Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне тыйым салу ұсынылып отыр. Ниет — балаларды жат әсерден қорғау.

Бұл ұсынысты 18 қарашада Құрылтай отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев таныстырды. Ол онлайн-платформалар және масс-медиа туралы екі заң жобасын бірінші оқылымда қорғап шықты.
«Бүгін балалардың платформалардағы ақпаратқа, соның ішінде зиянды және деструктивті контентке қол жеткізуі іс жүзінде шектелмеген. Осыған байланысты 16 жасқа толмаған балалардың платформаларда тіркелуіне тыйым салу ұсынылады. Платформа иелері мен олардың өкілдіктері пайдаланушылардың жасын тексеру шараларын қабылдауға міндетті болады».
Осы жерде министр бірден шекараны да сызып берді:
«Бұл шектеу тұлғааралық қарым-қатынас жасауға, сондай-ақ ата-аналармен және мұғалімдермен байланыс орнатуға арналған мессенджерлерге қолданылмайды».
Бұл сөйлем ұсыныстың мәнін ашып тұр. Мұнда әңгіме телефонды тыйып тастау туралы емес, шекараны қайда қоятынымыз туралы. Алдымен, шекара интернетке емес, әлеуметтік желіге қойылып отыр. «Бала интернетке кірмесін» емес, «бала әлеуметтік желіге кірмесін, бірақ байланыста қалсын» деген ұстаным. Мессенджер қалады, білім беру контенті қалады. Шектелетіні — алгоритмді лента, лайк, танымалдық жарысы. Яғни мақсат — баланы оқшаулау емес, қауіпті ортадан бөлу.
Одан кейін, жауапкершілік тек ата-анаға жүктелмейді. Бұған дейін «баланы ата-ана қадағаласын» дейтінбіз. Енді мемлекет TikTok, Instagram, YouTube-қа: «Сен менің елімде менің ережеммен ойнайсың» деп отыр. Бұл — көмек пе, әлде мемлекеттің жаңа міндетті өз мойнына алуы ма — оны уақыт көрсетеді. Бірақ дәл осы жерде заңды сұрақ туады: министр ұсынысты айтты, ал оны қалай іске асырамыз?
Тетік туралы министрлік не дейді?
Бұл сұрақтың жауабын министрліктің өзі бұған дейін түсіндіріп көрген еді. Astana Media Week 2026 форумына қатысқан бірінші вице-министр Қанат Ысқақов тетіктің ең қиын жерін ашық айтты:
«Ең басты мәселе – пайдаланушының жеке басын анықтау. Бұл – өте күрделі жұмыс. Сондықтан адамның жасын анықтаудың бірыңғай алгоритмін әзірлеу үшін цифрлық платформалардағы әріптестерімізбен бірлесіп жұмыс істейміз».
Ол сондай-ақ балалардың білім алуына және басқа да маңызды ақпаратқа қол жеткізуіне шектеу қоймау керек екенін ескертті. Яғни министр саяси шешімді жарияласа, оның орынбасары министрліктің атынан сол шешімнің техникалық жағының оңай еместігін түсіндірді.
«Қалай істейміз?» деген сұрақ әзірше толық шешілген жоқ. Бұл — заң жобасының ең осал тұсы.
Тетік неге әлсіз?
Біріншіден, VPN. Бала VPN қосса, шартты түрде басқа елдің пайдаланушысына айналады. Қазақстанның заңы Қазақстанда қалады, ал бала интернетте басқа жақта жүреді.
Екіншіден, жалған мәлімет. Бүгін 13-тегі бала ертең аккаунтында 18-ге тола салады. Платформалар Қазақстаннан төлқұжат сұрамайды. Сұраған күннің өзінде, бала ата-анасының құжатымен кіріп кетеді.
Үшіншіден, ортақ құрылғы. Телефон көбіне ата-анасының атында. Бірақ ішінде отырған кім — құрылғы білмейді. Бір телефонды бүкіл отбасы пайдаланады. Осы себепті депутат Александр Даниловтың өзі де нақты механизмнің әлі пысықталмағанын ашық айтып отыр:
«Қайта тіркелуге тосқауыл болатын тетіктер шынында да талқыланып жатыр. Соның ішінде VPN көмегімен тексеруден жалтару жолдары да қарастырылуда. Нақты механизмді әлі пысықтау қажет».
Яғни мемлекет «тыйым саламыз» дейді, бірақ «қалай?» деген сұрақ әлі ашық тұр.Ал «қалай?» деген сұраққа мамандардың жауабын тыңдап көрейік.
