқарып келген Елжас Отыншиев бұған дейін 2023 жылдың сәуірінен бастап Самұрық-Қазынада стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директор болған, қордың басқарма құрамына кірген. Сонымен, ұсталғандар – жүйенің сыртындағы адамдар емес, жүйенің дәл ортасындағы адамдар.
Сұрақ – Жауап – Шешім – Ескерту
Осы жерде қоғамда бұрыннан айтылып келе жатқан төрт пікір бір-біріне жалғанады. Саясаттанушы Досым Сатпаевтың айтуынша, тәртіп орнап жатса, неге Самұрық әлі министрлік сияқты жұмыс істеп отыр? Қорды кім басқарып отыр – мемлекет пе, әлде бизнес пе?
Бұл сұраққа Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жауап берді.
Оның айтуынша, мемлекет енді «бәрін өзі істейтін» басшы болмауы керек, ол – тәртіп орнататын, ереже қоятын тарап болуы керек. Ал экономикада шешімді бизнес қабылдауы тиіс.
Осы сұраққа қаржыгер Расул Рысмамбетов нақты шешім ұсынды.
Оның пікірінше, қорды министрлік үлгісінде ұстауды доғарып, нағыз инвесторға айналдыру керек:
«Самұрық Temasek сияқты портфельдік модельге көшуі керек. Мемлекет белсенді емес акционер болуы керек. Шешімді квазимемлекеттік менеджмент емес, бизнес мүддесі қабылдауы керек. Бәрін біртіндеп жартылай жеке қолға беру керек».
Осылайша Рысмамбетовтың ұсынысы Сатпаевтың сұрағына да, Әшімбаевтың жауабына да табиғи жалғасады.
Ал қаржыгер, QAMS атқарушы директоры Данияр Темірбаев бұл ұсынысты бүгінгі шындықпен сабақтастырды:
«ҚТЖ-ның IPO-сы анықталмаған мерзімге шегеріледі. Себебі қылмыстық тергеу кезінде IPO-ға қажетті корпоративтік шешімдерді қабылдау мүмкін емес», дейді ол. Яғни, Рысмамбетов «жекеге беру керек» десе, Темірбаев «пікір дұрыс, бірақ оны қазір жүзеге асыру мүмкін емес», — деп нақтылайды.
Модель дұрыс, алайда оның уақыты әлі келген жоқ.Осылайша төрт пікір бір тұтас ойға айналды.
Сұрақ – жауап – шешім – ескерту
Ал бюджеттің екінші жағында не болып жатыр?Дәл осы уақытта мемлекет қарапайым адамға төленетін төлемді қысқартып жатыр. Бүгін бала күтіміне байланысты төлем орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды. Одан 10% міндетті зейнетақы жарнасы ұсталады, ал айырмасын 10%-ға дейін мемлекет бюджеттен субсидия ретінде қосып төлеп келді. Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл субсидия тоқтайды. Әлеуметтік кодекстен 87-89-баптар алынып тасталады. 1 қаңтарға дейін тағайындалған субсидиялар да тоқтатылады. БЖЗҚ-ға тек төлемнен ұсталған ОПВ ғана түседі, мемлекет үстінен қосып төлемейді.
Сонымен қатар 2027 жылдан бастап төлем анаға бекітіледі. Ана бала 1,5 жасқа толмай жұмысқа шықса да, төлем сақталады. Бала күтімі уақыты бұрынғыдай зейнетақы өтіліне жазылады – барлығы 12 жылға дейін. Осы өтіл базалық зейнетақының мөлшеріне әсер етеді.
Самұрықта миллиардтардың қайда кеткені тергеліп жатыр, төменде – ананың зейнетақысына қосылатын 10% субсидия «бюджетте ақша жоқ» деп қысқарып жатыр.
Осы екі оқиғаны қатар қойғанда, халықтың басты сауалы туындайды: қазына шынымен бос па, әлде қазынаны толтыруға кедергі болып отырған – сол жоғарыдағы тонау ма?
Бүгінгі жиын не шешеді?
2026 жылғы 13 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысы өтеді. Президенттің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың жазуынша, жиында Президент «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолы» басшыларының ұсталуына байланысты мемлекеттің позициясын жеткізеді.
Сонымен қатар «Заң мен Тәртіп» қағидатын сақтау, ұлттық компания басшыларының жеке жауапкершілігі және стратегиялық кәсіпорындардағы заңдылық пен ашықтық мәселелеріне айрықша назар аударады.Яғни, еліміздегі сыбайлас жемқорлық деңгейі ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды деген сөз. Екінші жағында – Самұрыққа айтылған: «Заң бәріне бірдей».
Егер екіншісі орындалса, біріншісіне де ақша табылады. Егер жоғарыдағы тонау тоқтаса, төмендегі ананың 10% субсидиясын қысқартудың қажеті болмас еді. Ұсақ-түйекке мән беруді қойған ел енді Самұрықтың өзі қазына қарпып жатып тұтқындалғанын көргенде, «Заң мен Тәртіп» қағидаты шынымен де бәріне бірдей, адам таңдамайды дегенге көз жеткізе бастады. Тек баяғы 2016 жылы бір миллион доллар пара алып ұсталған «Қорғас» орталығының президенті Василий Ни секілді, қылмысын мойындағаны және «шын ниетпен өкінуіне» байланысты алты айдан кейін қылмыстық жауапкершіліктен босап, құтылып кетпесе деңіз?