Кеше Алматы бір түнде екі түрлі түтінді бастан кешті. Бірі – Арбаттағы жасанды түтін, екіншісі – қала үстіндегі нақты түтін. Екеуі де қоғам назарында, бірақ экономикалық салдары жер мен көктей.

31 қазаннан 1 қарашаға қараған түні Арбатта полиция Хэллоуинге арнап грим жасаған кәмелетке толмағандарды ұстап, автозакқа тиеді. Негіздеме – түнгі 23:00-ден кейін ата-анасыз жүруге болмайды деген норма. Осы видео тарағаннан кейін қоғам екіге бөлінді.
Каланың күш құрылымдарының ресурсын қайда жұмсаған тиімді?
Бір топ жасөспірімді тоқтатуға 3 экипаж жұмылдырылды. Операциялық шығын – аз, нәтижесі – әлеуметтік желідегі дау. Ал дәл сол түні қала экономикасына тікелей әсер ететін екінші мәселе – ауаның ластануы – ешқандай жедел штабсыз жалғаса берді.
1 қараша кешке IQAir дерегі бойынша Алматы AQI 165 көрсеткішімен әлемдегі ең лас 3 қаланың қатарына кірді. Алдымызда тек Лахор мен Дели. Бұл тек экология емес, бұл – бизнес-индикатор. AQI 150-ден асқан сайын еңбек өнімділігі төмендейді, медициналық шығын өседі, қаланың инвестициялық тартымдылығы құлдырайды.
Қазгидромет 2 қарашада да 10 қалада, оның ішінде Алматыда қолайсыз метеожағдай сақталады деп отыр
Яғни, түтін сейілмейді. Себебі жүйелі: ТЭЦ-2 толық газға көшпеген, жеке сектор әлі көмір жағады, көлік саны шектен тыс. Осы жерде үшінші фактор қосылады – қала бюджетін басқару тиімділігі. 31 қазанда тұрғындар тағы бір заңдылықты көрсетті: Гагарин-Солодовников көшесінде жазда төселген асфальт күзде қайта қазылды. Жароков-Дунаевскийде жаңа брусчатканы бұзып тастады. Әкімдік мұны «ТП-ға қосу жұмысы, 10 қарашаға дейін қалпына келтіреміз» деп түсіндірді. Бірақ бизнесте бұл – қосарланған шығын және жоспарлаудың жоқтығы. Алдымен инфрақұрылым, сосын абаттандыру болуы керек еді.
Байланыс қайда?
Осы үш оқиға – бір тізбек. Біріншісі – басымдықты дұрыс қоймау. Екіншісі – ұзақ мерзімді тәуекелді басқара алмау. Үшіншісі – бюджетті тиімсіз жұмсау.
Үшеуінің түпкі нәтижесі – қаланың бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуі. Арбаттағы гримді жууға бір сағат, ал аспандағы гримді жууға 5 жыл және Ұлттық қордан триллиондар керек. Біріншісіне автозак жетсе, екіншісіне – ТЭЦ-ті модернизациялау, қоғамдық көлікті толық жаңарту және жеке секторды газдандыру сияқты ірі инвестициялық жобалар қажет.
Сондықтан бүгінгі сұрақ – Хэллоуинді тойлауға бола ма, жоқ па деген мәселе емес. Бүгінгі сұрақ – қала бюджеті мен басқару ресурсын қайда жұмсағанда қайтарым болады деген бизнес-сұрақ. Уақытша маскамен күрескен тиімді ме, әлде қаланы тұншықтырып отырған жүйелі түтінмен күрескен тиімді ме? Жауап түтінде емес, есепте жатыр.