Премьер Олжас Бектенов ипотеканың алғашқы жарнасын түсіріңдер деп пәрмен берген жоқ. Ол қаржы реттеушісі мен министрлікке түсіру тетігін пысықтауды тапсырды. Бұл – бұйрық емес, жолын қарастыру.

Бірақ жол – жарнада ма?
Пәтер бағасының 60 пайызы – құрылыс тауары. Соның 30 пайыздан астамы шетелден келеді. Осындайда жарнаны емес, кірпіштің өзіндік құнын түсіру керек емес пе? Ол үшін зауытқа салық жеңілдігі керек пе – осыны тарқатайық.
Қаншасын өзіміз шығарамыз?
QazIndustry дерегі: биыл 7 айда базар 2,17 миллиард доллар. Соның 69,2 пайызын өзіміз жаптық, 30,8 пайызы импорт.Бірақ орташа есеп алдамшы. Жіліктеп қарасақ: Іргетасын өзіміз құямыз: цемент, кірпіш, бетон – 90-100 пайыз өзіміздікі. Цемент өндірісі биыл 16,6 пайызға өсті, сұраныстан асып жатыр.
Жартысын жабамыз: гипсокартон, құрғақ қоспа, арматура – 50-70 пайыз.Әрлеуі түгел шетелдікі: шыны пакет, қасбет жүйесі, жылу оқшаулағыш, лифт, сантехника, кәбіл – 80-100 пайыз импорт.Яғни қорабын өзіміз соғамыз, қымбат жабдығы – сырттан.
Біздің тауар импортпен бәсекелесе ала ма?
Баға жағынан:
Цемент, кірпіш, бетон – біздікі 15-20 пайыз арзан. Жолы қысқа. Бірақ биыл цементтің өзі 45,8 пайызға шарықтап, арзандық жоғалды. Ал жылу оқшаулағыш, гипсокартон – біздікі 10-15 пайыз қымбат. Шикізаты импорт.
Сапа жағынан: ауыр тауарда – цемент, арматура – 95 пайыз тең. ГОСТ бірдей. Ал әрлеуде – кафель, ламинат, сантехника – 30-40 пайыз төмен. Дизайн, төзімділік жағынан импорт алда. Инженерлікте – лифт, сорғы – 50 пайыз төмен.
Орташа есеп:
Бағада 70 пайыз, сапада 60 пайыз бәсекелесеміз. Толық бәсеке – 60-65 пайыз ғана.Салдары: өзіндік құн 290 мыңнан 310 мың теңгеге көтерілді. 70 шаршы пәтерге 1,4 миллион қосылды. Оны кім төлейді? Сатып алушы.
Неге кешігеміз? Салық жеңілдігі керек пе?
Үкімет 4 жыл бойы тыйыммен жүрді. 31 мамырда цементке 6 ай тыйым салды, баға шарықтаған соң 5 қазанда қайта ашты. Тыйым салу – оңай, зауыт салу – 3 жыл. Импорт 2020 жылы 42 пайыз еді, 2024 жылы 33 пайыз болды. 4 жылда 9 пайыз ғана түсті. Жылына 2 пайыз.
Зауытқа не керек?
- Салық. Жер, мүлік салығынан 5 жыл босату. Қазір зауыт салынып бітпей жатып төлейді.
- Ақша. 12,6 пайыз емес, 6 пайызбен 10 жылға. База 16,25 тұрғанда 12,6 пайыз да қымбат.Сұраныс. Әкімдік 5 жылға кепілді тапсырыс – офтейк-контракт.Осы үшеуі жоқ, импорт 30 пайыздан түспейді.
Жер мәселесі
Бұл – екінші қымбатшылық. Алматыда орталықтағы ұсыныс – 796 мың теңге, Таразда – 325 мың. Екі жарым есе айырма. Астанада Есілде – 500 мыңнан, шетінде – 300 мыңнан. Жер – пәтер бағасының 30-40 пайызы. Желісі жоқ жерді берсе, құрылысшы желіні де пәтерге қосады.
Түйін
Жарнаны 10 пайыздан 5 пайызға түсіргенмен, пәтер арзандамайды. Адамның қарызы ғана өседі. Айлық төлем 139 мыңнан 147 мыңға өседі.Ал зауытқа жеңілдік берсе, пәтердің 60 пайыздық бөлігі 10-15 пайызға арзандайды. 20 миллиондық пәтер 2 миллионға арзандайды.Сондықтан Бектеновтың тапсырмасы жарнадан емес, кірпіштен басталуы керек еді.Ипотека жарна түскеннен емес, тауар арзандағанда қолжетімді болады