Мамандар не дейді — үш пікір, бір түйін
Мамандардың пікірі үшке бөлінгендей көрінуі мүмкін. Бірақ тереңірек қарасаң, үшеуі бір-біріне қарсы емес, бір-бірінің сөзін толықтырып тұр. Өйткені үшеуі де бір нәрсені айтады: техника жалғыз шешпейді, сенім керек. Алдымен психологтарды тыңдайық. Балалар психологі Надежда Кучеруктың айтуынша, ешбір техникалық жүйе ата-ананы алмастыра алмайды. SIM-карта шекара қоя алады, бірақ балаға интернетте қалай аман қалуды ересек адам үйретуі керек. Ең жақсы қорғаныс — технология мен сенімнің қосындысы.
Білім беру психологі Ольга Третьякова осы ойды жалғайды: баламен сенімді қарым-қатынас орнату, қауіпті ашық талқылау — заңнан әлдеқайда тиімді. Осы ойды IT-мамандар техникалық тұрғыдан растайды. IT-сәулетші Виталий Пустовойтенко балалардың тіркелуін толық шектеу өте қиын дейді.
Заңгер Ғабит Өмірбеков балалар басқа адамның телефонымен, жалған атпен, жалған туған күнмен тіркеледі деп ашып айтады. Яғни сенім болмаса, техниканы айналып өту оңай.Ал әлеуметтанушылар осы ойды қоғам деңгейіне көтереді. Социолог Дина Иманбай балалардың әлеуметтік желіге тіркелуін жасына қарай шектеу дұрыс, мұндай тәжірибе дамыған елдерде де бар дейді. Бірақ Австралияда 140-тан астам ғалым тыйымды «тым дөрекі құрал» деп атап, бұл жасөспірімдерді қолдау ресурстарынан айырып, оқшауландырады деп ескертті. Яғни сенімсіз қоғам баласын оқшаулайды. Сөйтіп, үш пікір бір түйінге келіп тіреледі: сенімсіз тыйым жұмыс істемейді, сенімсіз техника айналып өтіледі, сенімсіз қоғам оқшаулайды.
Бұл түйін бізді мәселенің терең астарына әкеледі.Журналистер мән бермей отырған астарБірінші астар — бұл бала туралы ғана емес, үлкен платформалар туралы заң. Мемлекет TikTok, Instagram, YouTube-қа: «Сен менің елімде менің ережеммен ойнайсың» деп отыр.
Бұл — цифрлық егемендік үшін таластың бастамасы
Екінші астар — ата-ана жауапкершілігін мемлекетке ысыру қаупі. Заң шықса, ата-ана «мемлекет қарайды» деп қолын жуып отыруы мүмкін. Ал бала телефонды жастығының астына тығып, түнде қарай береді. Яғни жауапкершілікті заңға тапсырып қойсақ, отбасындағы бақылау әлсіреп кетеді.
Үшінші астар — деректер үшін күрес. Баланың жасын анықтау үшін төлқұжат, бет-әлпет, биометрия керек. Біз баланы қорғаймыз деп, баланың дерегін платформалардың базасына ашып береміз бе? Осы сұрақты әзірше ешкім қойып отырған жоқ.Ал осы астарлардың ішінде депутаттардың өзі де әлі шешімін таппаған мәселе бар — өтпелі кезең. Білім мен отбасы — басты тетік.
Депутаттар өтпелі кезеңнің ұзақтығын да әзірге белгілеген жоқ. Бұл мәселелер заң жобасының екінші оқылымынан кейін қаралады. Яғни заң әлі дайын емес, талқылау жүріп жатыр.Бірақ бір нәрсе анық: мемлекет балаларды білім беру контентінен айыруды көздемейді. Ысқақовтың өзі айтқандай, балалардың білім беру және өзге де маңызды мазмұнды алуына шектеу қоймау үшін қоғамдастықпен бірлесіп жұмыс істеу керек.
Қорытындыда бір ақиқат анық: заң қаншалықты қатал болса да, баланың қасында отырып, оның нені көріп отырғанын білетін ата-ананың орнын ешбір алгоритм баса алмайды. Сондықтан басты тетік — техника емес, отбасындағы сенім, әңгіме және бақылау болмақ. Тыйым — бастамасы ғана. Шешетіні — ата-ананың сенімі + мектептегі цифрлық сауат + платформаның жауапкершілігі.