Өткен аптада біз Абайды Қаскеленге дейін созуды ұсындық. Бұл – әлі салынған жоқ, тек идея.

Бірақ дәл осы идея Алматының ең үлкен жұмбағын ашып берді: қалаға күніне 300 мың көлік кіріп, ішінде 1 млн көлік айналса, неге батыс қақпа тығындалып, шығыс қақпа ұмыт қалып тұр? Жауап – екі қақпа екі түрлі ауырады. Қаскелен – батыс қақпа. Бар жолдың өзі тарлық етіп тұр. Бұл – Алматының ең ауыр қақпасы. Күніне 60 мың көлік жүретін Алматы – Қаскелен жолы қазір 4 жолақтан 8 жолаққа кеңейтіліп жатыр. Жоба құны бекітілген, мердігер жұмысы басталды, 2027 жылдың желтоқсанында бітеді деп отыр. Ішінде 2 развязка, 9 жер үсті өткелі бар. Бірақ батыстың проблемасы кеңдікте ғана емес. Төле бидің астында ғана 375 желі жатыр, тек соны көшіруге 61,4 млрд теңге кетеді деген есеп бар.
Сондықтан Абайды үлкен Алматы айналма жолына дейнігі і 3,2 шақырымының өзі жылдарға созылып, 82 жердің 71-і енді ғана сатып алынды. Ал біз ұсынған Абайды Қаскеленге дейінгі 3,4 шақырым – келесі қадам. Қала әкімі Дархан Сатыбалдының өзі «бұл Президенттің тапсырмасы» деп жүр. Логикасы – ағынды сұрыптау.
Райымбек – транзит пен ауыр жүкке, Жандосов – Қаскелен, Шамалған бағытындағы автобустарға, Абай – жеңіл көлік пен болашақ BRT-ға.
«Алматы Бас Жоспар» институтының моделі бойынша, осылай бөлгенде таңғы-кешкі пик 30-40%-ға жеңілдейді. Сондықтан Қаскелен – кеңейту арқылы сұрыптау мәселесі.
Бұл тұста урбанист Марат Балегереевтің сөзі орынды: «Алматыдағы кептелістің ең негізгі себебі – қаланың тартымды болуы. Қала өсіп, халықтың әлеуеті де артып келеді». Оның айтуынша, мұндай ауқымды жұмыс үйлесімді жұмыс пен шыдамдылықты талап етеді. Қаскеленде Апорттан Қаскелеңге дейін асфальт алынып, кеңейту басталғанда халық сағаттап тұрып қалғаны – соның дәлелі. Ал шығысқа бұрылсаң – Талғар. Мұнда керісінше, жолдың өзі жоқ. Талғарда 65 мыңнан астам адам тұрады, көбі Алматыда жұмыс істейді. 30 шақырымды 1,5-3 сағатта жүреді.
Себебі Талғар тракты әлі 2 жолақты, бордюры, тротуары жоқ, өткізу қабілеті 2018 жылы 20 мың көлік деп бағаланған. Қазір қарқындылық 3 есе өскен, бірақ жол сол күйі. Бесағаш, Тұздыбастау, Белбұлақ – бәрі бір арнаға құйылады. Үкімет енді ғана қимылдады. Бірінші вице-премьер Нұрлыбек Нәлібаевтың басшылығымен үш жоба бірге қаралып жатыр: Алматы – Бішкек 7 шақырым 4-тен 8 жолаққа, Алматы – Қаскелен 8 шақырым 4-тен 8 жолаққа, ал Алматы – Талғар 8 шақырым 4 жолаққа.
Қаскеленде 8 жолақ салынып жатса, Талғарда әлі 4 жолаққа әрең шығып жатыр. Жыл соңына дейін басталады деген жоспарда тұр. Бірақ Талғардың ең үлкен айырмасы – жолда емес, қалада. 600 гектарға 180 мың адамдық Talgar Eco City салынады деп жатыр, инвестициясы – 14 млрд доллар. Мақсат – адамды күнде Алматыға тасымай, жұмысты Талғарға апару.
Сонда екі қақпаның айырмасы неде?
Қаскелен – бүгінгі кептелісті шешу. Бар жолды кеңейтіп, ағынды сұрыптап, батысты босату. Талғар – ертеңгі көші-қонды тоқтату. Жоқ жолды салып, жаңа өмір әкеліп, шығысты ұстап қалу.
Екеуі де Тоқаевтың Ұлттық қордан қаржыландырылып жатқан агломерациялық реформасында бар. 2026 жылы 1,5 трлн теңге бөлінді, 2029 жылға дейін 6,5 трлн-ға жетеді делінген. Біреуі – тарлықты кеңейту, екіншісі – бос жерді толтыру.
Біздің Абайды Қаскеленге созу туралы ұсынысымыз осы екі қақпаның арасындағы көпір еді. Батысты сұрыптамай, шығысты ұстай алмаймыз.
ТҮЙІН:
Алматы-Талғар жолының мүмкіндігі шектеулі ғана емес, таусылған. 2 жолақ, 20 мыңдық лимит, 30 шақырымға 3 сағат – бұл жол емес, тығырық. Сондықтан Талғар қақпасы – жай кеңейту емес, жаңа жол және жаңа қала салу мәселесі. Қаскеленде бар жолды сұрыптаймыз, Талғарда жоқ жолды саламыз. Екеуі қатар ашылмай, Алматы босамайды.