Заңға қол қойылды. Мәселе жабылған сияқты. Бірақ бір сұрақ ашық қалды: Құрылтай өз заңын неге қорғай алмады?

Әңгіме «Мемлекеттік наградалар туралы» заң жөнінде.Құрылтай заңды 14 қазанда қабылдады. 3 қарашада Президент құжатқа қарсылығын білдіріп, кері қайтарды. Депутаттар Президент ұсынған редакцияны талқылаусыз мақұлдады. 11 қарашада заңға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Бұл – Құрылтай тарихындағы алғашқы вето. Жаңа Конституция енгізген тежеу тетігінің алғашқы сынағы.
Бұған дейін Мәжіліс пен Сенат қызмет еткен кезеңде Мемлекет басшысы қабылданған заңды ешқашан кері қайтарған емес. Жаңа Конституция 1 шілдеде күшіне енген соң ғана Президентке мұндай құқық берілді. Ол алғаш рет осы заңда қолданылды.
Президент неге келіспеді?
Президент заңның бәріне қарсы болған жоқ. Ол бір бапқа келіспеді – 12-1-бапқа.Заңның алғашқы нұсқасында 12-1-бап «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденіне арналған еді. Сол бап бойынша орден жеке мәртебемен бекітіліп, Даңқ кітабына енгізілетін наградалар тізімінде тұруы керек болатын.
Президенттің редакциясында 12-1-бап толық алынып тасталды. Назарбаев ордені жалпы тізімге – 13-3-бапқа көшірілді, Даңқ кітабына енгізілетін тізімнен шығарылды. Яғни, Президент орденнің өзіне қарсы болған жоқ. Орден қалды. Ол орденге ерекше, жеке мәртебе беруге қарсы болды.
Тежеу мен тепе-теңдік – келісу емес, пікірталас
Егер бұл тежеу мен тепе-теңдіктің шынайы көрінісі болса, Құрылтай өз шешімін қорғауы тиіс еді. Президент бір баптың дұрыс еместігін алға тартса, депутат өз ұстанымын дәлелмен қорғауы керек. Комитетте талқылау өтуі, қарсы пікір айтылуы, дауыс беру алдында сұрақ қойылуы керек. Алайда мұндай талқылау болған жоқ. Депутаттар 14 қазанда 12-1-бапты өздері қолдап дауыс берді. Ал 3 қарашада оның алынып тасталуын да солай қолдады. Екі дауыс берудің арасында ашық пікірталас, нақты дәлел, қарсы уәж айтылмады.
Әрине, Құрылтай Президент ветосын еңсере алатын еді – ол үшін депутаттардың үштен екісі қажет. Бірақ мәселе дауыста емес. Мәселе – талқылаудың болмауында. Ветоны еңсеруге тырысудың өзі Құрылтайдың ықпалды екенін көрсетуші еді.
Бұл – Құрылтайдың өз шешіміне деген жауапкершілігінің әлі қалыптаспағанын көрсетеді. Заң шығарушы орган өзі қабылдаған құжаттың мазмұнына сенімді болса, оны қорғауға да дайын болуы керек. Ал қазіргі көрініс басқаша: Ақорда түзетті – Құрылтай мақұлдады.
Түйін
Бұл вето «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай» қағидасын жоққа шығармайды. Ол осы қағиданың жартысы ғана жұмыс істеп тұрғанын көрсетті. Күшті Президент бар. Ықпалды Құрылтай әлі жоқ. Заңға қол қойылды. Бірақ бұл прецедент ертеңгі заңдарға үлгі болмауы керек. Бірінші вето қалай өтті, солай дәстүрге айналады. Сондықтан мәселе – бір бапта емес, Құрылтайдың өз ұстанымын дәлелмен қорғай алатын деңгейге көтерілуінде.