Ресей рублі үш айда 10 процентке арзандады. Импортер ұтып жатыр, бірақ Шымкенттің макарон цехы мен Өскеменнің арматура зауыты жабылудың аз-ақ алдында тұр.

Нан неге арзандамайды
31 шілдеден бері рубль 5,97 теңгеден 5,37 теңгеге түсті. Ұлттық банк теңге күшейді дейді. Бірақ дүкендегі баға сол күйі тұр.Себебі қарапайым. Кәсіпкер ескі қымбат тауарды сатып біткенше, жаңа арзан тауарды да қымбатқа сата береді. Ал ресейлік тауар сөреде арзандап, қазақ тауарын ығыстырып жатыр. Соңғы бес айда ЕАЭО-дан импорт 20 процентке өсіп, біздің экспорт 7 процентке құлады.
Рубль неге құлап жатыр?
Ұлттық банктің түсіндіруі — теңге күшейді. Әлемде шикізат қымбаттады, шетел инвесторы келіп, мемлекеттік қағаздарды сатып алды. Сұраныс түсті, теңге өсті. Соның кесірінен рубль арзан көрінді.Банк болжам бермейді. «Курс еркін, біз араласпаймыз» дейді.
Баға неге түспейді?
Импорт арзандаса, дүкендегі баға да түсуі керек қой. Бірақ олай болмай тұр.Өйткені тауардың жолы ұзақ. Зауыттан шығып, жол жүріп, қоймада айлап тұрады. Әр кезеңі — шығын.Сосын кәсіпкер бағаны түсіруге асықпайды. Қоймада қымбатқа алған ескі тауар тұр. Ол біткенше, жаңадан арзанға келгенін де сол бағаға сата береді. Айырмасы — өзіне пайда.Ұлттық банк те осыны айтады. Теңге әлсіресе, баға бірден шарықтайды. Ал күшейсе, баға баяу түседі.
Кім ұтады, кім ұтылады?
Экономист Андрей Чеботаревтің есебі бар. Бізге келетін импорттың үштен бірі — Ресейден.Мұнда ұтатындар — шикізат, бөлшек, станок таситындар. Оларға өзіндік құн арзандап тұр.Ал ұтылатындар — тамақ, жиһаз, құрылыс заты, тұрмыстық химия, металл шығаратындар. Ресей тауары арзандаса, біздің зауыттың тауары сөреде тұрып қалады.Қант — бәрін түсіндіретін мысалДепутат Руслан Идрисов қантты мысалға келтіреді. Қазақстан қанттың тек 30 процентін өзі жабады. Қалғанын сырттан әкелуге мәжбүрміз. Мұндай жерде импорт керек.Ал тауық еті, сүт, шұжық, балық ше? Ол бізде бар. Бірақ Ресейден арзан тауар қаптап кетсе, біздің кәсіпкер шыдамайды.»Негізгі азықты өзімізде өндірген арзан болуға тиіс. Сырттан тасығаннан гөрі өзімізде жасаған тиімді болуы керек», — дейді ол.Шешім не?Шешім — арзан ақша.Қазір бізде кредит 18-20 процент. Ал Ресейде 6-8 процент. Мұндайда тең бәсеке қайдан болсын? Зауытқа 10-15 жылға 6 процентпен қарыз бермесе, ешкім жаңа цех салмайды.Тағы бір шарт — ЕАЭО ішіндегі талапты теңестіру. Салық, жарық, газ, субсидия бірдей болмаса, ортақ нарық деген аты ғана.
Түйін
Рубльдің құлауы — қауіптің басы. Бүгін арзан импортқа мәз болсақ, ертең зауыт жабылып, жұмысшы далада қалады.Рубльді біз тоқтата алмаймыз. Бірақ өз өндірушімізді сақтап қала аламыз. Ол үшін бір-ақ нәрсе керек: ұзақ әрі арзан ақша.