
Ұлттық рейтингтік агенттік құру туралы заң жобасы бүгін Қазақстан Парламенті Мәжілісінде бірінші оқылымда қаралды.
«Біздің елде ұлттық рейтинг агенттігі жоқ. «Ұлттық рейтингтік агенттік туралы» заң жобасы осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында әзірленді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова хабарлағандай, болашақ агенттіктің жарғылық капиталы шамамен 10 млрд теңгені құрайды.
Акционерлер қатарында Қазақстанның Ұлттық банкі, халықаралық рейтингтік агенттіктер мен жеке инвесторлар болады деп күтілуде. Бұл ретте әрбір қатысушының үлесі 10% -дан аспайды.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабековтың айтуынша, реттеушінің капиталға қатысуы уақытша болады — шамамен үш-төрт жылға. Алдағы уақытта Ұлттық банк агенттіктің тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін құрылтайшылар құрамынан шығуды жоспарлап отыр.
Жаңа агенттік қазақстандық компанияларға, оның ішінде «Даму» және «Бәйтерек» қорлары арқылы мемлекеттік бағдарламаларға қатысушыларға кредиттік рейтингтер береді, деп нақтылады ҚДРА төрағасының орынбасары Мария Хаджиева.
Заң жобасы рейтингтік қызметті мемлекеттік реттеу мен қадағалауды енгізуді көздейді, сондай-ақ қаржы нарығының талаптарын осындай ұйымдарға таратады. Бұдан басқа, банктер мен сақтандыру компанияларына олардың капиталына инвестиция салуға рұқсат беру жоспарланып отыр.
Ұлттық рейтингтік агенттік құру бизнестің қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған. Қазір халықаралық кредиттік рейтинг алу 1 млн доллардан асуы мүмкін, ал шағын бизнес үшін ұлттық рейтинг құны 10 мың доллардан аспайды деп күтілуде.
Мұндай агенттікті құру идеясы Қазақстанда өткен жылдан бері талқыланып келеді.
Жекелеген қаржы институттары, компаниялардың инвестициялық тартымдылығы халықаралық рейтинг агенттіктерінің берген бағасымен бағаланады. Олардың бағалауы қаржылық тұрақтылықты, ашықтықты, инвестициялық тартымдылықты және басқа да көрсеткіштердің деңгейін көрсетеді. Біздің елде дегені жүріп тұрған ең танымалдары – «Fitch Ratings», «S&P Global Ratings», «Moody’s», «S&P», «Fitch» халықаралық рейтинг агенттіктерінің дерегінше, 2022 жылдың қорытындысында құнды қағаздарын, облигацияларын шығарып сататын эмитенттердің ішінде 14 банк пен 20 мемлекеттік компания ғана халықаралық рейтингтермен 100% қамтылған. Ал биржадағы 18 микроқаржы ұйымының 33%-ының, қаржылық емес 42 компанияның 14%-ының рейтингі жоқ екен.
Сарапшы Расул Рысмамбетов бізге өз агенттігіміз ең бірінші кезекте рейтингтік бағалауды алуға кететін жергілікті эмитенттердің шығынын азайту үшін керек деген пікірді қолдайды.
«Екіншіден, елдегі юрисдикциядағы корпоративтік қарыз нарығы кейінгі 3-4 жылда тұрақты дами бастағанын төмендегі деректер нақтылайды: 2023 жылы «KASE»-де 28 эмитент жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеден астам 62 облигация шығарылымын орналастырды. Бұл өткен жылдың сәйкес көрсеткішінен үш есе жоғары. Жоғарыда айтып өткен «үлкен үштіктің» рейтингін негізінен мемлекет қатысатын компаниялар, сондай-ақ қаржы секторының ұйымдары сатып алады. Шетелдіктердің үлесі бар компаниялардың бәрінің рейтинг агенттіктері бар. «KASE»-де орналастырылған ішкі корпоративтік облигациялар нарығына халықаралық рейтинг агенттіктері қызмет көрсетеді. Сонымен бірге Ұлттық агенттік көмегімен ішкі нарықтың ерекшеліктерін шетелдік агенттіктер терең зерттей алады. Бұл банктердің шетелдік қаржы институттарымен интеграциясын тереңдетеді. ШОБ өкілдерінің биржаға жолын ашады», дейді Р.Рысмамбетов.
ҚНДРА ұлттық рейтинг агенттігін құру туралы ұсынысты қолдайтынын және оның жұмыс істеуіне мүдделі екенін ашып айтып отыр. Бұл ішкі нарықтың тынысына, отандық компаниялардың жай-күйін зерттеп жүрген тәуелсіз сарапшыларымыз бен экономистерімізге жақсы мүмкіндік. Мәселеге дайындығымыздың қандай екені алдағы бірер жылда белгілі болады.