Қазақстан Alatau City-ге 1,3 млрд долларға тоғыз келісімді бәтуалағанын жариялады. Бірақ құрылысқа нақты салынғаны – 70,3 млрд теңге ғана. Ал 2050 жылға дейінгі инфрақұрылым пулы – 10,4 трлн теңге.

Бұл айырмашылық жобаның әртүрлі кезеңдерін және ақшаның мәртебесін көрсетеді: бірі – әлі уәде, екіншісі – нақты шығын, үшіншісі – 30 жылға арналған жоспар.
Alatau City – 2024 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Жетіген ауылының негізінде құрылған, Алматы облысындағы облыстық бағыныстағы жаңа қала.2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында қаланың негізгі капиталына салынған нақты инвестиция 70,3 млрд теңге болды. Оның 35,3 млрд теңгесі, яғни шамамен 76,4 млн доллары, 28 инженерлік және көлік инфрақұрылымы жобасына резервтен бөлінді. Бұл – 2050 жылға дейінгі жалпы жоспардың небәрі 0,34-0,67%-ы ғана.
Бұл қандай миллиардтар?
Мұнда үш түрлі ақшаны ажырату керек. Меморандум – әлі ниет. Қаржыландыру шарты – міндеттеме. Күрделі салым – жерге түскен нақты ақша. Құрылыс соңғысынан кейін ғана басталады. Шілде айының басында Alatau City Authority-дің реттеу саясаты жөніндегі басшысының орынбасары Арман Тастанбеков күтілетін инвестициялар портфелі 4 млрд долларға жеткенін айтты. Ол кезде портфельде 50-ден астам жоба бар еді.
«Алдын ала келіссөз жүргізілген және инвесторлар тарапынан нақты қызығушылық білдірілген, бірақ әлі заңды міндеттемесі жоқ күтілетін инвестициялар портфелі шамамен 4 млрд долларды құрайды», – деді Тастанбеков.
Тамызға қарай портфель 67 жобаға, 6,9 млрд долларға дейін өсті. Қарашада халықаралық серіктестермен әлеуеті 1,3 млрд доллар деп бағаланған тоғыз жаңа келісім жарияланды. Яғни төрт айда жария баға миллиардтаған долларға өсті. Бірақ жарияланған материалдардан қанша сома нақты қаржыландыру шартымен қамтамасыз етілгенін, инвесторлар қанша қаражат аударғанын анықтау мүмкін емес.
1,3 млрд долларға тоғыз келісім
2 қарашада Лондонда Alatau City Investment Roundtable дөңгелек үстелі өтті. Қазақстандық делегацияны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды. Кездесуге JPMorgan Chase, BP, AstraZeneca және Brookfield Asset Management-ті қоса алғанда, 70-тен астам компания мен қордың өкілдері қатысты.
«Біз Еуропа мен Азия арасындағы экономикалық өзара іс-қимылдың маңызды буыны болуы тиіс бизнес, қаржы, технология және логистиканың жаңа орталығын құрып жатырмыз», – деді Бозымбаев.
Келіссөздерден кейін тараптар жиынтық әлеуеті 1,3 млрд доллар болатын тоғыз келісімге қол қойды. Олар инфрақұрылымды қаржыландыруға, білім беру, денсаулық сақтауды дамытуға және халықаралық ынтымақтастыққа қатысты.
Атап айтқанда, University of Exeter, Brighton College және Repton Group-пен оқу орындарын ашу, ал AstraZeneca және Crescent Meditours-пен медициналық инфрақұрылымды дамыту жоспарлары талқыланды.Қатарлас делегация Лондон қор биржасы, Brookfield Asset Management, Société Générale, J.P. Morgan және Еуропалық қайта құру және даму банкімен келіссөз жүргізді. Онда жобалық қаржыландыру құралдары және энергетикалық, көлік және инженерлік инфрақұрылымға халықаралық капиталдың қатысуы талқыланды.
