Мемлекет 20 миллион халыққа 300 пәтер бөліп, оны кім жылдам басса – соған берді. Бұл қайырымдылық па, әлде нарықтың жоқтығын жасыратын шоу ма?

31 тамызда «Отбасы банкі» 18-65 жас аралығындағы әйелдерге арналған «Ұмай» жеңілдікті ипотекалық бағдарламасын іске қосты. Алайда қарыз беру бірнеше сағаттан кейін тоқтатылды.
«Отбасы банкі» төрағасының орынбасары Жансұлтан Матайдың түсіндіруінше, бұған бірінші транштың аздығы себеп болған. Бағдарламаны Азия даму банкі қаржыландырады. Жалпы 90 миллиард теңге қарастырылған, бірақ бірінші кезекте 9 миллиард теңге ғана аударылған.Осы 9 миллиардқа 31 тамызда 850 өтінім қабылданып, бәрі мақұлданды. Қарыздың орташа сомасы – 23,4 млн теңге. Ең жас қатысушы – 18-де, ең үлкені – 63-те. Яғни, 9 миллиард дегеніміз – бүкіл елге шақанда 350 пәтер ғана.
Бұл – бірінші рет емес.Бұдан бұрын жеңілдетілген автокөлік бағдарламасы да дәл осылай – бір күнде таусылып, сайты құлап, халықтың ашуына тиген еді. Екі түрлі тауар – пәтер мен көлік – бір сценариймен жоғалады. Демек, мәселе тауарда емес, жүйеде. Неліктен үш сағатта бітеді?
Себебі нарықта балама жоқ. Екінші деңгейлі банкте ипотека – 20-25%. Ал «Ұмай» – 9% бен. Айырмашылық – екі есе. Мұндай алшақтықта кез келген жеңілдік – тегін таратылған алтынмен бірдей. Талап болмай қайтсін. Екінші мәселе – бөлу әдісі. Қазіргі қағида – «кім бірінші кірді, сол алды». Бұл – спорттық жарыс, әлеуметтік бағдарлама емес. Мұқтаж ананың интернеті баяу болса, ол ұтылады. Жылдам басқан студент ұтады.
Әділеттілік қайда?Әлем қалай істейді?
Әлемде мұндай бағдарламаны траншпен жауып тастамайды.АҚШ-та FHA жүйесі жыл бойы жұмыс істейді. Мемлекет ақша бермейді, кепіл болады. Кезек жоқ.
Сингапурда HDB – мемлекеттік үйлерді ұпаймен береді. Баласы көп, үйі жоқ, табысы аз – ұпайың көп. Кім жылдам емес, кім мұқтаж – сол алады.Германияда жеңілдік тек нақты мақсатқа – энергия үнемдейтін үйге беріледі. Бәрінің ортақ логикасы: жеңілдік – шектеулі тауарға емес, шектеулі әрі мұқтаж топқа арналуы керек. Қорытынды«Ұмайдың» үш сағатта бітуі – әйелдердің аштығы емес, нарықтың аштығы. Бұл бағдарламаның танымал болғаны емес, баламасының жоқтығы.90 миллиардты 9 миллиардтан бөліп беру – қаржылық техника. Ал 300 пәтерді 20 миллионға «басталды» деп жар салу – коммуникациялық қателік.
Егер 25 пайыздық нарықтық ипотеканы арзандатпасақ, «Ұмай» әр жолы лотерея болып қала береді. Біз 85 мың әйелдің арманын 850 адамға бөліп беріп, өзімізге өзіміз есеп бере алмай отыра береміз. Бұл қайырымдылық емес. Бұл – нарықтың жоқтығын жасыратын шоу.