Биыл Қазақстан 171 мың көлік шығарып, рекорд қойды. Бұл қуанышты жаңалық болып көрінгенімен, оның артында басқа цифр тұр: сұр импортқа тыйым салынғаннан кейін көлік бағасы 74% шарықтауы мүмкін.

Бұл болжамды Тәуелсіз автомобиль одағы жариялады.Сонда заңды сұрақ туады: шеттен келетін арзан көлікті жауып тастап, ішімізден қалай арзан көлік жасаймыз?Жауап алыс емес. Теміртау мен Саранның арасы небәрі 200 шақырым. Осы 200 шақырымда 22%-дық арзандаудың кілті жатыр.
Бүгін қаншаға арзандады?
Қазір Сарандағы QazTehna зауыты Yutong автобустарын құрастырады. Бұрын оның шанағына мырышталған болат Қытайдан келетін, енді Теміртаудан келеді. Qarmet-тің Business Insider-ге берген есебі бойынша, слябтың өзіндік құны $440-тан $318-ға дейін түскен. Бұл 27.7% арзандау.Бір автобуста 5-6 тонна болат бар. Тек металдың өзінен 300-380 мың теңге үнемделеді. Ал Қытайдан тасымалдаудың орнына Теміртаудан тасып, Саранда өзіміз штамптай бастағанда, үнем 1.2-1.5 млн теңгеге жетеді. 175 млн тұратын автобуста бұл 1% ғана. Бірақ бұл – бастамасы ғана.
Неге аз?
Себебі бүгін Qarmet тек сыртқы қаңқаға ғана жарамды болат береді. Ал нағыз автотабақ – басқа деңгей.Ертең қаншаға арзандауы мүмкін?Мұнда Qarmet-тің 3.5 млрд долларлық бағдарламасы шешуші рөл атқарады. Оның ішіндегі ең ірі жоба – 600 млн долларлық литейно-прокаттық кешен. Ол 2028 жылдың тамызында іске қосылады және жылына 4 млн тонна береді.Бұл туралы Qarmet және Allur Group директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев үкімет отырысында нақты айтты:»2028 жылы Qarmet автомобиль табағын шығара бастайды, 2029 жылы сериялы кузов панелі шығады. Жоспарлы қуаты – жылына кемі 100 мың кузов, қазақстандық болат үлесі кемі 75%. Біз Qarmet, Allur, Kia Qazaqstan және басқа өндірушілерді бір тізбекке біріктіретін салааралық жобамен жұмыс істеп жатырмыз, Сарандағы автобус өндірісі сияқты, онда Qarmet болаты қазірдің өзінде қолданылады».
Лаврентьевтің жоспары іске асса, кузовтың 75%-ын өз болатымыздан жасай аламыз. Есеп қарапайым: тоннасына $122 арзандау, логистика -60%, кеден мен валюта тәуекелі нөл. Бір жеңіл көлікте 2.5-3 млн теңге үнем. Бұл көлік бағасының 18-22%-ы. Яғни сұр импорттың 74%-дық қымбаттауын дәл осы 22% қайтара алады.Бұл үмітті «За рулем» журналының бас редакторы Алексей Алексеев те қолдайды:»Отандық құрастырылған көліктердің бағасы түсіп жатыр және уақыт өте келе одан да төмен түседі».Бірақ бұл арзандаудың алдында 5 кедергі тұр.Бірінші кедергі – көлем. Автотабақ шығаратын станок жылына кемі 400 мың тонна жеуі керек. Ал Қазақстан бар-жоғы 171 мың көлік шығарады. Мұны Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоков ашық айтады:»6 зауыт жылына 170 мың сатады. Ал зауытқа тиімді болу үшін 250 мыңнан көп керек. Қазір сатып алу қабілеті төмен, экспорттайтын жер жоқ».Тапсырыс аз – станок тоқтайды. Бұл – басты кедергі.
Екінші кедергі – сертификат. Qarmet болат шығарғанымен, оны Kia немесе BYD мойындауы керек. Ол үшін 2 жыл бойы коррозия, беріктік, краш-тест өту керек. Бұл процесс енді ғана басталды.
Үшінші кедергі – кадр. Саранда автоштампты білетін инженер жоқ. Қазір QazTehna қытайлық инженерлерді жалдап отыр. Өзіміздің маман өссе, үнем тағы 5% артады.Төртінші кедергі – жеткізуші. Болат бар, бірақ чип, электроника, пластик – бәрі импорт. Локализация 30%-да қатып қалды. Бұл туралы Қазақстан автомобиль одағы президентінің кеңесшісі Жаслан Азенов былай дейді: «Біз қарапайым құрастырудан терең локализацияға өтіп жатырмыз, бампер, пластик, сымдар шығарамыз». Бірақ бұл әлі аз. Болат арзандаса да, қалған 70% қымбат.Бесінші кедергі – Қытай. Қытай былтыр 131 млн тонна болатты демпингпен сатты. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 153% көп. Онымен бағада жарысу қиын.Алексеев осы қиындықты түсіндіреді:»Көлікті Қазақстанға әкелу керек, дилерлік желі құру керек, жалақы төлеу керек, кепілдік, сервис беру керек, біздің жағдайға бейімдеу керек – мұның бәрі үлкен ақша тұрады».Яғни, арзандату оңай емес, бірақ мүмкін.Не істеу керек?Шешімі екі-ақ қадам.
Бірінші – үкімет Qarmet пен QazTehna-ға 250 мыңдық кепіл тапсырыс беруі керек. Сонда станок тоқтамайды, Эдоков айтқан межеге жетеміз.
Екінші – 2 жылда сертификат алуға көмектесу. Краш-тест зертханасы, халықаралық аудит.Осы екі қадам жасалса, 2029 жылы қазақстандық көлік нағыз арзандайды. Жасалмаса, сұр импортты жабу бағаны тек қымбаттатады.Біз таңдау алдында тұрмыз: 74% қымбаттауды көреміз бе, әлде 22% арзандауды жасаймыз ба?