2026 жылдың қаңтарынан тамызына дейін Қазақстанда театр билеті 41,5%-ға қымбаттады.

Бұл – соңғы жылдардағы ең үлкен секіріс. Былтыр дәл осы кезеңде өсім небәрі 7,2% еді. Биыл бәрі шарықтап кетті. Алматы – 74,1%-ға, Ақтөбе – 37,5%-ға, Павлодар – 30%-ға, Абай – 29,2%-ға, Астана – 25,7%-ға көтерді. Баға 20 өңірдің 16-сында өсті.Соған қарамастан, орташа билет – әлі 3 мың теңге. Бұл Ресейден, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан да арзан. Театрдың өзі көбейіп жатыр, 2025 жылы 11 жаңа театр ашылып, саны 85-ке жетті. Соның тоғызы – Алматыда, яғни еліміздегі әрбір үшінші театр сонда. Көрермен де өсті, 2,5%-ға көбейіп, 3,2 млн адамға жетті.
Бірақ көрермен көбейсе де, театр байыған жоқ
3,2 млн адам 3 мыңнан билет алса, барлық 85 театрдың бір жылда тапқаны – 9,6 млрд теңге. Бір театрға 113 млн-нан келеді. Ал бір драма театрдың тек жалақыға кететін шығыны жылына 400-500 млн, опера мен балетте 2-3 млрд. Коммуналкасы, декорациясы, гастролі бар. Яғни, билет шығынның 15-20%-ын ғана жабады. Қалған 80-85%-ын бюджет төлейді. Операда бұл 90-95%-ға жетеді.Бұл – Кеңестен қалған модель.
Театр – бизнес емес, мәдениеттің бөлігі
Мемлекет ғимарат береді, жалақы төлейді, шамын жағады. Театр тек билет сатады. Сондықтан ол ешқашан өз күнін өзі көре алмайды. Экономистер мұны Баумоль ауруы дейді. Заводта бір адам 100 детальдың орнына 200 деталь жасай алады, ал театрда Гамлетті бір адам емес, бәрібір он адам ойнайды. Өнімділік өспейді, бірақ жалақы өсуі керек.
Өз күнін өзі көру үшін билет қанша болуы керек?
Бюджет жауып отырған 85%-ды алып тастаса, билет 6-7 есе қымбаттауы керек. Қазіргі 3 мыңның орнына драма үшін 15-18 мың, опера үшін 25-35 мың болуы керек. Алматы мен Астанада нарықтық баға – осы. Астана Операда партер қазірдің өзінде 15-20 мың. Бірақ бүкіл залды 20 мыңға сата алмайсың. Бағаны көтерсең, көрермен азаяды, 3,2 млн көрермен 1 млн-ға түседі, табыс қайта азаяды.Әлемде де солай.
Германияда театр шығынының 80-85%-ын мемлекет төлейді, жылына 2,5 млрд еуро береді. Билет 15-40 еуро, бірақ шығынның 15%-ын ғана жабады. Францияда – 70-75%, Ұлыбританияның Ұлттық театрында – 40% бюджет, қалғаны билет пен демеуші. Ал АҚШ, Бродвейде бюджет – 0%, бірақ билет 150-500 доллар. Бұл – театр емес, шоу-бизнес. Бір қойылымның бюджеті 10-20 млн доллар. Біздегі 3 мың теңге – әлемдегі ең арзан билеттердің бірі.Енді ең қызығы.
Неге Лопестің 200 мыңдық билетіне ешкім ренжімейді, ал ұлттық театр 3 мыңнан 5 мыңға өссе шу шығады?
Өйткені Лопес – нарық. Оны жеке компания әкелді, шығынын өзі көтерді, пайдасын өзі көреді. Ұнаса аласың, ұнамаса алмайсың. 200 мың қымбат болса, бармайсың, болды.Ал ұлттық театр – халықтың балансындағы дүние. Ғимараты халықтікі, жарығы халықтікі, актерінің жалақысын халықтың салығы төлеп отыр. Содан адам «менің ақшама салынып, менің ақшама отырған театр неге маған қымбат?» дейді. Бұл – меншік сезімі. Мемлекеттік дүние қымбаттаса, адам өз қалтасынан ұрланғандай көреді. Оған қоса, театр – байдың емес, мұғалім мен студент баратын жер болуы керек деген жазылмаған келісім бар. Сол келісім бұзылса, әділетсіздік болып көрінеді.
