Құрылтай депутаты Татьяна Савельева көтерген мәселе – банк жүйесіндегі 23 триллион теңгенің тағдыры.

Дерек не дейді?
1 тамыздағы жағдай бойынша банктердің жоғары өтімді активтері – 23,2 трлн теңге. Бұл – банк жүйесінің барлық активінің үштен бір бөлігі. Бос жатқан ақша.Ұлттық Банк осы бос ақшаның 7 трлн теңгеге дейінгі бөлігін өзінің ноталары арқылы нарықтан алып қояды.Ал дәл сол сәтте Қаржы министрлігі де нарықтан ақша іздеп жүр. Тек шілде айында ғана министрлік жылдық кірістілігі 18,93%-ға жететін мемлекеттік бағалы қағаздар арқылы 750 млрд теңге тартты.
Банк логикасы
Банк үшін таңдау қарапайым. Кәсіпкерге 21,5%-бен несие беру үшін ол:жобаны талдайды,тәуекелді бағалайды,резерв жасайды,3-5 жыл күтеді.Ал мемлекетке 18,9%-бен қарыз беру үшін – ешқандай тәуекел жоқ, кепілдік – мемлекеттің өзі.Сондықтан бос ақша бизнеске емес, бюджетке кетеді.
Құрылтай депутаты Савельеваның айтуынша, мемлекет бірінші – сол ақшаны қымбатқа өзі алады. Мемлекеттік қарызға қызмет көрсету – бюджет шығыны.Мемлекет екінші – бизнес үшін несие қымбат болып кеткен соң, оны арзандатуға тағы ақша жұмсайды. Субсидиялайды, «Даму» арқылы кепілдік береді, даму институттарын қаржыландырады.Нәтижесінде бір ақша екі рет бюджеттен шығады.Банк жүйесінде ақша бар, бірақ ол экономикаға тікелей емес, жанама, қымбат жолмен – мемлекет арқылы барып жатыр
Мәселе неде?
Мәселе банктердің жеке басында емес, ынталандыру құрылымында.Банк – қайда табыс жоғары, тәуекел аз, реттеу жеңіл болса, сонда барады. Бүгінгі реттеу мен базалық мөлшерлеме жағдайында оған ең қолайлысы – мемлекеттік қағаздар. Ал нақты секторға – ұзақ мерзімді, тәуекелі жоғары несие беру ынталандырылмай отыр.2026 жылғы шілдеде банктер бизнеске 2,1 трлн теңге жаңа несие бергені рас. Ірі бизнесті несиелеу 40,8%-ға өскен. Бірақ бұл өсім – мемлекеттік бағдарламалар мен субсидиялардың есебінен болып отыр.
Не істеу керек?
Егер мемлекет ішкі нарықтан ақшаны 19%-ға жуық мөлшерлемемен ала берсе, банктерге бизнесті 15-16%-бен несиеле деу – нарыққа қарсы талап. Сондықтан үш нәрсені қатар қарау керек:
Бірінші. Мемлекеттік қарыз алу саясаты. Бюджет тапшылығын ішкі нарықтан қымбатқа жабу – банктердің бизнес-несиеден бас тартуына итермелейді.
Екінші. Реттеу. Ұзақ мерзімді бизнес-несиеге салмақ коэффициентін жеңілдету, ал бос өтімділікті Ұлттық Банктің ноталарында ұстаудың тиімділігін қайта қарау.
Үшінші. Даму институттарының рөлі. Олар банктерді алмастырмауы керек, қайта банктер бара алмайтын тәуекелді өз мойнына алуы керек.
Әйтпесе модель сол күйі қалады: мемлекет өз ақшасын өзінен қымбатқа сатып алып, оны арзандатуға тағы ақша жұмсайды. Бұл – ақша айналымы емес, бюджеттің өз-өзімен жарысы.