Біз әдемі жазып жүрміз, бірақ Google бізді кеш оқиды, кейде мүлде оқи алмайды. Сондықтан сұрақты «Google бізді неге оқымайды?» деп емес, «Біз Google түсінетіндей жазып жүрміз бе?» деп қою керек. Журналистикаға ақындық керек емес, оған сауаттылық керек. Ақындық – сән, сауаттылық – нан. Сәнсіз өмір сүруге болады, нансыз – жоқ.

Неге кеш танылады?
- Себебі цифрлық ізіміз жұқа.Біріншіден, қор аз, тіл күрделі. Google жаттап алмайды, үйренеді. Ағылшын мен орыста триллион таңба бар, қазақшада – санаулы миллиард. Оның үстіне қазақ тілі – жалғамалы тіл. Баспасөз деген бір сөздің өзі баспасөзіміздегі, баспасөздеріңізден деп он құбылып кете береді. Робот үшін бұл – он бөлек сөз.
- Екіншіден, бір-бірімізге сілтеме жасамаймыз. Google қағидасы қарапайым: сілтеме бар жерде – маңызды дүние бар. Ал біз қазақша мақалаға сілтеме жасамаймыз, көбіне орыс дереккөзге сілтейміз. Салдарынан қазақша контент бір-бірімен байланыспай, шашырап қалады.
- Үшіншіден, сілтемесі бардың өзінде сайттарымыз Google-ға тым ауыр. Үш кеселі бар: карта жаңармаған, жүктемесі ауыр, коды жоқ. Егер сайт картасы (Sitemap.xml) жаңармаса, Googlebot жаңа мақаланы көрмейді. Егер бет 2 МБ-тан асса, бот оны ортасынан қиып кетеді. Ал ішкі коды (Schema markup) болмаса, кім жазды, қашан шықты – дегенді ажырата алмайды.
- Төртіншіден, жолды кезінде өзіміз жауып алдық. 2011 жылы .kz домен сервері Қазақстанда болсын деген талап күшейді. Сол кезде Google-дің аға вице-президенті Билл Кугрен былай деп жауап берді:«If we were to operate google.kz only via servers located inside Kazakhstan, we would be helping to create a fractured Internet» – яғни, біз google.kz-ті тек Қазақстандағы серверге көшірсек, бөлшектенген интернетке жол ашамыз.Осы шешімнен кейін google.kz ресми түрде жабылды.
Салдары ауыр болды – қазақ тілі Google Translate-ке 2014 жылы ғана қосылды. Арадағы үш жылжы жоғалтып алдық.
Google үшін не маңызды – жылдамдық па, сапа ма?
Мұнда екі түрлі ереже бар. Егер бұл жаңалық болса, Google үшін жылдамдық шешеді. Ғылымда бұл QDF деп аталады – алғашқы 15 минутта кім шығарды, соны жоғары қояды.Ал егер бұл сараптама болса, Google үшін сапа шешеді. Ғылымда бұл E-E-A-T деп аталады – тәжірибесің бар ма, сарапшысың ба, беделің бар ма, саған сенуге бола ма. Яғни, жаңалықта кешікпеу керек, сараптамада – қателеспеу керек.
Сонда Google қандай тілді жақсы көреді?
Өте қарапайым төрт талабы бар: Әдеби емес, анық бол: «Үкімет утильалымды 50% төмендетті «Ұзын емес, қысқа жаз: Кім? Не істеді? Қашан?
Синоним емес, бір терминді ұста: бір ұғымға – бір атау. Көсемсөз емес, нақты сан бер.
Бұл мәселені кім көтеріп келеді?
Бәріміз. Бұл енді бір журналистің шағымы емес, мемлекеттің міндеті.
Президент бағыт берді.
10 ақпан 2026 жылы Президент Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында KazLLM-ге көңілі толмайтынын ашық айтты. «Қазақша модельді кім қолданып жатыр?» деп тура сұрады. Бұл – қазақ тілін роботқа үйрету енді Ақорданың бақылауында деген сөз.
Бұдан шығатын өткел: Президент мәселені көтерді, енді оны жүзеге асыратын – Үкімет.
Министр жол салып жатыр
Жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев 2 қазан 2026 күні былай деді: «Қазақстан AI-экономиканың барлық 5 деңгейін өзі салады». Бұл нені білдіреді? Бұрын біз тек заң жазып қоятынбыз. Енді мемлекет бес деңгейді түгел өзі салады: жарығы, темірі (чип), бұлты, миы (KazLLM) және дайын өнімі. Министрдің өзі атап өтті: ең үлкен пайда – дайын өнімде, яғни қазақша сөйлейтін нақты дүние жасағанда.
Бұдан шығатын өткел: Мемлекет жолын салып жатыр. Ал жолға төселетін кірпішті кім қалайды? Қоғам.
Қоғам кірпішін қалап келеді
Бұл жолды 2011 жылдан бері жалғыз салып келе жатқан – Рауан Кенжеханұлы. Ол WikiBilim қорын құрып, қазақша Уикипедияны 7 мың мақаладан 200 мыңға жеткізді. Бастапқыда оны 4 адам ғана жазатын. Мақсаты бір-ақ нәрсе болған: «интернетте қазақша сапалы ақпарат көбейсін».
Сол еңбегінің арқасында Google 2013 жылы қазақ тілін байқады. Қазір сол қоғам OpenAI-мен бірге 14 млрд сөз және 12 мың сағат дауыс жинап жатыр. Бұл – ертеңгі қазақша ChatGPT-нің іргетасы.
Түйін:
Google қазақшаны кеш оқымайды, кеш таниды. Танылудың жолы – бәріміз салатын із. Президент бағыт беріп, министр жол салып, қоғам қор жинап, журналист анық жазғанда ғана із түседі. Із болмаса, танылмайсың.