Қазақстанда ипотеканың бастапқы жарнасын 10 пайызға дейін түсіру мәселесі пысықталуда. Үкімет бұл тетікті 2027 жылы жарияламақ.

Халық бұл жаңалыққа қуанды. Себебі 30 млн теңгелік пәтерге 15 млн теңге жинамай-ақ, 3 млн теңгемен кіруге болады. Бірақ бұл қуаныштың артында бір сұрақ тұр: ерте кіру – арзан кіру деген сөз бе? Әлде біз бүгін үнемдеген 3 млн теңге үшін ертең 8 млн теңге артық төлейміз бе? Не болды? «Ұмай» ипотекасы төңірегіндегі дүрбелеңнен кейін журналистер Үкіметтен жаңа жеңілдік бағдарламалары бола ма деп сұрады. Құрылыс комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбековтің айтуынша, қаржылық модель «Отбасы банкпен» бірлесіп пысықталып жатыр. Бірақ мөлшерлеме, мерзім, кім қатыса алатыны әлі айтылған жоқ.
Осы бағдар халықты неге қуантты?
Оны түсіну үшін қазіргі талапқа қарайық. Бүгін «Отбасыдан» үй алғыңыз келсе, пәтердің жартысын өзіңіз жинауыңыз керек. 30 млн теңгелік пәтерге – 15 млн теңге. Бұл – көп отбасы үшін 5-7 жылдық жинақ. Сондықтан халық «Отбасыға» кіре алмай жүр.«Наурыз» бағдарламасы бұдан жеңілірек. Онда 20 пайызбен кіруге болады. Ал егер пәтер таза әрлеуде болса, яғни кілтін алып кіре беретін болса, онда 10 пайыз да жетеді. Яғни, 10 пайыз деген – бұрын-соңды болмаған дүние емес. Ол қазірдің өзінде бар, бірақ тек шектеулі жағдайда.
Ал енді Үкімет айтып отырған жаңа модель – осы 10 пайызды барлығына бірдей, жүйелі етіп жасау. Яғни, мәселе жарнаның өзінде емес. Мәселе – осы 10 пайыз қандай мөлшерлемемен бірге келеді? Осы сұрақ бізді басты есепке жетелейді.
Басты есеп: 30 млн теңгелік пәтер бағасы – 30 млн теңге. Мерзім – 20 жыл. Бұл – 240 ай.10 пайызбен кірген адам қалтасынан 3 млн теңге шығарады. 20 пайызбен кірген адам – 6 млн теңге. Айырма – 3 млн теңге.
Бірінші адам бүгін 3 млн теңге үнемдеді. Бұл – оның қуанышы. Ол осы 3 млн теңгені жинау үшін тағы 1-2 жыл күтпейді, ерте кіреді.
Бірақ екінші жағын қараңыз: бірінші адам банкке 27 млн теңге қарыз болады. Екінші адам – 24 млн теңге. Яғни, бірінші адам банкке 3 млн теңге көп қарыз. Бұл – оның болашақ жүгі. Бұл 3 млн – жай 3 млн емес, ол – 12,5 пайызға көп қарыз. Енді осы 3 млн теңгелік көп қарыз 20 жылда қалай өсетінін сөзбен таратамыз.
«Отбасы» – 5 пайызбен алса, не болады?
10 пайызбен кірген адам ай сайын 178 мың 188 теңге төлейді. 20 пайызбен кірген адам – 158 мың 389 теңге. Айырма – небәрі 19 мың 799 теңге. Бірақ сырт көзге «түк емес» 20 мың теңгені 240 айға көбейтсек 1 млн 751 мың теңгеге айналады. Яғни, сіз бүгін үнемдеген 3 млн теңге үшін, 20 жылда 1,7 млн теңге артық төлейсіз. Бұл – жеңілдік нұсқасы. Бұл – «Отбасы» сияқты арзан заемда.Ал енді нарықтық мөлшерлемеде ше? Осы жерде әңгіме мүлдем басқаша болады.
Нарықтық – 18 пайызбен алса, не болады?
10 пайызбен кірген адам ай сайын 416 мың 694 теңге төлейді. Бұл – Алматыда бір бөлмелі пәтерді жалға алудан да қымбат. 20 пайызбен кірген адам – 370 мың 395 теңге. Айырма – 46 мың 299 теңге. Айына 46 мың теңге – бұл бір отбасының бір айлық азық-түлігі.Ал 20 жылда ше? 10 пайызбен кірген адам барлығы 100 млн теңге төлейді. Пәтердің өзі 30 млн болса, ол банкке тек пайыз үшін 73 млн теңге төлейді. Пәтерден екі есе көп. 20 пайызбен кірген адам барлығы 88,8 млн теңге төлейді, пайызы – 64,8 млн теңге.
Айырма – 8 млн 111 мың теңге. Яғни, бүгін үнемдеген 3 млн теңге үшін, ертең 8,1 млн теңге артық төлейсіз. Міне, есептің сөйлегені осы.Қорытындысы қарапайым: 20 пайыз төлеген адамның үстеме пайызы 12,5 пайызға төмен. Неге? Себебі қарыздың өзі де 12,5 пайызға аз. Мөлшерлеме өзгермейді – 5 пайыз сол 5 пайыз, 18 пайыз сол 18 пайыз. Бірақ қарыз көп болған соң, оның үстіне есептелетін пайыз да көп болады.
Халық бұған неге қуанады?
