Үкімет 2027 жылдан бастап жәрдемақы алатын отбасының шоты мен депозитін тексереді, үш жылда 2,5 трлн үнемдейміз дейді. Бұл кезде қаржы нарығында шетелдіктің қолында 2,6 трлн теңгенің қағазы бар, оған жылына 416 млрд төленеді. Дерек те сол – бір бөлшегі шетелде, бір бөлшегі іште шашылып жатыр.

Қаржы мен деректің таразысы қалай теңеседі?
Бірінші – сыртқы қаржы. Сенім бар, бірақ ғұмыры қысқа. Ұлттық Банк дерегінде шетелдіктердің қолындағы мемлекеттік қағаз 1,8-ден 2,6 трлн-ға жеткен. Биылдың өзінде 800 млрд қосылған. Бес жылда болмаған өсім. Себебі түсінікті. Сыртта ақша 3-4 пайыз, бізде базалық мөлшерлеме 16,25. Нақты пайыздың өзі 8-ден жоғары. Теңге биыл нығайды. Сондықтан сырттан қаржы келуі – нарыққа сенімнің белгісі.Бірақ бұл қаржының ғұмыры қысқа – 28-90 күн. Зауыт салмайды, жол салмайды. Қағазда тұрып, пайыз алады. Ал қағазда 58 трлн жүргенде, кәсіпкерге бұйырғаны – 9,8 трлн ғана. Міндет – қысқа ақшаны ұзаққа бұру.
Екінші – ішкі есеп. Көмек мұқтажға жетуі керек. Еңбек министрлігінің жаңа тетігі – Цифрлық отбасы картасы. 8 бағыт, 50-ден астам белгі. Жұмыс, табыс, мүлік, несие, білім – бәрін жинайды. Ай сайын бағалайды. 2027 жылдан бастап банктер жәрдемақы алатындардың шоты мен депозитін сол картаға береді. Министр Ертаев «келісіммен» дейді. Есебі – 2027 жылы 700 млрд, үш жылда 2,5 трлн үнемдеу. Бұл – әлемде бар тәжірибе. Көмек шынымен мұқтажға жетуі керек.
Бірақ шарты – ашықтық
Адам не үшін тексеріліп жатқанын, шоты қалай қорғалатынын білсе, сенім болады.Үшінші – дерек. Сырты да, іші де түзелуі керек. 11 қазанда Яндекс тоқтады. Такси жүрмеді, карта істемеді. Компания себебін айтты: Ресейдегі Сасово мен Калугадағы дерек орталығына дрон тиген. Министрлік «қазақстандықтың дерегі ел ішінде, кейбір бөлшегі шетелде» дейді. Іште де кемшілік бар. Шиеліде 7 мектеп 529 мұғалімнің дерегін госзакупқа жайып салған. Семейде 344 баланың дерегі ашық порталда тұр. Бұзудың керегі жоқ, өзі тұр.
Депутат Ләззат Жылқыбаева бес ұсыныс айтты: шетелге кеткен деректі тексеру, мектеп-аурухананың дерек жинауың тексеру, маусымда енген «бүркемелеу» талабын тексеру, әкімдіктерге ортақ әдістеме, азаматтың құқығын қайтару тетігі.
Түйін
Сырттағы 2,6 трлн-ның жылдық сыйақысы – 416 млрд. Бюджеттен төленеді. Іштегі 700 млрд – бюджетке түседі. Бірі – шығын, бірі – үнем. Екеуі де – бір қазынаның ісі.
2,6 трлн да, 50 мың да – халықтың ақшасы. Бірі – сенім әкелу үшін, бірі – әділетті бөлу үшін керек. Есебі ашық, ережесі түзу болса, екеуі де пайда. Қысқа ақшадан ұзақ жол қала ма, қысқа жадтан ұзақ сенім қала ма – алдағы 12 ай көрсетеді.