2015 жылы Ресей өзі мұздатып тастаған ТҮРКСОЙ байланысын қалпына келтірмей, ОТГ-да бақылаушы болу мүмкін емес.Бұл шарт кездейсоқ айтылған жоқ, оның алдында бір аптаға созылған дипломатиялық тізбек тұр.

• 30 қазанда Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейді ұйым жұмысына «ОТГ+» форматында немесе бақылаушы ретінде тартуды ұсынды, бұл ұсыныс толық мүшелік туралы емес, серіктестіктің жаңа формасы туралы еді.
• 2 қарашада Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл бастаманы түсінікті және орынды деп бағалады, алайда Мәскеуге әзірге ресми шақырту түспегенін атап өтті.
• Ал 4 қарашада Түркияның билеуші AK Parti партиясы төрағасының орынбасары Күршад Зорлу Анкараның ұстанымын түсіндірді: бұл бас тарту емес, ұйым жарғысында бекітілген қағидаларды еске салу еді.
Тіл шарты – ұйымның басты қағидасы
2021 жылы Ыстанбұлда қабылданған регламентке сәйкес, бақылаушы мәртебесіне үміткер ел түркі немесе оған туыс тілдердің бірін бүкіл аумағында мемлекеттік немесе ресми іс жүргізу тілі ретінде тануы тиіс. Бұл талап жекелеген өңірлерге емес, мемлекеттің тұтас аумағына қатысты. Татарстанда, Башқұртстанда, Якутияда татар, башқұрт және якут тілдерінің ресми мәртебеге ие болуы осы талапты өтемейді, өйткені ол бүкіл Ресей Федерациясының аумағында қолданылмайды. Сондықтан қолданыстағы ережелер шеңберінде Ресейдің бақылаушы мәртебесін алуы мүмкін емес.
Анкара ұсынған балама жол
Зорлу мәлімдемесінде ынтымақтастық үшін екі балама тетікті атап өтті.
• Біріншісі – өткен жылы Габалада қабылданған «ОТГ+» моделі. Бұл формат үшінші елдермен сыртқы істер министрлері немесе мемлекет басшылары деңгейінде кездесулер өткізуге мүмкіндік береді, алайда ол бақылаушы мәртебесін бермейді және барлық бес мүше мемлекеттің ортақ келісімін талап етеді.
• Екіншісі – 1993 жылы құрылған Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы – ТҮРКСОЙ жұмысын жандандыру. Бұл ұйымда Алтай, Тува, Чувашия, Башқұртстан, Якутия және Татарстан бақылаушы мәртебесіне ие болған, алайда 2015 жылғы Су-24 оқиғасынан кейін Ресей бұл байланысты өзі тоқтатқан еді. Анкараның ұстанымы бойынша, жаңа форматтарды талқыламас бұрын алдымен осы тоқтатылған байланысты қалпына келтіру қажет.
Сарапшылар не дейді
Қазақ сарапшылары бұл ұсынысты ең алдымен тепе-теңдік ойыны деп бағалайды. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Айдар Құрмашевтың пікірінше, ең маңыздысы – Ресейдегі түркі халықтарының ғылыми және мәдени мекемелеріменынтымақтастыққа тұрақты сипат беру, ал политолог Ералы Нұржұма тікелей айтады: Қазақстан ОТГ-ның Мәскеуге қарсы жобаға айналуына жол бергісі келмейді, өйткені Ресей – әлі де негізгі сауда серіктесі, транзит бағыты және ЕАЭО мен ҰҚШҰ-дағы әріптес.Қырғыз политологы Марс Сариев те Тоқаевтың ұсынысын ойластырылған дипломатиялық маневр деп санайды. Оның сөзінше, Тоқаев Мәскеуге «Қазақстан түркі интеграциясын Ресейге қарсы жоба деп қарастырмайды» деген сигнал беріп отыр, ал Ресейдің ОТГ-ға қатысуы ұйымды болашақта Мәскеудің жауы ретінде қабылдамауына көмектеседі
Ал ресейлік және әзербайжандық сарапшылардың пікірі екіге бөлініп жатыр
Ресейлік «Стан-Центр» басшысы Андрей Выползов бақылаушы мәртебесін Мәскеу үшін жаңа мүмкіндік деп санайды, ал Оңтүстік Кавказды зерттеу орталығының басшысы Фархад Мамедов оны нақты перспектива емес, дипломатиялық зонд деп есептейді. Оның айтуынша, Ресей толық мүше бола алмайды, ал «ОТГ+» – ол мүлдем басқа формат, ол бір реттік саммиттер мен кездесулерді білдіреді, бақылаушы мәртебесімен шатастыруға болмайды.Үш тараптың мүддесіОсылайша, үш тараптың ұстанымы бір нүктеде тоғысады.