Халықтың инфляцияға қатысты өз есебі бар.
Қоғамда «3 млн теңге – үлкен ақша. Ал 10 жылдан кейінгі 178 мың теңгелік төлем – қазіргі 80 мың теңгедей ғана болады. Себебі бәрі қымбаттайды, жалақы да өседі. Инфляция менің қарызымды жуып кетеді» деген үміт бар. Егер инфляция жылына 8 пайыз болса, ал сіздің ипотекаңыз 5 пайыз болса – сіз ұтасыз. Себебі қарызыңыздың нақты құны жыл сайын азаяды. Сөзбен айтқанда, сіз қағаз жүзінде 42,7 млн теңге төлейсіз. Бірақ бүгінгі ақшамен есептегенде, бұл – 21,7 млн теңге ғана. Яғни, инфляция сіздің қарызыңыздың 5,2 млн теңгесін өзі «жеп» қойды. Ол сіздің пайдаңызға жұмыс істеді.
Ал егер ипотекаңыз 18 пайыз болса – инфляция сізді құтқара алмайды. Сіз қағаз жүзінде 100 млн теңге төлейсіз, бүгінгі ақшамен – 50,8 млн теңге. Яғни, әлі де 23,8 млн теңге шығын тұр. Себебі мөлшерлеме инфляциядан жоғары. Инфляция шығынның бір бөлігін ғана жуады, түгел жуа алмайды.
Үкіметте ипотека пайызын түсіретін тетік мүлдем жоқ па?
Халықтың қалтасын шын мәнінде жеңілдететін – жарна емес, пайыз. Банк салымшыдан депозитті 14-15 пайызбен алады, оған өз маржасын қосады, тәуекелді қосады – міне, 18 пайыз шығады. Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі жоғары тұрғанда, нарықтық ипотека арзандай алмайды. Бұл – экономиканың темір заңы.
Үкіметтің қолында не бар?
Бірінші тетік – «Отбасы» арқылы арзан ақша беру. Бұл жұмыс істейді, бірақ оның көлемі шектеулі. «Отбасы» – салымшылардың ақшасымен жұмыс істейді. Ол бүкіл елді қамти алмайды. Сондықтан оған кіру үшін 50 пайыз жинау керек деген талап қойылған. Яғни, арзан ақша бар, бірақ ол аз адамға жетеді.
Екінші тетік – мөлшерлемені бюджеттен субсидиялау. Яғни, банкке 18 пайызды халық емес, бюджет төлейді. Бұл – «Наурыз», «Отау» сияқты бағдарламалардың мәні. Бірақ бұл да шектеулі. Себебі бюджет шексіз емес. Әрбір субсидияланған пәтер – бюджеттің мойнына ілінген ұзақ жылдық жүк. Бүгін 10 мың отбасыға субсидия берсеңіз, ертең 100 мың отбасы кезекте тұрады.
Үшінші тетік – жарнаны түсіру. Міне, Үкімет қазір осы үшінші тетікті таңдап отыр. Неге? Себебі бұл – бюджетке ең арзан тетік. Жарнаны 10 пайызға түсіру үшін бюджеттен тікелей ақша шығарудың қажеті жоқ. Тек талапты өзгертсеңіз болды. Бірақ оның құны – халықтың мойнына түседі. Себебі қарыз көбейеді, пайыз көбейеді. Яғни, тіпті жарнасыз берсе де, егер пайыз 18 пайыз болып тұрса, халықтың қалтасы жеңілдемейді. Керісінше, ауырлайды. Себебі жарнасыз кіру – қарызды ең көп ету деген сөз. Ал қарыз көп болса, пайыз да ең көп болады.
Сондықтан экономистердің пікірі мынау: жарнаны түсіру – әлеуметтік жеңілдік емес, экономикалық ымыра. Ол халыққа «кір» дейді, бірақ «арзан тұрады» демейді.
Сарапшылар пікірталасы – есептің жалғасы
Бірінші тараптың ойынша, 10 пайызбен кіріп алған адам 5 жылдан кейін пәтері қымбаттап, жалақысы өсіп, қарызы жеңілдеп қалады. Бастысы – есікке кіру.Ал екінші тарап – бұл тек жалақы инфляциямен бірге өссе ғана жұмыс істейді деп санайды.
Егер жалақы өспесе, азық-түлік қымбаттаса, ай сайынғы 416 мың теңгелік төлем отбасы бюджетін «жуып» кетеді. Инфляция қарызды емес, бюджетті жейді. Осылайша, есеп – пікірталасты, пікірталас – есепті қуаттап тұр.
10 пайыз – қуаныш па, әлде ауыр жүк пе?
Жауап – мөлшерлемеде. Егер 10 пайыз бен 5 пайыз бірге келсе – бұл қуаныш. Сіз ерте кіресіз, инфляция сізге көмектеседі. Егер 10 пайыз бен 18 пайыз бірге келсе – бұл ауыр жүк. Сіз ерте кіресіз, бірақ 20 жыл бойы 8 млн теңге артық төлейсіз.
Сондықтан халық 2027 жылы тек жарнаны емес, мөлшерлемені күтуі керек. Себебі пәтерді жарна емес, мөлшерлеме қымбаттатады. Ал мөлшерлемені түсіретін нақты тетік әлі көрінбей тұр. Жарнаны түсіру – есікті ашу, бірақ есіктен кірген соң төлейтін бағаны арзандату емес.