Бұған дейін экономикамыз мұнайға қатты тәуелді болды. Мұнай өндірісінің қысқаруына қарамастан (мысалы, 2026 жылдың 7 айында мұнай өндіру 8,9%-ға азайды), өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік, сауда және ауыл шаруашылығы сияқты шикізатқа қатысы емес салалардың 5,4%-ға өсуі есебінен жалпы ішкі өнімнің 4,1%-дық өсімін сақтап қалды.

Өсуге әсер еткен негізгі салалар
• Өңдеу өнеркәсібі: Жалпы өсім 9%-ға жетті. Оның ішінде машина жасау (22%), химия өнеркәсібі (26,9%), фармацевтика (38,5%) және металл бұйымдарын шығару (35%) күрт артты.
• Құрылыс және инфрақұрылым: Құрылыс саласы 15,3%-ға жоғарылады.
• Көлік және сауда: Көлік және қоймалау саласы 7,4%-ға, ал сауда 5,9%-ға өсті.
• Ауыл шаруашылығы: Бұл бағыттағы өндіріс көлемі 5%-ға көбейді.
2010 жылдардың басында мұнай өндіру саласының ЖІӨ-дегі тікелей үлесі 16,5 пайыз болған. 2024 жылы ЖІӨ-дегі шикізаттың үлесі 8,1 пайызға дейін төмендеді.
• 2025 жылдың қорытындысында мұнай өндірудің ЖІӨ-дегі үлесі тарихи ең төменгі көрсеткішке, яғни 7,8 пайызға дейін қысқарыпты. Демек, 10-15 жылдың ішінде мұнайдың ел экономикасындағы тікелей үлесі екі еседен астам азайған. Ал экономика ғылымының докторы, профессор Атамұрат ШӘМЕНОВТІҢ ойынша, алдағы уақытта көпжылдық жоспарлар арқылы экономиканы реттейміз дегенге сенім арта бермеу керек. Маманның пікірінше, қазір халықаралық жағдайларға байланысты әлем экономикасы күнде өзгеріп жатыр. Мұны ескерместен, 2035 жылға дейін, тіпті сонау 2072 жылға дейін жоспар құра беру қисынсыз. Социалистік жүйе тарих қойнауына кетті. Кеңес кезінде «жоспарлы экономика бізді коммунизмге жеткізеді» деген ұстаным болды, бірақ ол мақсаттың өзі жүзеге аспады.
Сарапшылар алдағы саяси науқан өткеннен кейін де «жылтыр сөз бен құрғақ статистикадан» аулақ болуға шақырып отыр.
Экономиканы әртараптандыру, мұнайға тәуелділіктен арылу – жаңа зауыттың тұсауын кесуде емес, оның 10-15 жылдан кейін де жұмыс істеп тұруында. Мемлекеттік қаржы мен инвестиция салынған жоба ертең жабылып қалса, оның аты ғана «индустриялық серпіліс» болғаны. Ал шын мәнінде, ол – бюджетке түскен салмақ, жоғалған мүмкіндік және қоғамның сеніміне түскен сызат. Қазақстанға енді әдемі есеп пен көпірме ұран емес, нақты жұмыс істейтін өндіріс керек. Қағаздағы мың кәсіпорыннан бюджетке салық төлейтін жүз кәсіпорын әлдеқайда құнды. Өйткені экономиканың қуаты оның статистикадағы көлемімен емес, нақты өндірген өнімімен өлшенеді.
Не істеу керек
Қымбат мұнай реформаларды кейінге қалдырмауы керек
Мұнайдан қосымша түскен қаражат күнделікті шығындарды көбейтуге жұмсалса, баға төмендеген кезде бюджет қайтадан Ұлттық қорға тәуелді болады.
Біз басымдық беретін үш бағыттың беталысы нақтыланып қалды.
• Біріншісі — Ұлттық қорды толықтыру және мұнайдан тыс бюджет тапшылығын азайту.
• Екіншісі — КҚК-ға тәуелділікті төмендететін экспорт инфрақұрылымына инвестиция салу.
• Үшіншісі — мұнай-химия, өңдеу және сервистік өндірістерді дамыту арқылы шикі мұнай экспортынан түсетін кірісті ел ішінде көбірек қалдыру.
Қазақстанға тек мұнай көлемін арттыру жеткіліксіз. Мұнайдың әр тоннасынан алынатын қосылған құн өсуі керек.