Дегенмен бұл қаражат бірден аударылатын ақша емес. Бұл – жобалар пысықталған соң кезең-кезеңімен тартылатын инвестициялық әлеует. Оның үстіне үкімет хабарламасында әр келісім бойынша жеке сома, төлем кестесі және тараптардың міндеттемесі көрсетілмеген. Жарияланған 1,3 млрд доллар бұрынғы 6,9 млрд долларлық портфельге кіре ме, әлде үстіне қосыла ма – ол да белгісіз.
Құрылысты кім төлейді?
Портфельді ашып қарасақ, үш сан шығады.
Біріншісі – меморандумдағы ақша, 6,9 млрд доллар. Бұл – әлі қолға тимеген ақша. Тамызда үкімет 67 жобаны 6,9 млрд доллар деп жариялады. Шілдеде ол 4 млрд доллар еді. Яғни бір айда портфель 2,9 млрд долларға өсті. Бірақ Тастанбековтың өзі бұл – заңды міндеттеме емес, алдын ала келіссөз екенін ашық айтқан.
Екіншісі – қарашадағы тоғыз келісім, 1,3 млрд доллар. Лондонда қол қойылған. Бірақ әр келісім бойынша сома жоқ, төлем кестесі жоқ, инвестордың нақты міндеттемесі белгісіз.
Үшіншісі – нақты салынған ақша, 70,3 млрд теңге. Бұл – 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы нақты инвестиция. Доллармен шамамен 130 млн доллар. Оның 35,3 млрд теңгесі – инфрақұрылымға. Яғни жарияланған 6,9 млрд доллар мен жерге түскен шамамен 130 млн доллар арасында 50 есе айырма бар. Бұл қалыпты, өйткені портфель 2050 жылға дейін есептелген. Бірақ оқырманға осы айырманы түсіндіру керек.
Инфрақұрылымның жалпы пулы – ең нақты сан. Биліктің жоспары бойынша, 2050 жылға дейін инфрақұрылымға 10,4 трлн теңге жұмсалады. Бұл – шамамен 22,5 млрд доллар. Оған жол, су, жарық, жылу, мектеп, аурухана – қала өмір сүре бастау үшін керек нәрсенің бәрі кіреді. Оның 3,1 трлн теңгесі 2030 жылға дейін игерілуі тиіс.
Ал бірінші кезең – 2026-2027 жылдар, 21 жоба, 365,1 млрд теңге. Екінші кезең – 2028-2030 жылдар, 9 жоба, 312,5 млрд теңге.
Маңыздысы:
10,4 трлн – тек бюджеттің ақшасы емес. Ол бюджет + жеке инвестиция + EPC-келісімшарттар арқылы қаржыландырылатын жалпы пул. Алайда үкімет бұл соманың қанша бөлігі тікелей бюджеттен, ал қаншасы жеке инвесторлар немесе мемлекеттік-жекеменшік әріптестік есебінен жабылатынын әлі нақты бөліп көрсеткен жоқ.
Сондықтан тәуекелдің негізгі бөлігі әзірге ашық күйінде тұр. Себебі жеке инвесторлар зауыт, тұрғын үй, бизнес-орталық салады. Ал оларға дейінгі жолды, суды, жарықты тарту – ең тәуекелді бөлік. Инвесторлар инфрақұрылымға емес, табыс әкелетін жобаларға келеді.
Alatau City АХҚО-ға бәсекелес бола ма?
Қазақстан қаржыгерлерінің конгресінде МФЦА-ның басқарушысы Ренат Бектұров
Заң деңгейінде де АХҚО мен Alatau City-дің міндеттері әртүрлі екенін айтты. АХҚО инвестиция тартуға жәрдемдесуге, капитал нарығын және инновациялық қаржы өнімдерін дамытуға, тәуелсіз реттеуге бағытталған.
