«Қазақстанда кедейлік 20 жылда төрт есе азайды», — деп жазды Дүниежүзілік банк қазан айындағы баяндамасында.

Сол жаңалықтың қасына «2027 жылдан бастап ең төменгі жалақы 85 мыңнан 110 мыңға көтеріледі» деген жаңалық қатар тұрды. Осы екі жаңалық қатар тұрған соң, елде «жарты жылда байып кеттік» деген әсер пайда болды. Бірақ шындық басқа: байыған жоқпыз.
Біз есепте адастық. Қателесу қайдан шықты?
Шатасудың себебі — уақытты шатастырдық .Дүниежүзілік банк айтқан сан — жарты жылдың емес, 20 жылдың қорытындысы.
2006 жылы халықтың 18,2%-ы ұлттық кедейлік шегінен төмен болды. 2025 жылы: бұл көрсеткіш 4,9%-ға түсті Халықаралық өлшем бойынша да солай: күніне 8,30 доллардан аз табатындар 2006 жылы 55,7% болса, 2024 жылы 13,8% болды. Жылына орташа 7,5% төмендеген.
Банк мұны ең алдымен еңбек табысының өсуімен байланыстырады. Табыс өсті, сондықтан кедейлік азайды. Осы жерге дейін бәрі түсінікті. Ал 110 мың — әлі болашақ. Ол 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді, 1,8 млн адамға, оның ішінде 370 мыңнан астам бюджет қызметкеріне әсер етеді. Екі түрлі уақытты бір қатарға қойсақ, адамның миы «міне, байыдық» деп оқиды. Ал уақыт — бөлек, есеп — бөлек.
Сарапшылар не дейді?
Бұл жерде пікір екіге бөлінеді.
- Бірі — банктың оптимизмі, екіншісі — экономистердің сақтығы.
- Дүниежүзілік банк — ұзақ трендке қарайлы, соңғы екі онжылдықта кедейлікті едәуір қысқартқанымызды ескертеді.
Экономист, қаржыгер Айгерим Ильясованың айтуынша, ең төменгі жалақы 2024 жылдан бері өзгермеген. Ал сол 3 жылда жиналған инфляция шамамен 30%. Яғни 85 мыңнан 110 мыңға көтеру — бұл байып кету емес, бағаның өсуіне ілесіп түзету. Ол тағы бір маңызды нәрсені айтады: орташа жалақы 486 мың, медианалық — 348 мың теңге. Сондықтан 110 мың көп адамның өміріне тікелей әсер етпейді. Ол тек ең төменгі жалақы алатындарға әсер етеді.
Экономист Рахимбек Абдрахманов та дәл осыны айтады: 2024 жылы инфляция 8,6%, 2025 жылы 12,3%, 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында тағы 7,5% болды. Ақшаның сатып алу қабілеті түсті. Сондықтан МЗП көтеруді «халықтың бұрын көрген шығынын өтеу» деп қарау керек, «әл-ауқаттың нақты өсуі» деп емес.
Экономист Төлеген Асқаров ЕТЖ өсуі ішкі сұранысты арттырады, төмен табысты адамдар көбірек жұмсай бастағанына назар аударыпты. Бірақ қосымша ақша бағаны да көтеруі мүмкін. Оның ойынша, бұл тәуекелді Ұлттық банк тежей алады, резкий скачок болмауы керек.
Осы төрт пікірді қоссақ, бір сурет шығады: банк — алыстан қарайды, экономистер — жақыннан қарайды
Алыстан қарасаң — өсу бар. Жақыннан қарасаң — баға өсуі оны жеп қойған.Бірақ банктың есебінің өзінде де қайшылық бар. 2025 жылы ЖІӨ жан басына 5,2% өскен, бірақ нақты жалақы 1,4%-ға, нақты табыс 2,3%-ға төмендеген.
2026 жылдың шілдесінде жылдық инфляция 10,2% болған, азық-түлік 10,1%-ға қымбаттаған. 2026 жылдың 1-тоқсанында кедейлік қайта өскен: ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табысы барлар 4,5%-дан 4,9%-ға көбейген, бұл шамамен 1 млн адам.
Яғни ұзақ мерзімде — иә, кедейлік азайған. Бірақ соңғы 1-2 жылда адамның қалтасы мұны сезбеген. Номиналды жалақы өсті, бірақ баға одан жылдам өсті. Бұл жерде тағы бір маңызды нәрсе бар: кедейлік шегінің өзі өте төмен. 2025 жылы кедей деп саналғандар 1,02 млн адам ғана. Ал егер шекті сәл жоғары қойса, сурет мүлде басқаша шығады. Сондықтан «кедейлік 4,9%» деген сан — адамдардың байығанын емес, белгіленген шектен шыққанын ғана көрсетеді.
Түйін
Байыған жоқпыз. Есепте адастық. Бұл 20 жылдық тренд, жарты жылдық емес. Кедейлік шегінің өзі өте төмен. Номиналды табыс өсті, бірақ нақты табыс соңғы жылдары құлдырады. Сондықтан сарапшылардың ортақ ойы 110 мың — байлыққа қадам емес, инфляциядан қалмауға тырысу екенін айтады. Біз байыған жоқпыз. Біз тек бағаның артынан жүгіріп келеміз. Ал жүгіріп жеткенде, баға тағы алға кетіп тұрады.