Яндекс Go-ның бір күндік ақауы Қазақстанның цифрлық тәуелділігінің бағасы қанша екенін көрсетті. Біз деректі елде сақтадық, бірақ нарықты сақтай алмадық. Неге отандық платформалар шетелдіктермен бәсекелесе алмайды және 3 жылдық салық каникулы бұл тізбекті үзе ала ма?

1. Не болды және неге бұл жай ғана техникалық ақау емес?
12 қазан таңертең Яндекс Go, Карталар, Лавка істемей қалды. Компания:
«Бір елдегі компоненттің ақауы басқа елге әсер етті», — деді.
Сол күні министрлік:
«Серверлер Қазақстанда және штаттық режимде. Бірақ платформа автономды емес, жекелеген компоненттер шетелде», — деп мәлімдеді.
Осы екі сөйлемнің арасындағы байланыс — бүкіл проблема. Біз сейфті үйге әкелдік, бірақ кілті сыртта қалды.Бірер сағат таксисіз қалу — жай қолайсыздық. Нағыз мәселе — басқада. Біздің күн сайын қайда баратынымыз, не жейтініміз, кіммен жүретініміз туралы бүкіл Big Data, және әр тапсырыстан түсетін комиссияның басым бөлігі — толық сыртқа тәуелді жүйеде өңделеді. Күніне 120-150 млн теңге таза комиссия сыртқа кетіп жатыр. Мұның аты — цифрлық және экономикалық бодандық.
Мұндай халге түскенімізге Яндекс кінәлі емес. Кез келген алпауыттың мақсаты — нарықты алу. Кінә — осы тәуелділікті біле тұра, жылдар бойы «отандық аналогтың қажеті жоқ, нарық өзі реттейді» деген саяси еріксіздікте.
Бұрынғы министр Бағдат Мусиннің тұсында бұл ұстаным мемлекеттік саясатқа айналды. Шетелдік платформаларға жасыл жарық беріліп, отандық әзірлемелерге «бәсекеге қабілетті емессіңдер» деген баға берілді.
Бүгінгі ақау — сол саясаттың заңды нәтижесі
Бұл техникалық тәуелділік неге экономикалық монополияға айналды? Тізбек қарапайым:
Логика сыртта → Шығынды көтере алады → Нарықты алады.Яндекстің миы — баға белгілейтін алгоритмі, картасы, фродқа қарсы жүйесі — Мәскеу мен Амстердамда дамиды. Ол 10 елден жинаған датамен оқиды. Ал біздің жергілікті ойыншы 1 ғана қаланың датасымен оқиды.
Миы сыртта дамығандықтан, оның өзіндік құны төмен. Ол 2016-2023 жылдары 45 млрд рубль шығынға жұмыс істеп, нарықты сатып алды. Біздің компания 19% кредитпен олай жасай алмайды. Нәтижесінде техникалық артықшылық экономикалық монополияға айналды: такси нарығының 80%-ы бір қолда. Ал 80% бір қолда болғанда, ақау техникалық емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналады.
Ал InDriver ше? Неге ол балама бола алмады?
Формально InDriver — отандық компания. Бірақ оның бизнес моделі 2000 жылдардың базар экономикасында қалып қойды: «бағаны жүргізуші мен жолаушы өзара келіседі». 21-ғасырда бұл модельдің сәтсіз екені дәлелденген. Apple-ді, Uber-ді, Яндексті алпауыт қылған принцип — «тұтынушы өзіне не керек екенін білмейді, ең ұтымды шешімді жүйе беруі керек» деген ұстаным.
Таксиде адамға саудаласу емес, 2 секундта әділ, алгоритм қойған баға және кепілдендірілген қауіпсіз сапар керек. Саудаласу — уақытты жеу, қауіпсіздікті түсіру, төлемді көлеңкеге кіргізу. Сондықтан InDriver саналы түрде болсын, амалсыздан болсын, Яндекс-пен тікелей технологиялық бәсекеден бас тартқан сияқты. Ол екінші орынның ойыншысы болып қалды. Ал бізге бірінші орынның ойыншысы керек.
Тізбекті қай жерден үзу керек?
Тыйым салу — тізбекті соңынан үзу. Ол халықтың ызасын тудырады. Дұрыс жері — ортасынан үзу: отандық ойыншының өзіндік құнын мемлекет есебінен түсіру. Ұсыныс: 3 жылдық цифрлық егемендік каникулы «Қазақстанда тіркелген, дерегі мен төлемі толық осында өңделетін, бенефициары Қазақстан резиденті» деген критерийге сай келетін жаңа буындағы платформаларға: 3 жылға КПН, ЖТС, ҚҚС — 0% Мемлекеттік тапсырыстарда басымдық Шетелдік агрегаторлардың комиссиясынан 3% алынып, осы қорға түсірілуі. Бұл не береді? Жергілікті компания 3 жыл бойы салық төлемей, сол ақшаны AI-ға, қауіпсіздікке, жүргізушіге жұмсайды. Яғни Яндекс 10 жыл бойы сырттан әкелген ақшамен жасаған демпингті, біз іштен теңестіреміз.
Бұл халықаралық заңға қайшы ма?
Егер «тек қазаққа берем» десең — қайшы. Бұл ДСҰ-ның National Treatment принципін бұзу.Егер «Қазақстанда тіркелген кез келген компанияға берем» десең — бұл инвестициялық ынталандыру. Astana Hub дәл осы принциппен жұмыс істеп тұр. Есік бәріне ашық, бірақ іс жүзінде бұл шарт отандыққа тиімді. Яндекс Қазақстан ЖШС-сы да барлық миын осында көшірсе, жеңілдікті ала алады. Қорытынды: Кілтті қайтару керекБасынан аяғына дейін бір сызық:
Логика сыртта → Шығынды көтере алады → Нарықты алды → Ақауы бүкіл елдің ақауына айналды + Ақшасы сыртқа кетті + Датасы сыртта өңделеді.
Министрліктің «серверлер штаттық» дегені — диагноз емес, симптом.Емі — логиканы да осында көшіруді талап ету және ол көшкенше, өзіміздің үшінші буындағы, бағаны саудамен емес, алгоритммен белгілейтін отандық платформамызды 3 жылдық каникулмен көтеріп алу.Осылай ғана келесі ақауда біз «сервер штаттық» деп емес, «қосымша жұмыс істеп тұр» деп айта аламыз.