БЖЗҚ-да жеті миллион адам бар, ал зейнетақы аннуитетін алған жетпіс мыңнан аспайды. Бір пайыз да емес. Қалған тоқсан тоғыз пайыз неге сыртта қалды деген сұраққа жауапты алыстан іздемей-ақ, өзіміздің қоржыннан табуға болады.

Бүгін аннуитетке кіру үшін ер адамға он миллион, әйел адамға он үш миллионнан астам ақша керек. Ал елу жастағы адамның шотында орта есеппен үш-төрт миллион ғана жатыр.
Жетпейді. Неге жетпейді?
Өйткені соңғы үш жылда халық БЖЗҚ-дан үш жарым триллионға жуық ақшаны шешіп алып, үйге жаратты. Бұл ақша тура аннуитетке баруы керек еді. Сегіз миллион болуы керек шот үш миллион болып қалды. Қалған ақша да өспей тұр. БЖЗҚ-ның жылдық табысы жеті пайыздың айналасында, ал инфляция он пайыздан асып тұр. Ақша күн сайын құнсызданып жатыр. Қоржын босайды, ал кіру шегі сол күйі биік тұрады.Бірақ мәселе тек ақшаның жоқтығында да емес. Ақшасы жететін адамның өзі бармай тұр. Неге?
Біріншіден, әділетсіздік сезімі бар. Әйел адам ер адамға қарағанда үш миллионға көп жинауы керек, ал жалақысы керісінше отыз пайызға аз. Аз алатын адамға көп жина деу қисынға келмейді.
Екіншіден, мұра мәселесі. Адам он миллион беріп, үш жылдан кейін қайтыс болса, баласына он миллион қайтпайды. Тек кепілдік берілген екі-үш жылдың ақшасы ғана қалады. Қалғаны компанияда қалады деген ой халықты қорқытады. Адам «балама үй алып бергенім жақсы» дейді.
Үшіншіден, сенім. Банктегі депозитке мемлекет кепілдік береді, жиырма миллионға дейін қайтарып береді. Ал бар жинаған-тергеніңді бір сақтандыру компаниясына берсең, ертең ол компания жабылып қалса не болады деген сұраққа толық жауап жоқ. Толық кепілдік беретін қор жоқ. Осы үш күдік тұрғанда, ақшасы бар адамның өзі тәуекел етпейді.
Forbes Kazakhstan хабарлағандай, реттеуші орган осы сенімсіздікті азайту үшін енді отбасылық аннуитет енгізуді ұсынып отыр. Яғни жалғыз жете алмасаң, екеуің қосылып кіріңдер деген идея. Бұл дұрыс қадам, бірақ кепілдік мәселесін толық шешпейді. Сондықтан аннуитет қымбат болғандықтан емес, заң халықтың қалтасына қарап жазылмағандықтан халықтық бола алмай тұр. Халықтың ақшаны шешіп алуы аннуитетті құртқан жоқ, қайта оның бос қоржынмен жазылғанын ашып берді.
Халықтық болу үшін не істеу керек?
Шекті теңестіру, бес миллионға сай арзан түрін шығару, ері мен әйелінің ақшасын қосуға рұқсат беру, өлген жағдайда ақшасын баласына толық қайтаратын нұсқасын жасау және мемлекет тарапынан толық кепілдік қорын құру керек. Үкімет әуелі өзінің, сосын халықтың қалтасына қарап жобалауды үйренмейінше, кез келген жақсы әлеуметтік жоба тек таңдаулылардың жобасы болып қала береді.