Үкімет шағын және орта бизнеске қатысты тексерістерге үш жылдық мораторий жариялады. Қоғамда заңды сұрақ туды: егер үш жыл бойы ешкім тексермесе, тәртіп бұзылмай ма? Сарапшылардың айтуынша, қауіп бар, бірақ шешімі ескі тексерісте емес, цифрлық бақылауда.

Қорқыныш қисынды.
Экономист Расул Рысмамбетовтың айтуынша, бұл қалыпты жағдай, сондықтан дұрыс цифрлық бақылау енгізу керек. Оның айтуынша, мораторий – кәсіпкерді жауапкершіліктен босату емес, бақылаудың түрін өзгертуге берілген уақыт. Бүгінгі тексеріс – адам жіберіп, дүкен аралау болса, ертеңгі бақылау – адам жібермей, деректі көру.
Тәртіпті кім қадағалайды
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Санат Көшкімбаевтың айтуынша, бұл үш жылды жай ғана үзіліс ретінде емес, бақылау-қадағалау жүйесін толық қайта құруға арналған уақыт ретінде пайдалану керек. Оның айтуынша, жаппай тексеруден бас тартып, тәуекелді басқаруға көшу қажет. Салығын уақытылы төлеп, есебін ашық тапсырып отырған кәсіпкерге тиіспеу, ал қауіп бар жерге ғана бару.Бұл жүйе адам бармайтын жерде цифр барады деген қағидатқа сүйенеді.
Сарапшылардың айтуынша, кассаның чекі, электронды шот-фактура, тауардың цифрлық таңбасы бәрі онлайн көрінсе, кім адал, кім алаяқ екені экраннан көрінеді. Сонда адал кәсіпкер аяққа тұрады, өйткені оны ешкім мазаламайды, ал көлеңкедегі кәсіпкердің жолы жабылады, өйткені оның тауарын жүйе көрмейді
Цифр нені көреді
Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Айнұр Сартаеваның айтуынша, жаңа Салық кодексінің философиясы – барынша жеңілдету. Оның дерегінше, есептілік көлемі 30 пайызға, салық пен алым саны 20 пайызға қысқарды. Сарапшылардың айтуынша, жеңілдету – қағаз жүзінде, ал цифр – оны өмірде көрінетін ететін құрал. Егер барлық төртінші деңгейлі бюджет бірыңғай стандартта, ал ірі сатып алу блокчейнде отырса, әр теңгенің ізі көрінеді, бұл Рысмамбетовтың айтуынша, тәуекелді жабатын модель.Қорытындыда, сарапшылардың айтуынша, мораторий – бақылаусыздық емес, бақылаудың жаңа түрі.
Көшкімбаев айтқан тәуекелді басқару жүйесі Рысмамбетов айтқан цифрлық бақылаусыз жүрмейді. Үш жылдық үзіліс – демалыс емес, мемлекет ашықтықтан, ал бизнес адалдықтан сынақ тапсыратын емтихан.