«Alatau City-дің негізгі міндеті – Алатау қаласын жедел дамыту. Бұл инвестиция тарту үшін де, құрылыс саласы үшін де, ғылым мен инновация үшін де арнайы режимдерді қарастырады. Alatau City құқықтық жүйесінің негізі – аумақтық. Ал қаржы өнімдері – эксаумақтық. Мысалы, белгілі бір жылжымайтын мүлікке байланған токенді тек Alatau City-де ғана сатылатындай етіп қалай жасауға болады? Мұндай, әрине, болмайды», – деді Ренат Бектұров.
Сондықтан АХҚО -да бәсеке емес, тәжірибе алмасу күтіледі. Бектұровтың сөзінше, қаржы орталығында пайда болған әзірлемелер Alatau City-дің болашақ дамуы үшін пайдалы болуы мүмкін.
«АХҚО тек шетелдік инвестиция үшін құрылды деген тезис – дұрыс емес. Біздің міндетіміздің бірі – Қазақстанда капитал нарығын дамытуға жәрдемдесу», – деп қосты Бектұров.
Еске салайық, Алатау қаласының ерекше мәртебесі туралы Конституциялық заң 8 мамыр 2026 жылы қол қойылды. Заңда арнайы құқықтық режимді қаланың өзінде де, қала маңы аймағында да қолдану мүмкіндігі қарастырылған. Қалаға ағылшын құқығы қағидаттары және салықтарды қала бюджетінде қалдыру сияқты жеңілдіктер берілген.
Бірақ мұнда Бектұров айтпаған бір нәрсе бар. Заңдық тұрғыда бәсеке жоқ, екеуінің мандаты әртүрлі. Ал инвестор үшін бәсеке бар. Себебі инвестор – бір. Ол ақшасын АХҚО арқылы да, Alatau City арқылы да, тікелей де сала алады. Егер Алатау салық жеңілдігін көп берсе, инвестор сонда барады. Егер АХҚО ның соты мен ағылшын құқығы сенімдірек болса, инвестор сонда қалады. Яғни бұл – юрисдикциялардың емес, жеңілдіктердің бәсекесі. Егер Алатау АХҚО -мен тек жеңілдік беру жарысына түссе, мемлекет екі жақта да ұтылады – бір жақта инфрақұрылымға төлейді, екінші жақта салықтан айырылады. Сондықтан Alatau City АХҚО -ға бәсекелес емес, оны толықтырушы болуы керек. АХҚО – қаржыны қайда салу керегін шешетін алаң, Alatau City – сол қаржыны нақты қайда – жолға, зауытқа, үйге – жұмсайтын жер.
Қашан ақталады?
Үкімет қала дамуының үш кезеңінде салық түсімі 38 млрд долларға жуықтайды деп есептейді. Бұл – өте оптимистік болжам.Ол үшін үш шарт орындалуы керек: шамамен 55 мың жұмыс орны ашылуы, 67 жобаның бәрі іске қосылуы, қалаға бизнес пен тұрғын көшуі керек. Бірақ әзірге жария кесте жоқ: бірінші кезең қашан бітеді, салық қашан түсе бастайды, 10,4 трлн теңге қай жылы қайтады – бұл сұрақтарға ресми жауап жоқ
Сондықтан бүгінгі формула былай:Инфрақұрылым пулы – 10,4 трлн теңге. Инвестор уәде береді – 6,9 млрд доллар. Нақты келгені – 70,3 млрд теңге. Табыс қашан келеді – белгісіз. Alatau City – әлі құрылыс алаңы емес, уәделер портфелі. Оның болашағы бір нәрсеге байланысты: қарашадағы 1,3 млрд долларлық меморандумның қаншасы нақты шартқа, нақты ақшаға айналады. Егер 2027 жылы нақты салым 70 млрд-тан 300-400 млрд теңгеге өспесе, 10,4 трлн теңгелік инфрақұрылым жүгі толық мемлекеттің мойнында қалады.