Ердоған Тоқаевқа сәлемін 10 мың метр биіктен, Қазақстан аспанында ұшып бара жатып жолдады. Бұл – кездейсоқ емес.

Кеше бір рейсте екі хат жолданды.Түсте – Әзірбайжан аспанында. Түрік басылымдарының (APA агенттігі) жазуынша, Ердоған мінген ұшақтың ұшқышы Баку диспетчерімен байланысқа шығып, Ильхам Әлиевке 8 қараша – Жеңіс күніне орай құттықтау жеткізген.
Кешке қарай – Қазақстан аспанында. Президенттің Баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың мәлімдеуінше, Ердоған Тоқаевқа жеделхат жолдаған. Онда:
«Тарихи атамекеніміз – бауырлас Қазақстанның үстінен ұшып барамын», – делінген.
Ұшақ дипломатиясы деген не?
Дипломатияда Air Diplomacy деген ұғым бар. Көшбасшы дос елінің аспанына кіргенде, міндетті түрде сәлем жолдайды. Мәнісі – «Сенің көгің – менің көгім». Ердоған бұл дәстүрді үш сатыға көтерді: Қаруласқа – жеңіс тіледі. Әлиевке 8 қарашаны еске салды.
Төркінге – тамырды еске салды. Тоқаевқа «атамекен» деді.
Бір рейсте – екі елге белгі берді. Кореяға бара жатып, алдымен Кавказды, сосын Ұлы Даланы басып өтті. Бұл жай хат емес, саяси ишара. 28-30 қазанда Тоқаев Анкарада болған ТМҰ саммитінен кейінгі үшінші сәлемі. Саяси сарапшылар Ердоғанның бұл әрекетін «ұшақ дипломатиясының» (board diplomacy) ерекше және тиімді элементі ретінде бағалайды. Ол ресми кездесулерден тыс уақытта да бауырлас елдердің басшыларымен сенімді әрі жылы қарым-қатынасты үзбейтінін жаһандық қауымдастыққа паш етті.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл құрметке өзінің Х (бұрынғы Twitter) желісіндегі парақшасында ризашылық білдіріп, елдер арасындағы стратегиялық серіктестіктің нығая беретініне сенім білдірді. Әлемде бұл – қалыптасқан авиациялық хаттама. Алайда Ердоған оны Түркі әлеміне арналған саяси дәстүрге айналдырды.