МЭК – электр энергетикасы мен коммуналдық секторды жаңғыртудың ұлттық жобасы қағазда қалды. Ал тариф – нақты өсіп жатыр.Ұлттық жобаға 2025-2026 жылдарға 4,2 трлн теңге қаралған. Бірақ қыркүйектегі есеп бойынша басталған жобалардың құны – бар болғаны 839 млрд теңге. Яғни жоспардың бестен бірі ғана орындалған.

Жаңғырту «тоқсандық» қарқынмен ғана жүріп жатса да, тарифті көтеру жағынан біз күрт алға кеттік.
Бұрын электр мен ТКШ тарифі нарықтағы жалпы баға өсімінен кейін барып, жылына бір рет қана көтерілетін. Инфляциядан асып кетпейтін. Бұл ереже бір-ақ рет бұзылған – 2009 жылғы дағдарыстан кейін генерацияға тарифті көтерудің жеті жылдық бағдарламасы қабылданғанда. Ол кезде теңге тұрақты еді, бағдарлама нәтиже берді.Енді жағдай басқа: мемлекеттік тариф саясаты ресми түрде инфляцияны қуып жетуге емес, оны басып озуға көшті.
Үкімет не дейді?
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаевтың мәлімдемесі бойынша:
- Су: жыл сайын орта есеппен 20%-ға, 2029 жылға қарай 2 есе қымбаттайды.
- Жарық: 2026 ж. – 11%, 2027 ж. – 14%, 2028 ж. – 15%, 2029 ж. – 16%.
- Төрт жылда жиынтық өсім – 70%-ға жуық.
- Жылу: 2026 ж. – 10%,
- 2027 ж. – 17%, 2029 ж. – 11%.
- Жиынтығы – 65%.
- Ресми құжат жоқ, тек ауызша мәлімдеме бар.
Ал сол Ұлттық экономика министрлігі жасаған Қазақстанның 2026-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында инфляция дәлізі мүлде басқа:
- 2027 жылы – 7,5-9,5%,
- 2028-2029 жылдары – 6-8%
Сонда бір министрлік бір құжатта инфляцияны 6-8%-ға түсіреміз дейді, ал екінші мәлімдемесінде тарифті одан екі-үш есе жылдам көтереміз дейді.
Ал бұл жағдайға кім кінәлі?
30 жыл бұрынғы таңдау. Бұл апат бір күнде болған жоқ. Кеңестен қалған жылу жүйесінің тағдыры Қазақстан мен Өзбекстанда екі басқа арнаға кетті.
Қазақстан 90-жылдары ЖЭО пен жылу желілерін жекешелендіріп жіберді. Иесі пайдасын алды, бірақ жаңғыртуға салмады. 30 жыл «жеткенше жамаумен» келдік. Екібастұз бен Риддердегі апат – сол жамаудың жарылуы.
Өзбекстан керісінше, энергетиканы мемлекетте қалдырды. 2017 жылдан кейін сыртқы арзан несиелерге Ташкент пен Самарқандтың ескі трассаларын жаңа ППУ-құбырға ауыстырды, әр үйге жеке жылу пунктін қойды.
Нәтижесінде оларда жылуды жоғалту 15-20%, ал біздің кей өңірлерде 40-50%.
Біз жерге төгілген жылудың ақшасын енді халықтан жинап жатырмыз
Сондықтан бүгінгі 70% өсім – 90-жылдары таңдаған «инвестор келеді» деген жолдың төлемі.Енді сұрақ: тарифті көтергенде Үкімет халықтың төлем қабілетін, жалақының өсімін ескере ме? Әлде тариф өзімен-өзі, халық өзімен-өзі өмір сүре ме?