Бүгіннен бастап Қазақстанда көлікті мемлекеттік тіркеу ережесі өзгерді.

Оған дейін, қыркүйектің жиырма сегізінен бастап электрондық паспорт пен қауіпсіздік куәлігін беру тәртібі қатаңдатылған еді. Сырттай екі бөлек түзету сияқты көрінгенімен, түбінде бұл бір реформаның екі қадамы. Екеуінің де көздегені бір мақсат. Нарықты ретке келтіру, құжатты тазалау, жолдағы көліктің тарихын ашық ету.
Бұл өзгеріс құжат бетіндегі өзгеріс емес
Әр отбасының ауласындағы көлікке, баласын мектепке таситын әкенің алаңына, тұңғыш көлігін армандап жүрген жастың үмітіне қатысты шешім. Себебі Қазақстанда жылына бір миллионнан астам ескі көлік қолдан қолға өтсе, екі жүз отыз мың жаңа көлік сатып алынады. Соның жүз елу мыңы шеттен келеді. Әр көліктің артында бір әулеттің жиған тергені тұр. Сондықтан мемлекет алғашқы тіркеу алымын төлеу мерзімін өзгертті.
Енді Еуразиялық одаққа кірмейтін елдерден, яғни Қытайдан, Кореядан, Жапониядан, Еуропадан, Америкадан әкелінген жеңіл көлік үшін алым кеден машинаны еркін айналымға шығармай тұрып төленуі тиіс. Кім әкелді, сол жауап береді деген қағида.
Бұл есептің ашықтығын арттырады
Ал одақ елдерінен келетін көліктерге бұл норма қолданылмайды. Онда кедендік шекара жоқ, бақылау бұрынғыдай халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүргізіледі.Бұл техникалық өзгеріс қыркүйектің жиырма сегізіндегі үш талаппен толыға түседі.
Біріншіден, электрондық төлқұжат бес жастан аспаған көлікке ғана беріледі. Бұл ескіні емес, жаңаны мінгізейік деген саясат.
Екіншіден, бір адам жылына бір ғана төлқұжат ала алады.
Үшіншіден, төлқұжат иесі мен кедендегі өтініш беруші бір адам болуы шарт. Осы үш талап тоғысқанда тіркеу бір ізге түседі.
Электрондық төлқұжат дегеніміз не?
Бұл көліктің цифрлық жүрек соғысы. Онда көліктің сәйкестендіру нөмірі, шыққан жылы, қозғалтқыш көлемі, экологиялық санаты, кеденнен өткені, кепілде тұрғаны, жол апатына ұшырағаны туралы дерек жиналады.
Техпаспортты алу үшін осы төлқұжат міндетті. Бұл жүйе Ресейде екі мың он тоғызыншы жылдан бастап енгізілді. Екі мың жиырма үшінші жылдан бастап одақ ішінде шыққан көлікті тіркеу тек электрондық төлқұжат арқылы жүреді. Беларусьте де екі мың жиырма алтыншы жылдың қыркүйегінің жиырма бесінен бастап осындай тәртіп күшіне енді.
Бірақ біздегі бес жас және жылына бір көлік деген шектеу одақтың ортақ талабы емес. Бұл ішкі нарықты реттеу үшін қосымша қойылған шарт.
Бұл өзгерістердің көлеңкелі тұсы қандай және бағаға қанша әсер етеді?
Мамандар екі түрлі өсімді айтады.
Біріншісі, жеке арнамен келетін көліктің өзіндік құны он бес жиырма бес пайызға өседі. Бұрын жеке тұлға жеңілдетілген тарифпен өткізетін. Енді жылына бірден көп әкелетіндер заңды тұлға ретінде рәсімделуі керек. Сондықтан кеден, қосымша құн салығы, кәдеге жарату алымы, қауіпсіздік куәлігін алу шығыны қосылып, бұрын он бір миллионға келетін көлік он үш жарым он төрт миллионға шығады.
Екіншісі, ресми нарықта жанама өсім қаупі бар. Бәсеке азайған жерде бағаны түсіруге ынта азаяды. Сондықтан алдағы алты айда ресми дилерлерде сегіз он екі пайыздық өсім болуы мүмкін.
Автосарапшы Алексей Алексеевтің мысалы осыны ашық көрсетеді. Қытайда сегіз миллион теңге тұратын шағын кроссовер Қазақстандағы ресми дилерде он алты миллион. Кедені мен тасымалымен қосқанда он бір он екі миллионға шығады. Айырма төрт бес миллион. Бұл қарапайым отбасы үшін аз ақша емес. Бір жылдық азығы, баласының оқуы. Сондықтан адамдар кепілдіктен бас тартып, арзан арнаны іздеді.
Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоковтың мысалы да осыны дәлелдейді. Үш жыл бұрын Қытайдан он сегіз миллионға әкелген электрокар кейін ресмиде жиырма төрт миллион болған. Айырма отыз үш пайыз.
Кім қиналып қалуы мүмкін…
Бірінші, орта тап қиналуы мүмкін. Он он екі миллионға қолжетімді көлік алам деген отбасы енді он алты миллион төлеуі керек. Қалтасы көтермей, ескі көлік нарығына кетеді. Ал ол жақта сұраныс артса, баға тағы өседі.
Екінші, көлігі жолда қалып қойған азаматтар бар. Қыркүйектің жиырма сегізіне дейін ақшасын төлеп, көлігі кемеде келе жатқан екі үш мың адам бар деген болжам бар. Олардың көлігі аяқталмаған мәртебесімен тұрып қалуы мүмкін.
Үшінші, шағын кәсіпкерлерге салмақ түседі. Шеттен көлік әкеліп нәпақа тауып жүрген бес жүзге жуық шағын кәсіпкер жұмысын тоқтатуы немесе көлеңкеге кетуі мүмкін.
Дегенмен ұтатын тұсы да бар. Электрондық төлқұжат болғанда көліктің тарихы ашық болады. Ұрлықтағы, кепілдегі, апат көрген көлікті білмей сатып алып сан соғып қалу азаяды. Сынақ зертханалары көлікті шынымен тексеруге міндетті болады. Бұл жолдағы қауіпсіздік.Бұл логика нөмір сериялары мен тіркемеге қатысты түзетулерде де сақталған. Енді дипломатиялық көліктерге D және T, құрметті консулдарға HC, шетелдік компания филиалдарына M, шетелдің қатысуы бар заңды тұлғаларға H, C, L, P, J, K, S, Y, ал шетел азаматтарына F, T, A, G, I, N, R сериялары нақты бекітілді. D, T, HC серияларына арнайы мерзімді жапсырма енгізіліп, нөмірдің мерзімі сол жапсырманың мерзімімен шектелді.
Сөйтіп, алғашқы тіркеу алымын алдын ала төлету, электрондық төлқұжатты нақты тұлғаға бекіту және нөмір мен тіркемені есепке алу бәрі бір тізбектің буындары. Мемлекет үшін бұл ашықтықты арттыру қадамы. Ал қарапайым адам үшін баға мен таңдау мәселесі.Сондықтан келесі кезеңде үш нәрсе маңызды.
Бірінші, өтпелі кезеңде көлігі жолда қалған азаматтарға әділ шешім беру.
Екінші, нарықтан шыққысы келмейтін кәсіпкерлерге қарапайым салық жолын ашу.
Үшінші, ресми дилерлердің баға саясатын ашық бақылау. Осы үш теңгерім табылғанда ғана жаңа тәртіп орнығып, бюджет те, автопром да, ең бастысы қарапайым тұтынушы да ұтылмайды.