Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде Қазақстан мен Өзбекстанның салық жүйесін салыстырып, көрші елдегі кәсіп жүргізу шарттары әлдеқайда тиімді деген пікірлер жиі айтылады.

QZ Economy Талдау телграм арнасының мәліметінше, Өзбекстан Президенті 26 мамырда «Шағын бизнес субъектілерінің өсуіне қолайлы экономикалық және әкімшілік жағдайларды одан әрі жақсарту туралы» Жарлыққа қол қойғаны айтылған. Өзбекстанда тағы бір жаңалық – қоғамдық тамақтану, сауда және қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлер үшін қосылған құн салығын төлеудің жеңілдетілген тәртібін енгізу. 1 маусымнан бастап олар бұл режимді ерікті түрде пайдалана алады. Сарапшылардың пікірінше, Өзбекстан төмендетілген мөлшерлемелер арқылы бизнесті бөлшектеуге тосқауыл қойып, кәсіпкерлерді ҚҚС жүйесіне ерікті түрде тартуға ұмтылып отыр. Ал Қазақстан бұл кезеңнен өтіп, салықтық бақылауды толық цифрландыруға көшкен.
Ең маңызды өзгерістердің бірі – шағын бизнестің жеңілдетілген салық режимінен жалпыға бірдей салық салу тәртібіне өту шегінің ұлғаюы. Бұған дейін бұл көрсеткіш 1 млрд сум болса, енді 5 млрд сумға дейін, яғни шамамен 200 млн теңгеге жуық деңгейге көтерілді.
Бұл көрсеткіш бес есе артқанымен, Қазақстандағы мүмкіндікпен салыстырғанда айтарлықтай төмен.
Сарапшылар біздің салық жүйеміздің көрші елдерден айырмашылығына назар аудара бастады.
Салық мөлшерлемелері мен ережелерінің айырмашылығы:
1. Шағын бизнеске салынатын салық
- Қазақстан: Шағын бизнес үшін оңайлатылған салық мөлшерлемесі 4%-ды құрайды. Жергілікті мәслихаттар шешімімен оны 2%-ға дейін төмендетуге болады.
- Өзбекстан: Сауда мен қоғамдық тамақтандыру саласындағы шағын бизнеске 6% көлемінде жеңілдетілген салық белгіленген. Олар сондай-ақ бизнесті бөлшектеуге тосқауыл қою үшін салықтарды қайта қарауда.
Экономист Айдархан Құсайыновтың айтуынша қазақстандықтар арасында салықтың көптігі туралы жиі айтылғанымен, іс жүзінде біздің ел шағын бизнес үшін нағыз салық жұмағы болып саналады.
«Біздегі салық мөлшерлемесі төмен, төлемдер жылдам әрі тиімді жүреді, ал әкімшілік қысым көршілерге қарағанда әлдеқайда аз», — деді сарапшы.
Оның мәліметінше Өзбекстанда қоғамдық тамақтандыру мен сауда саласындағы шағын бизнеске арналған оңайлатылған салық 6 пайыз болса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 4 пайызды құрайды және оны жергілікті мәслихаттардың шешімімен 2 пайызға дейін төмендетуге толық мүмкіндік бар.
Бұдан бөлек QZ Economy талдаушылары салықты әкімшілендіру мен цифрландыру мәселесінде де Қазақстанның оқ бойы озық тұрғанын алға тартады. Өзбекстанда кәсіпкерлердің банк шоттарын бұғаттан шығаруды автоматтандыру мен тексерістерді азайту енді ғана қолға алынып жатса, елімізде мұндай жүйе он жылдан астам уақыт бойы сәтті жұмыс істеп келеді. Қазақстанда шоттар бір жұмыс күні ішінде бұғаттан босатылады, ал шағын бизнес өкілдерін тексеруге 2026 жылға дейін «Таза парақ» бағдарламасы аясында толықтай мораторий жарияланған.
Сарапшылар көрші елдер оңайлатылған жүйені енді ғана бастап, бизнесті бөлшектеумен күресіп жатқанда, Қазақстан әлдеқашан электронды шот-фактуралар мен цифрлық бақылау кезеңіне өтіп кеткенін баса айтады.
«Біздің проблемамыз салықта емес, ол бізде өте төмен, объективті тұрғыдан алғанда Орталық Азия мен ТМД кеңістігінде бизнес жүргізу үшін ең қолайлы әрі жеңіл жағдай біздің елде жасалған», — деді Айдархан Құсайынов.