55 жасында орденге ұсынылған Меруерт Түсіпбаеваны «лайықсыз» деп бір адам сызып тастады. Ал 30 жыл бойы «Қилы кезеңді» түсірген Асылхан Мамашұлы марапатқа мүлде ұсынылмады. Екеуінің айырмасы – бірі сахнада, бірі архивте. Бірақ екеуінің де тағдырын шешетін – 4-қабаттағы бір ғана снайпер. Бұл – жай ғана екі адамның реніші емес. Бұл – мемлекеттік марапаттың қалай үлестірілетінін көрсететін диагноз.
ЗАҢДА НЕ ЖАЗЫЛҒАН?
«Мемлекеттік наградалар туралы» Заңда бар болғаны бір сөйлем бар: «Жемісті еңбегі үшін беріледі». Қанша жыл істеу керек? 2 жыл ма, 30 жыл ма? – жазылмаған. Ал келесі марапатқа 5 жылдан кейін ғана ұсынылады деген норма бар. Яғни, алғашқы марапатқа ешқандай шек жоқ. Осы тесікті пайдаланады снайперлер.
СНАЙПЕРЛЕР ҚАЙДА ОТЫР?
1-деңгей: Мекеме ішінде. Сенің өз ұжымың. 30 жылдық журналистің мінездемесін «үлгермедік» деп ұстап қалады, 2 жылдық танысының құжатын 1 күнде жібереді.
2-деңгей: Министрлік пен әкімдікте. Бір мерекеде 200 құжат келеді. Тізімді кімнің ағасы, кімнің досы екеніне қарап сұрыптайды. Аудандық қазақ газетінің хаты ең астында қалады.3-деңгей: Ақордадағы Комиссия. Ең жабық жер. Хаттамасы жарияланбайды. «Лайықсыз» деп сызуға құқығы бар, бірақ неге лайықсыз екенін дәлелдемейді. Меруертті сызған адам – осы деңгейде отыр.4-деңгей: Шудан қорқатын снайпер. Әлеуметтік желі шуласа ғана марапатты қайтарып алады.
НЕГЕ АСЫЛХАН МАМАШҰЛЫ ҚҰЛАДЫ?
Асылхан Мамашұлы – журналист, документалист, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, «Қилы кезең» жобасының авторы.Ол – 30 жыл тер төккендердің символы. Алашты, Желтоқсанды, репрессияны көтерген. Бірақ ол мемлекеттік арнада емес, тәуелсіз жобада. Ол мақтамайды, ол шындықты қазады. Сондықтан оны ұсынатын – тек Журналистер одағы. Ал Одақтың дауысы министрліктің дауысынан әлсіз.Ол құласа, ешкім білмейді. Өйткені оның артында лобби жоқ. Ал 2 жылда хит шығарған әншінің артында – продюсер, министрлік, әкімдік бар.
БҰЛ ҚҰЛДЫҚ САНА МА?
Жоқ. Бұл – ресурс үлестіру. Бізде жер, тендер, лицензия қалай үлестірілсе, орден де солай үлестіріледі. «Өзіміздің адамдарға» принципімен.Қазақ тілді қоғам неге күреседі? Өйткені қазақ тілді контент көбіне сыни, тәуелсіз. Ал марапат – жүйені мадақтаған адамға беріледі. Жазылмаған ереже: «Сын айтқанға төсбелгі емес, ескерту беріледі».
НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Комиссия хаттамасын ашық жариялау. Кім кімді сызды – аты-жөнімен.Нақты критерий енгізу: «Құрмет» орденіне – кемінде 10 жыл стаж. Асылханның құлағаны – сол жүйенің құрбаны.Марапатты халық емес, снайперлер беріп тұрғанда, 30 жылдықтар тасада қала береді.