Тоқаев үшін бұл ұсыныс – геосаяси тепе-теңдік сақтау әрекеті
Түркия үшін мәселе – ұйымның мәнін сақтау, егер ереже бір ел үшін өзгертілсе, тіл, тарих және мәдениет ортақтығына негізделген ұйымның өзінің қағидасы әлсірейді. Ал Ресей үшін Песковтың мәлімдемесі саяси сигнал болғанымен, Мәскеу әлі ресми өтініш берген жоқ және берген күннің өзінде алдымен 2015 жылғы шешімін қайта қарауына тура келеді.Сондықтан Зорлудың мәлімдемесін «Ресей кіре алмайды» деп түсіну дұрыс емес. Оның мәні – басқаша: бақылаушы болу үшін тілді бүкіл ел аумағында ресми ету керек, 2015 жылдан бері тоқтап тұрған ТҮРКСОЙ байланысын шешу керек, содан кейін ғана «ОТГ+» форматында келіссөз жүргізуге болады. Бұл – сыпайы түрде айтылған, алайда мазмұны жағынан өте қатаң дипломатиялық жауап.
Түйін: Тоқаев дипломатиясының мәні неде?
Тоқаевтың бұл ұсынысын «Ресейді ОТГ-ға кіргізу» деп түсіну – қате. Оның дипломатиясының мәні – мүлде басқа.1. ОТГ-ны блокқа айналдырмау.
1. Тоқаев үшін ОТГ – Ресейге қарсы әскери-саяси одақ емес, мәдени-экономикалық көпір болуы керек. Егер ұйым бір полюске қарай ауып кетсе, Қазақстан екі үлкен көршісінің арасында қысылып қалады. Сондықтан ол Мәскеуді «сырттағы жау» емес, «іштегі диалогқа қатысушы» етіп көрсеткісі келеді.
2. Тепе-теңдік арқылы қауіпсіздікті сақтау.
Қазақстанның негізгі саудасы, транзиті, қауіпсіздігі әлі де Ресеймен байланысты, ал болашағы – түркі әлемімен, Орта дәлізбен байланысты. Тоқаев екеуін бір-біріне қарсы қоймай, бір үстелге отырғызғысы келеді. Бұл – Астананың көпвекторлы саясатының классикалық үлгісі: ешкіммен жауласпа, бәрімен сөйлес, бірақ өзіңнің егемендігіңді ешкімге берме.
3. Шартты Түркияға емес, ережеге қалдыру.
Тоқаев ұсынысты тастады да, шешімді ұйымның ережесіне қалдырды. Енді Анкара «жоқ» десе, ол Қазақстанмен емес, жарғымен дауласады. Бұл – өте нәзік дипломатия: Астана Мәскеуге сигнал берді, Анкараға қысым жасамады, өзін ешкімге қарсы қоймады.Сондықтан Зорлудың жауабы да – дәл осы ойынның жалғасы. Түркия «жоқ» демеді, «алдымен ережені орында, алдымен 2015 жылғы мұзды еріт» деді. Ал Тоқаевтың мақсаты орындалды: ол ОТГ-ны даудың емес, диалогтың алаңына айналдырды.