Үкімет шағын бизнесті үш жыл тексермейтін болды. Кәсіпкер алдымен қуанды, бірақ бұл қуанатын жаңалық емес. Өйткені экономист Расул Рысмамбетов айтқандай, бұл — мемлекеттің кәсіпкерді өзінен қорғауы. Демек, ақау кәсіпкерде емес, тексерудің өзінде жатыр. Ал енді үш жыл бойы тамақ сататынды да, дәрі сататынды да, үй салатынды да ешкім тексермейді.

Сонда бұл тыныс па, әлде жаңа даудың басы ма?
Шын мәнінде бұл үш жыл демалыс емес, емтихан: мемлекет ашықтықтан, ал бизнес адалдықтан сынақ тапсырады. Бұл тыныс неге керек болды? Рысмамбетовтың түсіндіруінше, қазір нарықта жаңа «салық пандемиясы» жүріп жатыр. Кәсіпкер соңына дейін жаңа Салық кодексі енгізілмейді деп сенді, бірақ енгізілді. Сол себепті, оның айтуынша, бұл мораторий ең алдымен кәсіпкерге берілген тыныс, ал екіншіден, мемлекеттің өзіне де керек. Өйткені осы уақытта салық органдары цифрландыруды және цифрлық бақылауды дұрыс жолға қоюы тиіс.
Ең үлкен дау қайда жатыр?
Мораторийдің ең даулы тұсы — оның мәні. Рысмамбетов осыны тура айтады:«Мораторий деген не? Кешіріңіз, бірақ бұл мемлекеттің кәсіпкерді өзінен қорғап отырған жағдайы. Демек, әкімшілендіруде бірдеңе дұрыс емес. Бізде Салық кодексін енгізуге мораторий болған жоқ, әңгіме тексеру туралы. Демек, тексерудің өзінде проблема бар, оны өңірлерде түзету керек». Яғни, ережені бір министрлік жазады, ал оны қуып жүріп орындататын екінші министрлік. Ал ортасында кәсіпкер қалады.
Егер үш жыл тексеріс болмаса, не болады?
Рысмамбетов мұнда да ашық сөйлейді — заң бұзушылық көбейетінін жасырмайды. Бірақ оны қалыпты құбылыс санайды және шешімін де айтады:
«Заң бұзушылық көбейе ме? Әрине көбейеді. Бірақ бұл қалыпты жағдай. Сондықтан дұрыс цифрлық бақылау енгізу керек».
Өйткені тексеріс болмағанда адал кәсіпкер аяққа тұрады, ал алаяқ табысын жасыруға көшеді. Сондықтан мәселені адам жіберіп шешу емес, цифрмен бақылау арқылы шешу керек.
Мемлекеттің ақшасы кімге бұйырады?
Үкімет мемлекеттік сатып алудың 10%-ын шағын бизнеске береміз деп отыр. Ал Рысмамбетов бұл тәсілге қарсы. Оның ойынша, қолдауды алыпсатар емес, өндіруші алуы керек:
«Егер ол тауарды Қазақстанда өндірсе немесе шикізатты осында өңдесе, жергілікті өндірушіні міндетті түрде қолдау керек. Бұл ең маңыздысы. Шағын және орта бизнес Қытайдан тауар әкеліп, оны мемлекетке қайта сата салады. Сондықтан ең бастысы — сатып алуға жолды өндірушілер мен өңдеушілерге беру. Бұл жай ғана ШОБ-қа 10% бөле салғаннан әлдеқайда маңызды».
Бюджет қайда кетіп жатыр?
«Өңірлерде бюджет жүргізуді стандарттау маңызды. Бізде төртінші деңгейлі бюджеттер бар, олар әлі күнге дейін әртүрлі бағдарламада отыр. Бағдарламаны кім жасағаны маңызды емес, жүйе бір болуы керек».
Қазір әр аудан бюджетті өз білгенінше жүргізеді, сондықтан ақшаның қайда кеткенін ешкім дөп басып айта алмайды. Сондықтан экономист ірі сатып алуды блокчейнге көшіруді ұсынады. Сонда әр теңгенің жолы көрініп тұрады.
ҰЭМ Серік Жұманғарин қандай сабақ алуы тиіс?
Шын мәнінде Серік Жұманғарин қателескен жоқ. Жаңа Салық кодексін енгізу — мемлекетке қажет қадам болды. Бірақ бизнес бұл талапқа дайын емес болып шықты. Кәсіпкер кешеге дейін «болмайды» деп сенді, ал ереже бүгін күшіне енді. Дайындығы жоқ жерде қарсылық туды. Сондықтан Жұманғарин алатын сабақ біреу: ережені жазу аз, оны түсіндіру — одан да маңызды.
Біріншіден, ірі реформаның алдында бизнесті алдын ала дайындау керек еді. Семинар емес, нақты калькулятор керек еді — «сенің салығың ертең қалай өзгереді» деген.
Екіншіден, тексеріс пен жазадан бұрын, үйрету кезеңі болуы тиіс еді.Мемлекет дұрыс бағытқа кетті, бірақ жылдамдықты асырып жіберді. Ендігі үш жылдық мораторий — сол жылдамдықты азайтып, бизнеске ілесіп алуға берілген мүмкіндік.
Түйін:
Бұл демалыс емес, емтихан. Мазмұн керек. Үкімет үш жылда не істейтінін ашық жазуы керек. Цифрлық бақылауды қашан енгізесің? Жоспарың қайда? Түсіндір, сосын жазала. Салықшы алдымен үйретуі керек, сосын ғана жазалауға көшуі керек.
Жолды өндірушіге аш. Талап біреу ғана болсын: тауарды Қазақстанда жасадың ба? Иә десең — сатып алуға кіресің. Ереже қазір жазылсын. Кәсіпкер 2028 жылы не болатынын қазір білуі керек. Мемлекет ашықтықтан, бизнес адалдықтан сынақ тапсырады. Екеуі де өтпесе, үш жыл босқа кетеді.