Лентаны ашсаң, алдыңнан той емес, зар шығады. Каспий нөмірі, «көмектесіңіздерші». Бұл контент емес, бұл – диагноз.

Мемлекет үлгермеген жерде халық бір-бірін көтеріп келеді. Ал осы жанашырлықтың көлеңкесінде басқа шындық өсіп жатыр.
Соңғы екі жылда ІІМ-ге арыз үш есе көбейді. Бір келіншек 12 баланың атынан 89 млн жинап алған. Жылына 40-50 млрд теңге жеке шоттарға «қайырымдылық» деп түседі. Есеп жоқ, салық жоқ.
Осыдан кейін сенім өлді
Міне, осы сенімнің өлуі үкіметті қимылдатты.Мәдениет министрлігі заң шығарған заңның формуласы қысқа: желіде ақша жинаған әр адам – волонтер. Волонтер болсаң – келісімшарт бар, есеп бар, жауапкершілік бар. Жәшікке пломба салынады, порталда бәрі көрінеді. Министрліктің сөзі – «Біз тыйып жатқан жоқпыз, тәртіпке салып жатырмыз». Тәртіп керек. Дау жоқ. Бірақ мұнда бір үлкен «бірақ» бар. Заң алаяқты азайтады.
Ал ауруды азайта ма?
Өйткені адамдар Каспийге той үшін шығып жатқан жоқ. Жиынның сексен пайызы – шетелде емделуге. Неге десеңіз, жауабы қарапайым: бізде ол ем жоқ. CAR-T терапиясы Түркияда – 120 мың доллар. МӘМС айтады: «Тізімде жоқ». «Қазақстан халқына» дейді: «Кезек бар». Ал дәрігер сыбырлайды: «Үлгеріңдер».
Осы жерден бәрі түсінікті. Орташа жалақы 350 мың теңге болған жерде бір химия 2 миллион болса, бір диагноз он жылдық табысты жұтып қояды. Сондықтан халық бір сағатта жинайды, министрлік үш айда жауап береді. Адам амалсыз елден тілейді.
Демек, мәселе Каспийде емес, жүйеде
Сондықтан тыйыммен зар бітпейді. Тыйым – қамшы. Бізге көпір керек.
Бірінші көпір – емді тегін ет. Шетелдегі қымбат отаны МӘМС жапса, сұраныстың сексен пайызы өзі жабылады.
Екінші көпір – ақшаны қолға берме. Kaspi-де «Адал жиын» болсын. Ақша науқастың қалтасына емес, тікелей клиниканың шотына түссін. Диагноз расталса ғана жиын ашылсын. Сонда алаяқ та жоқ, күдік те жоқ.
Үшінші көпір – көмектескенді жазалама. Кәсіпкер қайырымын салықтан шегерсе, ол жеке Каспийге емес, ресми қорға береді. Жанашырлық жазаланбайды, марапатталады.
Қорытынды бір-ақ: біз жылап ақша сұрағандықтан кедей емеспіз, кедей болғандықтан жылап сұраймыз. Сен Каспийді жапсаң, ісік жабылмайды. Сен жәшікке пломба салсаң, бала жазылмайды. Желідегі зарды тыйсаң – кедейлік кетпейді. Желіге зарлатпайтын жүйе жасасаң – зар өзі кетеді.