Екі ай бойы нығайған ұлттық валюта қазір 450-455 теңге аралығында тоқтап қалды. Ұлттық банктің бүгінгі ресми бағамы – 452,12 теңге.

Нарық тепе-теңдігін тапты ма?
Экономикалық тұрғыдан бұл – нарықтық тепе-теңдік баға (equilibrium price). Яғни, дәл қазіргі сәтте нарықта доллар сатып алғысы келетіндер мен сатқысы келетіндер өзара келісімге келген нүкте. Бұл нені білдіреді?
Бұл баға – мәңгілік емес, динамикалық. Қазақстанда еркін өзгермелі айырбас бағамы режимі бар. Сыртқы фактор өзгерсе, тепе-теңдік те бірден жылжиды. Бүгін 452 теңге болса, ертең ол 450 немесе 455 болуы мүмкін.
Қазіргі тепе-теңдікті ұстап тұрған үш тірек бар:
Ұлттық қордан сату: Бюджетке трансферт беру үшін нарыққа доллар шығарылуда. Бұл ұсынысты көбейтіп, теңгені ұстап тұр.Қымбат мұнай: Brent $106,51-де тұр. Бұл елге валюта ағынын қамтамасыз етеді.
Төмен сұраныс: KASE-дегі тәуліктік айналым $493 млн-нан $375 млн-ға дейін, 24%-ға құлдыраған. Нарықта дүрбелең жоқ.
Осы тұста экономист Руслан Султанов былай дейді:
«Аптаның басты ерекшелігі – айналым азайып, сыртқы жағдай қолайлы болып тұрса да, теңгенің тұрақтылығын сақтап қалуы. Енді бағам үшін ең маңыздысы – ел ішіндегі валютаға деген сұраныс пен ұсыныс теңгерімі сақтала ма және 23 қазаннан кейін, базалық мөлшерлеме жарияланған соң пайыздық күтулер қалай өзгереді».
Қазір теңгенің басты тірегі – Ұлттық банктің 16,25%-дық базалық мөлшерлемесі. Ол теңгелік депозиттерді тартымды етіп тұр.
Ал бюджет ше?
Бюджетке 1 доллар 540 теңге деп салынған, ал нарықтағы орташа бағам 477 теңге. 88 теңгелік айырмашылық бар. Экономист Алмас Чукин бұл туралы:
«Бұл – үкіметтің дәл осындай бағамды қамтамасыз етеміз деген уәдесі емес, бұл – бюджеттің болашақ параметрлерін есептеу үшін қажет жұмыс болжамы, есептік көрсеткіш қана».
Оның есебінше, осы айырмашылықтан бюджет шамамен 700 млрд теңге кем алған. Бірақ бұл – шығын емес:
«Мықты бағам – проблема емес, бұл – жетістік, нарық солай деп есептейді деген сөз».
Күшті теңге импортты арзандатады, инфляцияны тежейді және халықтың қалтасында ақша қалдырады. Бұл да – экономикаға пайда.Сондықтан финансистер болжамын жақсартты: 2026 жылға 479 теңге, 2027 жылға 499,6 теңге, 2028 жылға 527,1 теңге.
Түйін
452,12 теңге – дәл бүгінгі күнгі әділ, нарықтық баға. Оның бұдан әрі нығая ма, әлде әлсірей ме – 23 қазандағы базалық мөлшерлеме шешіміне және мұнай бағасына байланысты.