Қазақстанда жылына 3000-ға жуық адам мемлекеттік орден-медаль алады. Оның ең қымбаты алтын мен гауһардан құйылады, ең пайдалысы өмір бойы жәрдемақы әкеледі, ал ең жоғарысы Алматыдағы Кеңсайдан тегін орын береді. Бірақ марапат көп берілген соң, қадірі кетіп барады.

Елдегі орден жүйесін қалай оңтайландыру керек?
Мемлекеттік наградаларды Өскемендегі Қазақстан теңге сарайы жасайды. Шығын екіге бөлінеді.Біріншісі – тікелей өндіріс. Нағыз орден арзан темірден жасалмайды. Алтын, күміс, жез, ыстық эмаль қолданылады. Бір ғана мерекеде 2000-нан астам адам марапатталады. Жылына 3-4 науқан болады. Тек дайындаудың өзіне бюджеттен ондаған миллион теңге кетеді.
Екіншісі – көлеңкелі нарық
Мемлекеттік марапаттан бөлек, елде «қоғамдық орден» деген бизнес пайда болды. Жекеменшік қорлар өздері медаль ойлап тауып, 10 мыңнан жүздеген мың теңгеге сатады. Бюджетке қатысы жоқ, бірақ нағыз марапаттың беделін түсіріп отыр.
Ақшалай сыйақысы бар ма?
Иә, бірақ бәрінде емес.Өмірлік төлемі бар атақтар: «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері»: Бірден 200 АЕК көлемінде сыйақы, одан кейін ай сайын арнайы мемлекеттік жәрдемақы, коммуналдық және салықтық жеңілдіктер. «Алтын алқа», «Күміс алқа»: Көпбалалы аналарға – өмір бойы ай сайын жәрдемақы.Ақшасы жоқ, тек абыройы бар марапаттар: «Конституцияға 30 жыл», «Теңгеге 30 жыл» сияқты мерейтойлық медальдар. Ішінде ақша жоқ, тек моральдық марапат.
Ең қымбат орден мен ең қымбат медаль
Ең қымбат орден – «Алтын Қыран». Таза алтыннан құйылады, айналасы гауһар және лағыл тастармен көмкерілген. Тек материалының өзіндік құны бірнеше миллион теңге. Елде санаулы адамда ғана бар. Ең қымбат медаль – Олимпиада алтыны. Дайындалуы емес, мемлекет беретін сыйақысы жағынан. Қазақстан Олимпиада чемпионына 250 000 АҚШ доллары береді. Бұл – әлемдегі ең жомарт 5 елдің қатары. Оған қоса пәтер, көлік. Бір медальдің бюджетке салмағы – 120-150 миллион теңге.
Қазақстан әлемде нешінші орында? Орденнен бас тартқан ел бар ма?
Біз жан басына шаққанда көп марапат беретін елдер қатарындамыз. Ұлыбритания жылына 2000-2400 адамды марапаттаса (халқы 67 млн), бізде 2500-3500 адам (халқы 20 млн).Әлемде кері тренд бар.
Швейцария – орденсіз жалғыз ел. Конституциясының 12-бабы бойынша «азамат ешқандай орден, атақ ала алмайды». Себебі – барлық азамат тең.Швеция – 48 жыл орден бермей қойған. 1975 жылы «орден – монархияның сарқыншағы» деп тоқтатқан. Тек 2023 жылы қайта жандандырды.
Түйін: Әлем марапатты азайтып, құнын арттыруға көшіп жатыр.5. Ең тұрмыстық пайдасы: Кеңсайда тегін жерлену үшін қандай атақ керек? Алматыда кез-келген зиратта жердің өзі тегін. Ақша – қабір қазуға кетеді. Ал Кеңсай – кім болса сол жерлене бермейтін құрметті пантеон.Кеңсай-1 жабық. Кеңсай-2-де Қонаев, Момышұлы, Бағланова, Мақатаев жатыр.
Кеңсай деңгейіне жеткізетін марапаттар
«Халық қаһарманы» және «Қазақстанның Еңбек Ері» – ең төте жол. Автоматты түрде пантеонға ұсынылады, жерлеу шығынын мемлекет көтереді.
«Алтын Қыран» және «Отан» ордендері Кеңестік жоғары атақтар – Кеңес Одағының Батыры, Социалистік Еңбек Ері Ардагерлер туралы заңда да осы санатқа «тегін жерлеу, әскери құрмет және құлпытас» кепілдендірілген.
Ал мыналар Кеңсайға жеткізбейді:
«Парасат», «Құрмет», «Достық», «Барыс» ордендері, «Ерен еңбегі үшін» медальдары және барлық мерейтойлық медальдар.
Қайтсек марапаттың салмағы артады?
Қазіргі жүйенің 3 ауруы бар: инфляция (өте көп беріледі), сегмент жоқ (кімге не берілетіні аралас), құны жоқ.
Не істеу керек?
- Сегменттеу және қысқарту:1-деңгей (жоғары): Халық қаһарманы, Еңбек Ері, Алтын Қыран, Отан – жылына 10-20 адамнан асырмау.
- 2-деңгей (салалық): Парасат, Құрметті – тек ғалымға, ұстазға, дәрігерге беру, шенеунікке емес. Барыс, Достықты – тек шетел азаматтарына.3-деңгей (алып тастау): Мерейтойлық медальдарды толық алып тастау. Оның орнына Алғыс хат жетеді.
- Квота енгізу. Әр орденге жылдық лимит қою. Аз берсең – қадірі артады.3. Ашық реестр.
- Кім, не үшін орден алғанын eGov-та ашық жариялау.
- Ашықтық – салмақ.
- Қоғамдық орденге тыйым. Мемлекеттік наградаға ұқсас бұйым жасап, сатуға заңмен тыйым салу.
- Мәртебелік жеңілдік. Ақша емес, құрмет беру. Мысалы, Халық қаһарманына – өмір бойы дипломатиялық паспорт, пантеоннан орын. Бұл – ақшадан қымбат.
Қорытынды:
Бізде 30-дан астам орден-медаль бар. Оны 12-ге дейін қысқартып, квота қойып, ашық етсек, салмағы бірден өседі. Әйтпесе, «бәрі орденді болса, ордені жоқтың қадірі не?» деген күйге жетеміз.