Мемлекеттік баланста болғаны – театрды құтқарып тұрған да, өлтіріп тұрған да сол. Құтқарып тұрғаны – банкрот болмайды. Зал жартылай бос болса да, айлық түсе береді. Өлтіріп тұрғаны – табыс табуды үйренбейді. Билет сату, спонсор табу, залды жалға беру, мерч сату – мұның бәріне зауқы жоқ. Содан маркетингі жоқ, тек көркемдік кеңесі бар мекемеге айналады.Ал жеке театрлар ше? Қазақстанда жеке театр бар, бірақ олардың өмірі мүлде басқа. Алматыда 20-ға жуық, Астанада 5-6 жеке театр бар. Мемлекеттен бір теңге алмайды. Ғимаратты жалға алады, актерге әр қойылым сайын төлейді, декорацияны өз ақшасына жасайды. Содан билеті қымбат, орташа 8-12 мың, кейде 15 мың. Бірақ бұл бағаға ешкім ренжімейді, өйткені бұл – жеке дүкен екенін біледі.
Жеке театр аман қалу үшін үш нәрсе істейді
Бірінші – шағын зал ұстайды, 100-150 орындық, үлкен залды толтыра алмайтынын біледі. Екінші – жеңіл жанр қояды, комедия, стендап, балаларға ертегі, ауыр драма қойса көрермен келмейді. Үшінші – инстаграм мен тик-токпен күнелтеді, актердің жеке бренді билет сатады. Содан жеке театрлар комедиямен күн көріп отыр, шығыны аз, күлкісі көп, билеті өтеді. Ал ұлттық театр Гамлет қойып, шығыны көп, билеті өтпей отыр.Ұлттық театрды жекеге берсе не болады? Ешкім алмайды. Ғимараты үлкен, штаты үлкен, репертуары ауыр. Жекеге берсең, ертең орнында банкет залы болады.
Сондықтан мемлекет ұстап отыр, ұстап отырған соң арзан ұстауға мәжбүр, арзан ұстаған соң халық «менікі» деп қарайды.Театрдың адамын аштырмай отырған – осы. Баға емес, меншік сезімі. Лопес – ешкімдікі емес, сондықтан 200 мың болса да ешкім ренжімейді. Ал театр – бәріміздікі, сондықтан 3 мыңы да қымбат көрінеді.Бірақ соған қарамастан, Алматыда Әуезов театрына баратындар өсті. Бұл нені көрсетеді? Біз құндылықты бағалай аламыз ба?Өсті, бірақ бұл халық кенеттен рухани болып кетті деген емес. Бұл – құндылықты дұрыс орап бере алсақ, халық алатынын көрсетеді.
Әуезов театры феномені не
Бірінші – қаланың өзі. Алматы – елдегі жалғыз қала, онда театрға бару – статус. Астанада театрға бару – іс-шара, Алматыда – әдет. Конкуренция бар жерде талғам өседі.
Екінші – Әуезовтің өзі бренд. Соңғы екі-үш жылда Әуезов тек ауыр классика емес, қазіргі өмірді, комедияны, жастардың тілін қосты. Актерлер тик-токқа шықты, театр инстаграм жүргізе бастады. Халық сахнадан өзін көре бастады, содан барды.
Сондықтан өсім – құндылықты бағалау емес, құндылықты тұтына алатын формаға түсіру. Құндылықты бағалау деген – адам 3 мыңды қиып, түсінбейтін Шекспирге баруы. Ал бізде адам 3 мыңды қиып, өзі күлетін, өзі жылайтын, өзі түсінетін қойылымға барады. Бұл – жаман емес, бұл – нарық. Халық рухани емес, эмоция сатып алады. Эмоция берсең – келеді. Алматыда өсуі – бізде әлі де театрға сұраныс бар деген белгі. Бірақ сұраныс құндылыққа емес, сапалы орауға бар. Әуезов соны түсінді, сондықтан өсті. Түсінбеген театр әлі де бос отыр. Біз құндылықты бағалай алмаймыз деп айтуға болмайды, бірақ құндылықты құрғақ күйінде жей алмаймыз. Оны орап, әдемілеп, қазіргі тілде берсең ғана жейміз. Әуезов соны жасап жатыр.