Алматының қақ ортасындағы 300-ге жуық өндірісті қала сыртына көшіру жоспарланды.

Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов мәлімдеді. Оның айтуынша, қаланың солтүстік, орталық және батыс бөлігінде тарихи қалыптасқан, қоршаған ортаға салмақ салатын өндірістік нысандар шоғырланған. Бас жоспарды түзету аясында 2040 жылға дейін 276 кәсіпорынды қала сыртына шығару көзделіп отыр. Бұл – жай ғана көшіру емес, қаланың тынысын кеңейту.
Бірақ көңілге қонымды көрінген жобаның ар жағында үш үлкен сұрақ тұр: көшу шығынын кім көтереді, жаңа жердің желісін кім салады, көшкісі келмегенге не істейді?
Көшу шығынын кім көтереді?
Шаханов бұл жөнінде ашық айтқан жоқ. Ал тәжірибеге қарасақ, мұндай көшу ешқашан әкімдіктің ақшасына ғана жүрмейді.Әлемде екі жол бар.
- Біріншісі – ынталандыру жолы. Қала сыртында арнайы экономикалық аймақ, индустриалды аймақ жасалады. Жер тегін немесе арзан беріледі, желі тартылады, салық жеңілдігі беріледі. Кәсіпкер өзі көшуге мүдделі болады. Алматыда бұл – Алатау қаласы, Боралдай, Іле ауданындағы аймақтар.
- Екіншісі – мәжбүрлеу жолы. Экология, санитарлық талап, Бас жоспар деген желеумен рұқсатты ұзартпау, айыппұл салу. Бұл жол арзан көрінгенімен, сотқа апарады, инвестициялық ахуалды бұзады.
Алматы қазір бірінші жолды таңдап отырған сыңайлы. Бірақ көшу шығыны – станокты апарып қою ғана емес. Тоқтаған өндіріс, үзілген келісім, жаңа цех салу – бәрі кәсіпкердің мойнында қалады. Егер орнын толтыратын жеңілдік болмаса, ешкім орнынан қозғалмайды.
Инфрақұрылым қалай шешіледі?
Шахановтың сөзінше жаңа аудандарды жоспарлағанда үй, мектеп, балабақша, емхана, жол, жарық, су – бәрі бірге салынуы керек. Бұл – көшірілетін зауыттарға да қатысты.Қала сыртындағы өндіріске электр, газ, су, теміржол тұйығы, ауыр жүк көтеретін жол керек. Бұны жеке кәсіпкер сала алмайды. Бұны қала мен облыс бірге, республикалық бюджет пен «Бәйтерек», «Самұрық» арқылы салуы керек. Әйтпесе зауытты көшіргенмен, өнімінің өзіндік құны шарықтап кетеді.
Демек, инфрақұрылым шығыны – бюджеттің мойнында. Ал бюджет оны тариф пен салық арқылы қайтадан халық пен бизнестен алады. Сұрақ – соны қаншалықты әділ бөледі.
Көшкісі келмейтіндерге не болады?
Бұл – ең өткір жері. Алматының ортасындағы зауыттардың көбі – жеке меншік. Жері де, ғимараты да – жекенікі. Оны «көш» деп бұйрықпен көшіре алмайсың.Заңда көшіру деген норма жоқ, тек сатып алу, айырбастау, жерді мемлекет мұқтажына алу деген бар. Ол үшін өтемақы төленуі керек. Нарық бағасымен төленуі керек.
Егер өтемақы әділ болмаса, кәсіпорын сотқа барады, жоба 2040 жылға емес, 2050 жылға созылады
Сондықтан әкімдік қазірден бастап «көш» дегеннен гөрі «көшуге ынталандыру» деген тілге көшуі керек.Жоба көңілге қона ма? Иә, қонады. Бірақ бір шартпен. Алматы – енді зауыттың қаласы емес, қызметтің, қаржының, білімнің қаласы. Ортасындағы құйма цехы, бояу цехы, қойма – қаланың тынысын тарылтып тұр, көлікті кептейді, ауаны ласлайды. Оны сыртына шығару – дұрыс бағыт. Бас жоспардағы полицентр, метро, ЖРТ, SkyTrain, Қаскелең, Талғар, Құлжаға дейінгі желі, Алатау қаласы – бәрі осы көшірумен бірге ойластырылған. Бұл – қаланы кеңейтудің логикасы.
Бірақ логика іске аса ма, жоқ па – ол ақшаның қалай бөлінгеніне байланысты. Егер көшу – кәсіпкерге тиімді болса, жеңілдік нақты болса, жаңа жердің жолы дайын тұрса – көшеді. Егер көшу – айыппұл мен қысым болса, ешкім көшпейді, тек араздық көбейеді.300 зауытты көшіру – 300 кранды апарып қою емес. 300 тағдырды көшіру. Оның шығынын кім көтеретіні қазірден ашық айтылса, жоба жүреді. Айтылмаса, Бас жоспар қағазда қалады.